Өткен жұма күні Татарстан астанасында БРИКС+ елдері қалаларының халықаралық форумы өтті. Форумның басты мақсаты – БРИКС+ елдерінің қалалары мен муниципалитеттері қауымдастығының бірінші құрылтай жиналысын өткізу. Оған әлемнің 20 елінен 200-ден астам өкіл жиналды. Қазақстандық делегация құрамында Түркістан және Қызылорда облыстарының басшылары Дархан Сатыбалды мен Нұрлыбек Нәлібаев, Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет және Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Бәйкен болды.
Маңызды келіссөз жүргізді
Қазан қаласындағы форумға Үкімет делегациясы құрамында арнайы барған облыс әкімі Дархан Сатыбалды Татарстан Республикасының төрағасы Рустам Миннихановпен кездесті. Түркістанның Түркі әлемінде өзіндік орны бар рухани орталық екенін айтқан облыс әкімі аймақтың индустриалды әлеуеті мен инвесторларға жасалатын жеңілдіктер жөнінде баяндады. Сондай-ақ, сауда-экономикалық байланысты нығайту, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы мен ІТ саласында тәжірибе алмасу және өзге де мәселелер талқыланып, өзара әріптестікті нығайту жөнінде келісімге қол жеткізілді. Өзара серіктестік меморандумына қол қойылды.
Татарстан басшысы өз кезегінде екі елдің рухани байланысы тереңде екеніне тоқталып, сауда мен экономикалық байланыстарды тереңдете түсуге мүдделі екенін жеткізді. Қазақстандық делегацияға құрмет көрсетіп, меймандостық танытты.
Сапар барысында облыс әкімі Қазандағы әйгілі «Кул Шариф» мешітінде болды. Одан кейін «Ак Барс» спорт кешенінде балуандар бәсекесін тамашалады.
Бұдан кейін қазақстандық делегация Татарстандағы өндіріс орындарын аралап, бірқатар кәсіпорын жұмысымен танысты. Сапардың негізгі мақсаты – екі жақты байланыстарды нығайту, серіктестік қатынастарды кеңейту, ынтымақтастықты дамыту. Сондай- ақ, өңірге инвестиция тарту, өндіріс, ауыл шаруашылығы мен ІТ салаларында тәжірибе алмасу.
Өндіріс орындарымен танысты
Облыс делегациясы алдымен «Химград» технополисі – заманауи индустриалды химиялық паркінде болды. Ондағы өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Заманауи индустриалды химиялық парк жекешелік-мемлекеттік қағидаты бойынша жұмыс істейді. 2007-2023 жылдар аралығында мемлекеттік инвестицияның көлемі 2,4 миллиард рубльді құраған. Бюджет қаражаты инфрақұрылыммен қамтуға бағытталады. Мұнда жеке инвестициялық жобалар жүзеге асады, оның жалпы көлемі 25,2 млрд. рубльден асқан. Технополис аумағында орналасқан 400-ге жуық компанияда 10 558 адам жұмыс істейді.
Өндіріс аумағының жалпы ауданы 130 гектар. Ол толығымен инфрақұрылыммен қамтылған, 3 мың шақырымнан асатын теміржолы да бар. Онда химия, полимерлерді қайта өңдеу, нанотехнология, биотехнология, ресурс үнемдеу, энергия тиімділігі, медициналық технологиялар салалары бойынша жобалар жүзеге асқан.
Жұмыс тобы сонымен қатар Башир Рамеев атындағы ІТ паркке барды. Парк базасында коворкинг, цифрлық кітапхана, балалар технопаркі, стартап хаб, киберпарк аренасы және тағы басқа жобалар бар. Жалпы, мұнда 10 жылдан астам уақыт ішінде 700-ден астам жоба дүниеге келген. «Компьютер атасы» атанған кеңестік ғалым-өнертапқыш атындағы кешеннің резиденттері ІТ саласы бойынша әлемдегі ең беделді байқауларда топ жарып жүр.
Цифрлы әлем адамның күнделікті өмірін өзгертуге, өмір сапасын жақсартуға көмектеседі. Дәл осы саланы дамытуға бағытталған «21 мектеп» орталығы осы нарыққа маман даярлайды.
Облыс әкімі бастаған делегацияға онда жаңа мүмкіндіктер мен саланы дамыту бағыттары таныстырылды. Заман талабына сай қазіргі таңда әлем бойынша ІТ саласына сұраныс артуда. Біздің облыста да IT секторын дамыту үшін белсенді жұмыс атқарылып жатыр. Әсіресе, ауыл шаруашылығындағы озық технологиялар мен жобаларға басымдық берілген.
IT саласын дамытуға ден қойылған
Жұмыс сапары аясында облыс әкімі бастаған делегация Иннополис қаласына барды. Онда қала мэрі Дмитрий Вандюковпен және университет директорының орынбасары Искандер Бариевпен кездесіп, заманауи білім ордасымен танысты.
Кездесуде ғылым мен IT технологияларды дамыту, жасанды интеллект пен робототехника салаларындағы және инновациялық аумақ құрудағы тәжірибемен бөлісу мәселесі талқыланды.
Айта кетейік, Иннополис университеті ақпараттық технологиялар және робототехника саласындағы білім беру мен зерттеулерге маманданған жоғары білім беру ұйымы. Заманауи ЖОО-да барлық академиялық бағдарламалар ағылшын тілінде жүргізіледі, ал, мамандықтар ақпараттық технологиялармен тығыз байланысты. Университет Ресейдегі 300-дей жетекші IT-компаниямен біріккен 17 зертханасы мен 9 даму орталығы бар ірі ғылыми орталық.
Сондай-ақ, сапар барысында өңір делегациясы «Иннополис» арнайы экономикалық аймағымен танысты. Бұл озық инновациялық шешімдер әзірленетін және коммерцияланатын аймақ. АЭА технопарк кеңселері мен даму орталықтары бар заманауи, көп функционалды кешен. Мұнда IT компанияларының дамуына барлық қолайлы жағдайлар жасалған, жаңа перспективалы жобалар да, ірі ресейлік және халықаралық IT-компаниялар да шоғырланған. АЭА алаңдарының жалпы аумағы 311 гектар.
Инновациялар мен технологиялық бағыттарды ынталандыруда IT-стартаптарды құру және қолдау да маңызды рөл атқарады. Осыған орай, тәжірибе алмасу мақсатында делегация Башир Рамеев атындағы ІТ-паркке арнайы барды. Парк базасында коворкинг, цифрлық кітапхана, балалар технопаркі, стартап хаб, киберпарк аренасы және т.б. бар.
Иннополис – Қазан қаласы агломерациясы аумағында тұрғызылған заманауи қала. Онда Иннополис университеті мен «Иннополис» ерекше экономикалық аумағы бар. Мәскеу жанындағы Сколково және Новосібірдегі Кольцово аумақтарымен қатар, Ресейдегі IT технологияларды дамыту мақсатында тұрғызылған ғылыми- өндірістік аумақтардың бірі.
Мемлекет басшысының елімізді жаһандық цифрлық технология орталығы ретіндегі орнын нығайту туралы тапсырмасын жүзеге асыру бағытында біздің облыста IT секторын дамыту бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл ретте Татарстан сапары ақпараттық технологиялар саласындағы мүмкіндіктерді кеңейту жолындағы маңызды қадам болмақ.