Мемлекет басшысының Жолдауы заманға сай, азаматтық қоғамның сұраныстарына жауап беретін стратегиялық бағыттарды айқындайтын маңызды құжат. Себебі ол ел азаматтарының әл-ауқатын арттырумен байланысты өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Елбасының кемел саясатының арқасында Қазақстанда әлеуметтік мемлекеттің берік негізі қаланды. Осы орайда азаматтық қоғам қалыптасуы қалай дамыды сол жайлы толығырақ баяндасақ.
Қазіргі заманда мемлекеттердің саясаты дүниежүзілік бірлікке, одаққа бет бұруда. Бұл объективтік прогрестік құбылыс. Глобальдық проблемаларды шешуге қолайлы жағдай қалыптасуы мүмкін. Сонымен, қоғамның саяси жүйесі – мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, еңбек ұжымдарының бірігіп, елдің саяси өміріне кірісіп, қоғамды дамытуға, нығайтуға үлес қосуы. Саяси жүйенің төрт бағыты болады: — институционалдық – мемлекет, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар бірігіп қоғамның саяси жүйесін құрайды; — реттеуші – құқық, саяси нормалар, әдет-ғұрып, мораль т.б.; — функционалдық – саяси әрекеттің тәсілдері, саяси жүйе; — идеологиялық – саяси сана, қоғамдағы үстемдік идеология. Саяси жүйенің негізгі элементтері: саяси және құқықтық нормалар, саяси құрылыс, саяси іс-әрекет, саяси сана және саяси мәдениет. Енді осы элементтерге толық түсінік берейік. 1) Саяси іс-әрекет және құқықтық нормалар – қалыптасқан немесе қабылданған тәртіп ережелері, саяси қатынастарды реттейтін тәсілдері, қоғамдағы конституция, кодекстер, ережелер, партиялардың бағдарламалары, саяси әдет-ғұрып т.б. Саяси нормаларды, сол арқылы өмірге келетін қатынастарды – саяси институттар деп атайды. Идеяның даму процесі арқылы нормаға, тәртіптің ережелеріне айналуы, содан кейін саяси ұйымдардың қағидасына айналуын институционализация деп атайды. Осылай қоғамның болашақ саяси ұйымының элементтері қалыптаса бастайды. Саясат пен институционализацияның байланысы шектеулі, оның сан қырлы саяси іс-әрекеттері тек ұйымдық нысандарында ғана байқалады. 2) Саяси құрылыс – қоғамдағы саяси, мемлекеттік ұйымдардың, институттардың, мекемелердің және олардың арақатынасының жиынтығы. Бұл құрылыс адамдардың арасында саяси қатынастың тұрақты қалыптасқанын көрсетеді. 3) Саяси іс-әрекет – қоғамдағы саяси билікті дамыту және қорғау үшін бағытталған адамдардың әр түрлі іс-әрекеттері. Бұл әрекет әр түрлі деңгейде жүргізіледі: белсенді, сылбыр, енжар, тұрақты, нәтижелі т.б. 4) Саяси сана – адамдардың сан қырлы рухани сана-сезімін қоғамдағы саяси билікті қолдап, адамдардың іс-әрекетін саяси қатынастарды дамытып, нығайтуға бағыттау. Саяси санада екі түрлі бағыт болуға тиіс: концептуалдық – саяси теория, доктрина, ілім, бағдарлама; күнделікті – ой-пікір, әдет-ғұрып, мораль, тәртіп. 5) Саяси мәдениет – қоғамдағы саясатты, саяси қатынастарды реттеп-басқару үшін қалыптасқан рухани құндылықтардың, саяси идеяның, сенімнің, символдың жиынтығы. Саясатта бірлік, дербестік тек адамдардың рухани байланысы арқылы болады. 6) Саяси жүйенің ең күрделі, ең маңызды элементі – мемлекет. Саяси жүйенің қоғамды басқарудағы ең орталық буыны – мемлекет. Біріншіден, ол саяси жүйенің билігін, мүдде-мақсатын іске асыратын ең негізгі аппараты. Екіншіден, мемлекет саяси жүйенің барлық элементтерін біріктіріп, саяси функция арқылы қоғамның игілікті құндылықтарын әділетті болу процесін басқарып отырады. Бұл процесті басқару, бақылап отыру дегеніміз – қоғамдағы қарым-қатынастарды, олардың өзара байланысын реттеп отыру, тұрақты, жақсы дамуын қамтамасыз ету. Жоғарыда көрсетілген саяси жүйенің элементтерінің даму процесінен қоғамда әр түрлі саяси жүйелер қалыптасады: әкімшілік, жарыстық, әділетті-бірлік жүйелері. Қоғамның жақсы-жаман дамуын осы жүйелер шешеді, соған сәйкес саяси жүйе әр түрлері қалыптасып жатады. 1) Формациялық саяси жүйелері – құл иелену, феодалдық, буржуазиялық, социалистік формацияларының саяси жүйелері. 2) Авторитарлық саяси жүйелер – тоталитарлық, партократтық, деспотиялық, фашистік т.б. саяси жүйелер. 3) Демократиялық саяси жүйелер – либерал-демократиялық, халықтық-демократиялық, социал-демократиялық т.б. 4) Прогрестік, реформаторлық, консервативтік, реакцияшыл т.б. саяси жүйелер. Қоғамның саяси жүйесінің даму заңдылықтары. Қоғамның мүдде-мақсаты объективтік тұрғыдан қалыптасады. Ол мүдде-мақсатты іске асыратын, орындайтын күштер субъективтік жолмен қалыптасып, жұмысқа кіріседі. Олардың ішінде ең негізгі басқарушы, ұйымдастырушы, реттеуші, шешуші күш – саяси жүйе, одан кейін мемлекет. Субъективтік күштердің дамуының негізгі шешуші себептері сол күштердің (мемлекет, қоғамдық ұйымдар, бірлестіктер, одақтар, еңбек ұжымдары, саяси ағымдар, партиялар т.б.) арасындағы үзіліссіз дамып жататын қайшылықтар.
Қоғамның даму процесінде бұл қайшылықтар өмір тәжірибесінен өтіп, шыңдалып дұрыс саяси жүйесін қалыптастыруға, дамытуға зор үлес қосып отырады. Бұл субъективтік қайшылықта екі жақгы субъектілер болады. Оларда қоғамның мүдде-мақсатын іске асыру стратегиясы бірдей, ал тактикасы – әр түрлі болады. Осы әр түрлі тактикалардың арасындағы үзіліссіз қайшылықтар субъективтік күштерге нәр беріп, саяси жүйені дұрыс қалыптастыруға, дамытуға шешуші ықпал жасап отырады. Соның нәтижесінде қоғамда демократиялық бағытта әділетті саяси жүйе қалыптасып, оның негізгі мазмұны мемлекеттің конституциясына, құқықтық нормаларына кіріп, саяси жүйенің даму заңдылықтарына айналады, оның түрлері: таптық, топтық, ұлттық, әлеуметтік, саяси, нәсілдік, халықаралық, мемлекетаралық т.б. қайшылықтар. Ол қайшылықтарды бейбітшілік жолмен реттеп, бір келісімге келіп, саяси жүйенің, биліктің дұрыс дамуына мүмкіншілік жасалып отырады. Сонымен жүйенің даму заңдылықтары дегеніміз – қоғам өмірінің әр кезеңінде саяси-әлеуметтік құбылыстардың бірлесіп саяси жүйесінің объективтік, тұрақты даму процесінің заңдылықтарына айналуы. Қоғамның саяси жүйесіндегі мемлекеттің алатын орны өте зор, өте жауапты.