Мемлекет басшысының Жолдауы заманға сай, азаматтық қоғамның сұраныстарына жауап беретін стратегиялық бағыттарды айқындайтын маңызды құжат. Себебі ол ел азаматтарының әл-ауқатын арттырумен байланысты өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Елбасының кемел саясатының арқасында Қазақстанда әлеуметтік мемлекеттің берік негізі қаланды. Осы орайда азаматтық қоғам қалыптасуы қалай дамыды? Бүгін танымдық мақаламызда азаматтық қоғамның даму тетіктеріне тоқталмақпыз. Сонымен адам қоғамы қалай қалыптасты, оның себептері қандай – бұл туралы бір қорытынды пікір жоқ. Бірақ бұл түсінікті ең бірінші ғылымға енгізген Адам Смит, Давид Рикардо, оған саяси сипаттама берген Гегель. Дүниежүзілік ғылыми, саяси қайраткерлердің, ойшылдардың айтуынша — қоғам саналы адамдардың ерікті түрде бірігіп өмір сүруі. Бұл бірігудің негізгі себебі адамдардың бір мүдделігі, бір тілектестігі. Мұнсыз бірігу мүмкін емес. Мүдде екі түрлі болады: жеке адамның мүддесі және қоғамның мүддесі. Қоғам осы екі мүдде-мақсатты біріктіріп, дамытып отырады. Осы объективтік даму процесінде адамдардың өзара ынтымақтастығы қалыптасты. Сол арқылы жеке адамның қолынан келмейтін, әлі жетпейтін істерді атқаруға мүмкіншілік туды. К.Маркс қысқаша: «Қоғам – адамдардың өзара еңбек жасауының одағы», — дейді. Қоғамдық мүдде-мақсат, қоғамдық тілек уақытша емес, түпкілікті, нақты, объективтік мағынада қалыптасуы керек. Сонда ғана қоғамның жақсы дамуға, нығаюға мүмкіншілігі болады. Себебі қоғам саналы адамдардың ерікті түрде қалыптасқан одағы. Егер бұл одақ, бұл бірлік еріксіз, озбырлық түрде ұйымдастырылса, ондай қоғам нәтижесіз тез тарқап кетер еді. Адам қоғамның бірінші – клеткасы. Қоғам адамдардың күрделі әлеуметтік бірлестігі. Бұл бірлестік, бұл қоғам дұрыс, жақсы даму үшін оның ішіндегі қарым-қатынастарды реттеп, басқару керек болды. Оны қоғамның объективтік даму процесінің заңдарына сүйене отырып, адамдар өздері әлеуметтік нормалар арқылы реттеп, басқарып отырады. Сондықтан мемлекет пен құқық пайда болды. «Адамдар өз тарихын өздері жасайды, – деп жазды Маркс, – бірақ олар оны өз қалауынша жасай алмайды, қолындағы барды, бұрынғыдан қалған мұраны қолдануға мәжбүр болады». Қоғам – саналы адамдардың бір мүддені, бір мақсатты орындау үшін саналы түрде өзара бірігуі. Мұнда міндетті түрде екі шартты элемент бар: мүдде-мақсаттың қалыптасуы және саналы адамдардың саналы түрде бірігуі. Адамның объективтік тарихи даму процесіне және күнделікті қарым-қатынасында қоғамның бірнеше түрлері болады: өндірістік қоғам, шаруашылық қоғам, әлеуметтік қоғам, азаматтық қоғам т.б. Осылардың ішіндегі ең күрделісі, ең түпкіліктісі адаммен бірге дамып келе жатқан азаматтық қоғам. Қоғамның басқа түрлері тез құрылып, тез тарап жатады. Олардың өмірі, іс-әрекетінің шеңбері, кеңістігі көп өлкеге жайылмайды, уақыты көпке созылмайды. Азаматтық қоғам – мемлекеттік құрылымнан тыс қалыптасатын әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани қоғамдық қатынастардың жиынтығы. Оған қатынасушылардың табиғи және азаматтық құқықтарын, бостандығы мен міндетін автономиялық даму жолы қамтамасыз етеді. Азаматтық қоғамда үзіліс болмайды, уақыты шектелмейді, өлкеге-аймаққа бөлінбейді, мемлекеттің барлық жерін, барлық халқын біріктіреді. Азаматтық қоғам – мемлекетке тәуелді емес, дербес, ашық, жариялы қоғам. Қазақстанда азаматтық қоғамның қалыптасу ерекшеліктері: кеңестік мейлінше мемлекеттендірілген күйден шығу, қоғам мен мемлекеттің арақатынасын тәуелсіз – дербестікте дамыту. Республика Конституциясы Қазақстандағы азаматтық қоғамның барлық даму сатыларын мемлекетке бағындырмастан (оның айғағы – онда «Азаматтық қоғам» бөлімінің әдейі болмауы) әлеуметтік бағдарлы нарық экономикасы мен жеке адамның автономиясын тұрақты қалыптастыру үшін оған қажетті құқықтық жағдайлардың негізін қалайды. Оған: тең дәрежеде танылатын және қорғалатын мемлекеттік меншік пен жеке меншікті (6-баптың 1-тармағы); адам және азамат құқықтарының кең ауқымды және біртұтас кешенін (П-бөлім); отбасын, ана мен әке және баланы мемлекеттің қорғауын (27-бап); идеологиялық және саяси әр алуандылықты (5-бап) және тағы басқа жаңа Конституцияда бекітілген қазақстандық-азаматтық қоғамды ерікті дамытудың алғы шарттарын жатқызуға болады. Қазақстан Республикасының Конституциясында елімізде азаматтық қоғамды қалыптастырып, демократиялық, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет құру бағыттары көрсетілген. Бұл бағыт мемлекетіміздің ең күрделі, ең жауапты мүдде-мақсаты. Адамдар тарихтың объективті заңдарын жасап немесе бұза алмайды, бірақ сол заңдар алдында дәрменсіз емес. Тарихи даму заңдарын білу адамдардың ол заңдардың күшін қоғамды қайта құру үшін пайдалануына мүмкіншілік береді. Белгілі бір заң әсер ететін жағдайды өзгерту арқылы адамдар оның нәтижесінің түрін өзгертіп, көрінісін шапшаңдатады немесе баяулата алады. Міне, осы қоғамдық заңдылыққа сүйене отырып, саясат қоғаммен бірге өзгеріп, ескіріп, жаңарып, дамып келеді. Саясаттың қоғамда атқаратын жұмысы ұшан-теңіз. Қоғамдағы барлық мәселені реттеп, басқарып отыратын саясат пен мемлекет. Қоғамда бір мүдде-мақсат болады. Соған сәйкес қоғамдық билік қалыптасады. Онсыз қоғамның мүдде-мақсатының дұрыс жақсы орындалуы мүмкін емес. Қоғамдық билікті реттеп, басқаратын қоғамның саяси жүйесі. Қоғамдық биліктің түрлері: саяси билік, мемлекеттік билік, ұжымдық билік, ұйымдық билік т.б. ірі-ұсақ биліктер. Саяси жүйе мемлекетпен бірігіп қоғамның бағдарламасын, мүдде-мақсатын анықтап, оның бағыттарын, орындау механизмін белгілеп, міндетті нұсқау, бұйрықтар беріп, іске асуын бақылап отырады. Саяси жүйеге мемлекет, бірлестіктер, ұйымдар, ұжымдар кіреді. мемлекет саяси жүйеден кейінгі қоғамдағы ең күрделі, ең көлемді, ең жауапты аппарат. Қоғам көлемінде атқаратын жұмыстың басым көпшілігі мемлекеттің құзырында. Қоғамдық саясаттың тарихи түрлері: алғашқы қоғамның саясаты-қоғамдық меншік, қоғамдық еңбек, қоғамдық, тендік; құл иелену қоғамының саясаты – өз атынан түсінікті; феодализм қоғамының саясаты – феодалдың жерге меншігі және қоғамдағы үстемдігі; капитализм қоғамының саясаты – капиталдың буржуазиялық үстемдігі; социализм қоғамының саясаты – (теориялық түрде, іс жүзінде толық болған жоқ) – жалпы қоғамдық бостандық, теңдік, әділеттілік т.б. Әлеуметтік мазмұнына қарай саяси жүйе бірнеше түрге бөлінеді: демократиялық, либерал-демократиялық, шовинистік, ұлтшылдық, расистік, тоталитарлық, фашистік т.б. Қоғамдық ықпалына қарай саясат жариялы және құпиялы болып екіге бөлінеді. Идеологиялық бағытына сәйкес саясат үш топқа бөлінеді: оңшылдар, центристер, солшылдар. Бірлестіктердің, одақтардың, ұжымдардың, т.б. ұйымдардың атқаратын саяси жұмыстары өздерінің ережелері – уставтарының мазмұнына сәйкес келеді, өздерінің қоғамдық құзырының шеңберінде жүргізіледі. Бәрінің жұмысын біріктіріп айтсақ – олардың қоғамдық мүдде-мақсатты орындауда, саясатты іске асыруда үлестері өте зор. Мысалы: толып жатқан ұжымдар: зауыт, фабрикалар, акционерлік шаруашылық, өндірістік ұйымдар қоғамның материадцық, техникалық, әлеуметтік, экономикалық, мәдениеттік негізін дамытып нығайтады. Саяси жүйенің даму процесінің бірнеше түрі болды. Социалистік типті мемлекеттерде сталиндік саяси жүйе қалыптасты. Оның мазмұны: жеке адамға табынушылық, бір партияның үстемдігінің орнауы, әкімшілік-әміршілік, тоталитарлық басқару жүйенің қалыптасуы, демократияның, бостандықтың, әділеттіктің арасының зор шектелуі. Саяси жүйенің екінші түрі – дамыған елдерде XX ғасырдың 60-90 жж. қалыптасқан нарықтық экономика мен либерал-демократиялық мемлекеттердің, ұйымдардың, одақтардың өзара қатынасы мемлекеттің Конституциясына сәйкес дамуы. Бұл елдерде де толық бостандық, әділеттік, теңдік жоқ. Мысалы, таптардың, топтардың әлеуметтік саяси теңдігінің жоқтығы. Саяси жүйенің үшінші түрі – XX ғасырда қалыптасқан аралас мемлекеттік құрылыс – конвергенция теориясы. Капитализм мен социализм қоғамының экономикалық, саяси, әлеуметтік, мәдени дамуының, жақсы тәжірибелерін біріктіру. Бұл саяси жүйеде де кемшіліктер көп кездеседі. Адам қоғамының тарихында ұлтшылдық, шовинистік, расистік, фашистік саяси жүйелері қалыптасып, аз болса да өмір сүрген.
Жалғасы бар.