Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтің Жолдауына сәйкес, азаматтық қоғамның сұраныстарына жауап беретін стратегиялық бағыттарды айқындайтын маңызды құжат. Себебі ол ел азаматтарының әл-ауқатын арттырумен байланысты өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Елбасының кемел саясатының арқасында Қазақстанда әлеуметтік мемлекеттің берік негізі қаланды. Осы орайда азаматтық қоғамның қалай дамығаны туралы баяндасақ.
Мемлекет саяси партиялармен бірігіп қоғамның барлық саласының дұрыс, жағымды дамуына жауапты және сол жауапты жұмыстың басым ауыртпалығын мемлекет өз мойнына алады. Әрине, бұл тоталитарлық мемлекеттің түсінігі емес, демократиялық мемлекеттің сипаттамасы, мазмұны. Мемлекеттің қоғамдық саясатты орындаудағы ерекшеліктері: Мемлекет қоғамның саяси жүйесіне кіретін барлық ұйымдарды, бірлестіктерді, одақтарды, ұжымдарды біріктіріп, көмек жасап отырады. Мемлекеттің бұл бағыттағы жұмыстарының түрлері: Мемлекет Конституция арқылы барлық азаматтарға өздерінің бірлестіктерін, ұйымдарын құруға толық мүмкіншілік береді; қоғамдағы демократияны дамытуға міндетті. Мемлекет қоғамдық ұйымдардың құқықтық құзыретінің көлемін, шеңберін анықтайды. Мемлекет қоғамдық ұйымдардың дербес жұмыс жасауына толық мүмкіншілік беріп, оларды қорғап отырады. Сөйтіп, мемлекет қоғамдағы барлық ұйымдарды, ұжымдарды біріктіріп, қоғамның саясатын, мүдде-мақсатын дұрыс, жақсы орындауын, демократияның дамуын қамтамасыз етіп, саяси жүйенің жан-жақгы нығаюына мүмкіншілік жасайды. Саяси жүйенің барлық саласы өздерінің жұмысын әлеуметтік нормалар, оның ішінде басым түрде құқықтық нормалар арқылы жүргізеді. Мемлекет, барлық саяси партиялар, ұйымдар, ұжымдар заңдылықты, құқықтық тәртіпті қатаң сақтап, қорғайды. Мемлекет қоғамдық және саяси жүйенің құрамындағы басқарушы, реттеуші, ұйымдастырушы ең маңызды бірлестік. Оның себептері: Мемлекет қоғамдағы қайшылықтарды өршітпей, дамытпай дұрыс келісімге келтірудің арбитры, әділ қазысы. Ф.Энгельс бұл жөнінде өте қысқаша былай деген: «Егерде мемлекет пен құқық өмірге келмегенде, адам қоғамы көне дәуірде ақыр заманға тап болатын еді». Қандай тамаша айтылған пікір…! Мемлекет қоғамдағы сан қырлы қайшылықгарды, ретсіз жағдайларды халықпен, бірлестіктермен, ұйымдармен, одақтармен, саяси ағымдармен, партиялармен, еңбек ұжымдарымен бірлесіп, оларды бір келісімге келтіріп, сол келісімді бәрі бірігіп іске асырушы күш. Мемлекет басында қоғамды басқарушы, қанаушы үстемдік таптың құралы ретінде өмірге келді. Кейін қоғам дамыған сайын, мемлекет демократияны жақтап, қоғамдық мүдде-мақсатты басым түрде реттеп, басқарып отырады. Қазіргі заманда да осылай. Мемлекет адамдардың, саяси-әлеуметтік күштердің үздіксіз күрестерінің нәтижесінде қоғамдағы үзіліссіз қайшылықтарды келісімге келтірудің әділ қазысы болып отыр. Мемлекеттің қоғамдағы барлық мәселені шешудегі егемендігі, қоғамның дұрыс дамуы, адамдардың бостандығы мен құқықтары, әділеттік пен теңдіктің шын мәнінде қалыптасуы мемлекеттің құзыретіндегі мәселе. Өйткені қоғамдағы билік мемлекеттің қолында. Қоғамның саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік жағдайы үзіліссіз диалектикалық даму процесінде болғандықтан, бұл процесті дұрыс, пайдалы басқару тек мемлекеттің қолынан келеді. Өйткені мемлекеттің құзырында барлық материалдық, саяси, әлеуметтік, әскери күштер бар. Мемлекеттік билікті іске асыратын құқықтық механизм бар. Мемлекет өзінің билігін саяси партияларға, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктерге, еңбек ұжымдарына, жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдарына, азаматтарға сүйене отырып іске асырады. Енді осы байланыстарға қысқаша тоқтап өтейік. Мемлекет және саяси партиялар – бұл екеуі бірігіп қоғамды басқарудағы ең шешуші күш. Басқарудың сапалы немесе сапасыз болуы осы екі бірлестіктің қызметіне байланысты. Сондықтан олардың іс-әрекеті халықтың, үкіметтің үнемі бақылауында болады. Мемлекет және қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер – қазіргі заманда халықтың мүдде-мақсатын орындайтын тек мемлекет пен саяси партиялар емес. Ол мүдде-мақсаттың басым көпшілігі қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің қолында. Сондықтан мемлекет оларға көмек көрсетіп, іс әрекеттерін, жұмыстарын бақылап отырады. Мемлекет және еңбек ұжымдары – өндірісте, шаруашылықта мәселенің басым көпшілігі еңбек ұжымдарының құзыретінде: шаруашылықтың нәтижелі жұмыс жасауы, тәртіптің жақсы дәрежеде болуы, адамдардың бірлігі, достығы, мәдени, рухани білімі, денсаулығы т.б. Осы бағытта ұжымның атқаратын қызметінің маңызы, құндылығы ежелеп айтпаса да белгілі. Бұл мәселені ұжым мемлекетпен бірігіп іске асырады. Мемлекет пен жергілікті өзін-өзі басқару мекемелерінің қызметі жергілікті басқару мекемелері өзінің әкімшілік территориясында мемлекеттік билікті жүргізуге құзіреті болады және ол үшін жауапты. Бұл жұмысқа сол территориядағы азаматтар белсенді қатысып, барлық мәселені реттеп, басқаруға міндетті. Жергілікті мемлекеттік басқару органы оларға жан-жақты көмек көрсетуге міндетті. Осы екі орган тығыз байланыста қызмет жасауға тиіс. Сонда ғана нәтиже болады. Мемлекет пен азаматтар – азаматтар мемлекеттің жұмысына тікелей қатысып немесе өздерінің өкілдері арқылы өз ой-пікірлерін білдіріп отыруға құқықтары бар және ақпарат, радио, теледидар да өздерінің тілектерін, талаптарын, сын-пікірлерін айтуға құзыреті бар. Мемлекеттік органдар көмек көрсетіп, толық бостандық беруге міндетті. Егерде бұл іс-әрекет екі жақты сапалы жүргізілсе қоғамға, халыққа тиетін жақсылығы көп болады деуге болады. Мемлекет пен дін. Мемлекеттің дінмен қарым-қатынасына сәйкес үш түрлі мемлекеттер болады: зайырлы, теократиялық, клерикалдық: зайырлы мемлекеттің дінмен тікелей байланысы болмайды, олар бір-бірінің жұмысына тікелей қатынаса алмайды, жай байланыс жасауға болады. Оның бағыттары – демократияны, бостандықты, әділдікті, теңдікті дамыту, халықтың мәдени, рухани білімін көтеру, жастарды инабаттылыққа, парасаттылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу, ұлттарды бірлікке, достыққа тәрбиелеу т.б. теократиялық мемлекетті басқару шіркеу құзыретінде. 1921 жылға дейін Монғолия осындай мемлекетке жатты. Қазір – Ватикан осы жүйедегі мемлекет. клерикалдық мемлекет зайырлы және теократиялық мемлекеттерінің ортасындағы мемлекет. Олар мемлекетпен бірікпейді, бірақ заң шығару процесіне қатысып, мемлекеттің саясатына ықпал жасайды. Бұл мемлекеттерге жататындар: Ұлыбритания, Дания, Норвегия, Швеция, Израиль, Италия және 20 шақты ислам мемлекеттері. Адам қоғамы дамып, қалыптасып, өмірге келген күннен бастап міндетті түрде оның бағдарламасы, саясаты, биліктің түрі анықталады. Бұл жұмыстармен шұғылданатын қоғамның саяси жүйесі. Ең алдымен қоғамның мүддесі мен мақсаты анықталады. Қоғамдық бағдарламаны жасап, саяси биліктің мазмұнын толықтырып, олардың орындалу бағыттарын, жолдарын анықтап, іске асыру механизмін белгілейді. Саяси жүйе қоғамның объективтік даму процесінде қалыптасып, өмірге келеді. Саяси жүйенің негізгі міндеті экономикалық, рухани, мәдени базисқа сәйкес қоғамдық биліктің мазмұнын анықтап, сол билікті орнату, дамыту, нығайту. Қоғам өзгерсе, саяси жүйе де өзгереді. Адам қоғамы өзінің диалектикалық даму процесінде бес формацияны басынан өткізіп отыр. Соған сәйкес саясаттың бес түрі бар. Себебі әр түрлі тарихи дәуірде әр қилы оқиғалардың болуы да заңды. Өйткені осы оқиғалардың бәрі де қажеттіліктен, қоғамның материалдық өмірі жағдайларынан туады. Қоғамдық заңдылық қоғамдық дамудың негізгі бағытын анықтайды, кездейсоқтықтың біразын қамти отырып, заңдылық өзіне қажеттілікпен жол табады. Қоғамдық заңдылық абсолюттік идея түрінде қоғамға сырттан тағылмайды, адам қызметі және оның әлеуметтік жағдайлары: өндіргіш күштер, өндірістік қатынастар, өндіріс өнімдері т.б. рухани мәдениет қосындысынан туады.