
Таяуда шаңырақ көтергендеріне жылдан енді асқан екі жас ажырасты. Себеп біреу-ақ: келіннің кредиті бар екен. Алғашқыда сезімге еліткен екі жас бұл ауыртпалықты бірге еңсереміз деген болса керек, бірақ ішпей-жемей қарыз төлеуге жас күйеу қашанғы шыдасын, бір күні морт сынды. Ең өкініштісі, әлі қызуы басылмай жатып ажырасқан екі жастың арасында тірі жетім болып күнәсіз сәби қалды.
Бұл тек сол екі жастың ғана басындағы жағдай емес, бүгінде екінің бірі қарызға өмір сүруде. Және, ең өкініштісі, олардың біраз бөлігі «жемеген самсасына теңге төлеуге мәжбүр», яғни алаяқтарға алданып қалғандар. Жұрттың бәрі жаппай смартфонға телмірген бүгінгі заманда олардың құрығы да ұзын болып тұр. Ертелі-кеш интернет ақтарып, әлеуметтік желілерден көз алмайтын көпшілік ондағы жарнамаларды да назардан тыс қалдырмайды. Әсіресе, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, оңай олжаға кенелгісі келетіндер мұндай алаяқтарға тез алданады. «Үйден шықпай-ақ айына 200 мың тапқың келе ме?», «Аз ақша сал да, еселеп қайтар», «Миллион табуға көмектесемін»… Бүгінде осы сияқты жарнамалардан көз сүрінеді. Бірақ, оның астарына үңіліп, «Аспаннан шұға жаудырып жатқан бұл не жарнама?», «Айдалада жатқан бұл не қылған батпан құйрық?» деп бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Қазір ғаламторды кезіп жүрген қаржылық пирамида, криптовалюта жарнамаларынан көз сүрінеді. Бүгінде көпшілік қолында бар ақшасын қана қоймай, түрлі банктерден несие алып та алаяқтардың «оңай олжалы боласың» дегеніне сеніп келеді. Неге?
Бұған ең бірінші халықтың қаржылық сауатының төмендігі себеп. Ал, алаяқтар үшін экономикалық сауаты төмен адамдарды құрыққа түсіру оңай. Себебі, олар көп жағдайда «аз ақшамен мол табысқа жететін болсам, мүмкін байып қалармын» деп ойлайды. Екіншіден, қаржы пирамидаларына қатысты алыпқашпа әңгіме көп болғанымен, нақты ақпарат жоқ. Олардың заңбұзушылықтары мен зардап шеккен адамдар туралы ресми органдар тарапынан көп айтыла бермейді. Негізі, Қылмыстық кодекстің 217-бабына сәйкес, Қазақстанда қаржы пирамидасының қызметіне шектеу қойылған. Бұл қызметті жарнамалағандар да жазасыз қалмайды. Олар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 150-бабы негізінде жауап береді. Бірақ, осындай шектеулерге қарамастан алаяқтардың құрығына түсіп жатқандар азаяр емес. Демек, мұны заңмен шектеп қана қоймай, адамдардың танымдық түсінігін де арттыруымыз керек. Әр адам «оңай олжа орға жығатынын», «тегін ірімшік тек қақпанда ғана болатынын» білгені жөн. Пайым-парасаты бар адам қаржылық ұйымдарды да оңай ажырата алады.
Қаржылық пирамиданың жұмысына осыдан төрт жыл бұрын, яғни 2020 жылдан бастап тыйым салынды. Бірақ, «ашыққаннан құныққан жаман» дегендей, оңай жерден мол ақша тауып, әбден дәнігіп алғандар әлі де өз «кәсіптерін» жасырын жалғастырып жүрген көрінеді. Әсіресе, ауылды жерлерде алаяқтарға алданып қалып жатқандар әлі де бар. Оның нақты дәлелі, жаңа жоғарыда айтқанымыздай, кредиті бар келіндер мен «косякқа» кірген күйеулер, қарызға белшесінен батқан құрбылар мен табысының басым бөлігін банкке төлеп жүрген таныстар…
Қысқасы, «қарыз күліп кіріп, жылап шығатынын» ұмытпау керек. Ең маңыздысы, оңай жерден олжалы боламын деп орға түсіп қалмаңыз. Иә, «тегін ірімшік тек қақпанда ғана болады».
Аман Жайымбетов.
