
Құқықтық сезімдер, көңіл-күй көп жағдайда әлеуметтік ортаның, жеке адамның тікелей араласатын ортасының ықпалының әсерімен қалыптасатынын ескеру керек. Көптеген социологиялық зерттеулерде адамның белгілі бір ортада болғанда, өзі басқа адамдармен байланыс жасамаған кездегіге қарағанда, көбінесе мүлде өзгеше сезініп, ойлап, әрекет жасайтыны атап өтілген. Жеке адамның құқықтық сансының деңгейімен ерекшеліктерін анықтау ұшін оның отбасыыны, ұжымының, бейресми араласатын топтарының және тиісті әлеуметтік жіктерінің әлеуметтік-құнды бағдарын білу қажет болатыны сондықтан.
Құқықтық сананың құбылмалы элементі көңіл-күйі болып табылады, өйткені ол өзгеріп отырады, құқықтық идеяларды таратудың көмегімен иландыру мен көтермелеуге сәйкес келетін саналы әсерге бейім болуы мүмкін.
Адамдардың дағдысына, олардың тұрмыс-салтына енетін нәрсе құқықтық сананың белгілі-бір әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді сақтауға байланысты тұрақты элементтерін айқындайды. Қылмыстық, қылмыстық атқару, әкімшілік, сондай-ақ азаматтық құқықта сол заңдарға қоғамдық құқықтық сана арқылы және оны мақұлдауымен адамдардың әдет-ғұрпымен сенгізілген кінәден арылу туралы, зиянды жуып-шаю туралы, моральдық нұқсанның орнын толтыру туралы ережелер кездесетіні анық.
Құқықтық санадағы дәнекер элемент- жеке адамның өз әрекеттерінің заңдылығын өзінің бағалауы. Өздерінің ниетін, мотивтері мен қылықтарын сын көзбен және дер кезінде бағалай білу оның адам мінез-құлқындағы реттеуіштік, алдын алушылық, немесе, керісінше, белсендіруішілік рөлін айқындайды. Өзін-өзі бағалау өзінің заңды әрекеттеріне қанағаттану немесе істелген істері үшін ұялу, өкіну сезімінен көрінуі мүмкін. Адам ожданының көрінісі ретінде ұялу, опыну оның мінез-құлқындағы құқықтық ауытқуды тежей алады. Жеке адамның құқықтық психологиясында ішкі өзін-өзі бағалау дағдысын қалыптастыру- жеке адамды құқықтық тәрбиелеудің және жалпы әлеуметтендіру процесінің міндеті. Құқықтық идеология дегеніміз құқықтық сананың құқықты және өмір шындығының құбылыстарын тұғырнамалық түрде бейнелеп, бағалайтын заңдық ұғымдарды, принциптерді, теорияны құрайтын жоғарғы қабаты. Адамның күнделікті тәжірибесіне сыйып кететін құқықтық шындықтарды әдетте, сезімдік қабылдауға ұқсас құқықтық психологиядан айырмашылығы- құқықтық идеология бейне бір құқықтық бағалаудың рационалдық деңгейіне сәйкес келеді, құқық пен мемлекет құбылыстарын ой елегінен неғұрлым терең өткізуді бейнелейді. Құқықтық идеологияға құқықты қоғам қажеттеріне сай келетін идеологиялық жағынан жетілген мәдени-тарихи доктрина етіп көрсету үшін оның мәнін, әлеуметтік құндылығын ашып беруге ұмтылыс тән. Бұған табиғи құқық концепциясы, норматившілдік теория, құқық пен мемлекеттің марксистік доктринасы мысал бола алады.
Бүгінде оқушылармен жүргізетін құқықтық тәрбиенің мазмұнын айқындауда А.С. Макаренко, В.А.Сухомлинский “Қандай да бір құқықтық тәрбие болмасын, егер ол белгілі бір мақсатпен ұйымдастырылып жеке адамның мұқтаждығына негізделсе, екіншіден, ұжымдық жұмыстарға оқушылар шаруашылықпен қатысса, соғұрлым алдыңғы буын ағалардың әлеуметтік- құқықтық жетістіктерін, тәжірибелерін қабылдап, өз мінез-құлықтарына қалыптастырады”- деп осы мәселеге қатысты айтқан пікірлеріне кең түрде басшылыққа алудың маңызы ерекше.
Балалардың мінез — құлқының нормадан, шамадан ауытқуына түрлі жағдайлар себеп болады. Олардың ішінде ең бастысы отбасы жағдайы болып есептеледі. Өйткені тұлғаның жеке басының жаман — жақсы қасиеттерінің негізі отбасынан қалыптасады. Сондықтан да, балалардың өнеге алып үлгі тұтары ең алдымен өздерінің ата — аналары. А.С. Макаренко сөзімен айтқандай, “Тәлім-тәрбие, кең түрде алғанда әлеуметтік процесс”. Адамдар да, заттар да тәрбиеленеді. Дегенмен, адамдардың үлес салмағы басым. Солардың ішінде ата-аналар мен педагогтар бірінші орынға шығады деген екен. Олай болса, құқықтық тәрбиені нәтижелі ұйымдастыру үшін, отбасы жағдайын жан-жақты танып білу қажет. Оқушыларға құқықтық тәрбие беруде олардың құқықтық сана-сезімін бірінші кезекте қалыптастырудың маңызы зор дедік. Себебі, құқықтық сана – қоғамдық санның ерекше түрі. Сондықтан, құқықтық тәрбие беруде оқушылардың санасын тәрбиелеу, жауапкершілік сезімін көтеру, ұйымшылдық пен тәртіптілікті нығайту — мектептегі оқу-тәрбие жұмыстарының негізгі бір бағыты.
Бүгінгі таңда қоғам да, қоғамдық көзкарас та күннен күнге өзгеру үстінде. Бұқаралық ақпарат және қарым-қатынас құралдарының жұмысындағы барлық шектеулерден алынып, ақпарат тарату еркіндігі кең таралған. Ол балалардың сана сезімі мен рухына кері әсер етуде. Осының салдарынан қазір мектеп жасындағы балалардың шылым шегуі, ішімдік ішуі, есірткі қолдануы немесе әр түрлі қылмыстық іс-әрекетке баруы жиілеуде. Ата-бабамыздың салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрпы ажырап қалған, шетелдік компьютерлік ойындар мен қатыгездікке қойылған фильмдердің еркіндігіне кеткен жастарымызды қайтсек дұрыс жолға саламыз, ұлтымыздың болашағын ойлайтын санасы сергек, адамгершілігі мол жеке тұлғаны тәрбиелеу — тәрбие жұмысының негізгі мақсаты. Жас ұрпаққа тек білім берумен шектелу аз, оларды адамгершілік-рухани жағынан нағыз адам қалыптастыру керек. Құқықтық тәрбие сан қырлы, күрделі процесс, бұл жалпы және арнаулы шаралардың тұтас бір жүйесін қамтиды. Соның ең бірінші сатысы — оқушыны заңмен хабардар етіп, оның жалпы білім деңгейін көтеру. Мектеп құқықтық тәрбие жұмысын 1-сыныптан бастап, белгілі бір жүйелікпен ұйымдастырылған түрде оқушының оқуды бітіргенге дейінгі аралығында жүргізуі қажет.
