ТҮРКІСТАН: ӨҢІРДЕ ЖАЛПЫ ӨНІМ КӨЛЕМІН 2 ЕСЕГЕ ӨСКЕН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемін 2 есеге ұлғайту жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл бағытта Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өңірімізде жалпы өнім көлемінің өсімі 107,1 %-ды құрап (216,9 млрд. теңге), республикада бірінші орынға шықты.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте саладағы түйткілді мәселелер ортаға салынды. Жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді. Өңір басшысы шаруаларға тиісті тыңайтқыштарды уақтылы үлестіру, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, су үнемдеу технологияларын енгізу, салаға инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

– Өнімділікті арттыру үшін су үнемдеу және басқа да жаңа технологияларды енгізу маңызды. Әрбір аудан әкіміне су үнемдеу технологиясын енгізу бойынша индикатор белгіленіп, нақты жоспар берілсін. Бөлінген тыңайтқыштар туралы да шаруаларға ақпарат беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер. Бұл қолдауды тиімді пайдалану керек. Көрсеткіші төмен аудандардағы жауапты басшыларға тиісті қызметтік шара көріледі. Ізденіңіздер, ауыл шаруашылығына инвестиция тартыңыздар. Бұлай жасамасақ, өңірдің әлеуеті көтерілмейді. Ауыл шаруашылығы саласындағы техникаларды жаңарту жұмысын да жандандыру қажет, – деген Дархан Амангелдіұлы ауыл шаруашылығы саласында көрсеткіштері төмен аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпелер айтты.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің жол картасына сәйкес, 2024 жылы 156,3 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 97,9 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алынған. Тауар өндірушілерді қолдауға облыстық бюджеттен 7 млрд. теңге қаржы бөлініп, ол толық игерілді.

Осы жартыжылдықта 13 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілді. Оның ішінде, 8,1 мың гектарға тамшылатып, 4,9 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиялары орналастырылған.

Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары алқабы өткен жылмен салыстырғанда 3,4 мың гектарға ұлғайып, 873,6 мың гектарға жетті. Бүгінде рентабельді дақылдарға басымдық берілуде. Атап айтқанда, масақты дақылдар 8 мың гектарға (281 мың. га) мал азықтық дақылдар 6 мың гектарға (230 мың. га) көкөніс, картоп, бақша дақылдары 3 мың гектарға (129 мың. га) артығымен егілсе, мақта дақылының егіс алқабы 11 мың гектарға (100 мың. га), майлы дақылдар 6 мың гектарға (77 мың. га) қысқарды. Сонымен бірге облыстың бірнеше ауданында қант қызылшасы егіледі.

Облыстың ерекшелігіне орай, астық ору науқаны бүгінгі таңда қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күнге 282 мың гектар егістік алқаптың 220 мың гектары орылып, 554,0 мың тонна өнім жиналды. Жалпы 716 мың тонна дән жинау жоспарлануда. Биыл 3,5 млн. тонна көкөніс, бақша, картоп жиналады деп күтілуде.

Мәжілісте облыста мақта кластерін дамыту барысы да талқыланып, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның басқарма төрағасы Файзулла Байдуллаевтың баяндамасы тыңдалды. Облыста «Мақта өсіру және толық өндірістік тізбекті кластер құру» жобасының І кезеңі жүзеге асуда. Тамшылатып суару тәсілімен 1200 гектарға элиталы мақта сұрыптары егілген. Бір гектардан 60 центнер, жалпы алқаптан 7 000 тоннадан астам өнім алынады деген болжам бар. Тұрақты 40 жұмыс орны ашылған. Болашақта жобаның ІІ кезеңін жүзеге асыру және зауыттар ашу арқылы өңірде мақтадан 9 түрлі тауар шығару көзделіп отыр

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *