ЧЕМПИОНДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Өзбекстанның Наманган қаласында белбеу күресінен әлем чемпионаты өткен болатын. Байрақты бәсекеге Қазақстан құрама командасынан Түркістан қаласының атынан барған жас спортшылар – 1 алтын, 2 қола жүлдеге ие болған еді. Тарқатып айтсақ, белбеу күресінен өткен Әлем чемпионатында жерлестеріміз 100 кг салмақ дәрежесінде Айдарбек Тоқтарбек жеңімпаз, 66 кг салмақ дәрежесінде Айнұр Ақжігітова, 58кг салмақ дәрежесінде Гүлзира Құдасбек қола жүлдегер атанды.
Ел мерейін өсірген жас спортшыларымызды қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков пен Түркістан облыстық жауынгерлік өнер қауымдастығының құрметті президенті, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облыстық департаментінің бастығы, генерал-майор Әбілсейіт Дүйсебаев қабылдады. Кездесуге қаламыздың спорт саласына үлес қосып жүрген жас спортшыларымыз бен спорт саңлақтары, жаттықтырушылар қатысты.
Кездесу барысында жаттықтырушылар қаламызда спорттың дамуына айрықша көңіл бөлініп жатқандығын айта отырып, талантты жастардың талабына қолдау көрсеткен басшылыққа ризашылығын білдірді. Рухани астананың жастары спортпен шұғылданып, саламатты өмір салтын ұстанып, дүбірлі додаларда ешкімге дес бермей, ел тұғырын биіктетуді мәртебелі борыш деп түсінетіндігін, алдағы бәсекелерде жеңіске жету үшін спортшыларымыз бар күш-жігерін аямайтындығын жеткізді
Қала әкімі жеңімпаздарды жеңістерімен шын жүректен құттықтап, қала халқы атынан алғыс айтып, алдағы бәсекелерге сәттілік тілеп, арнайы алғыс хат пен сый-сияпат табыстады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған