25 қазан — Республика күніне орай, Шардарада мерекелік шара өтті. Жиынға аудан әкімі Арман Қарсыбаев арнайы қатысып, аудан тұрғындары мен қонақтарын Республика күні мерекесімен құттықтады. Шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға «Шардара ауданының Құрметті азаматы» атағы тапсырылды. Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласып, өнерпаздар келген қонақтарға мерекелік көңіл күй сыйлады.
«Бүгінде Шардара ауданында атқарылған ауқымды істер мен жүзеге асырылған жобалар баршылық. Бұл істе әрбір шардаралық азаматтың еселі еңбегі мен лайықты үлесі бар. Мереке қарсаңында баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ-береке тілеймін. Осы орайда біз жыл сайын Республика күнін тарихи жеңістеріміз бен құндылықтарымызды еске ала отырып атап өтеміз. Әлемдік тарих толқынында өзін тәуелсіз ел ретінде орнықтырғаннан бері татулықты ту еткен бейбіт халқымыздың бағындырған белестері мен мемлекетіміздің жеткен жетістіктері мол»,- деді аудан әкімі.