Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Әлемдік және аймақтық экономикалық факторлардың ықпалынан азық-түлік бағасының көтерілуі тұрғындардың тұрмыс жағдайына әсер ететіні белгілі. Дегенмен, Түркістан облысында бұл мәселеге қатысты кешенді шаралар қабылданып, халықты қолжетімді бағамен қамтамасыз ету жолында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Өңірде азық-түлік бағасын бақылау және тұрақтандыру міндеті «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ға жүктелген. Бұл ұйым аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында маңызды рөл атқарып, тұрақтандыру қорының өнімдерін өңір тұрғындарына қолжетімді бағамен ұсынуда. Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 3500 тонна картоп, 2500 тонна сәбіз, 1700 тонна қырыққабат және 2200 тонна пияз сақталуда. Бұдан бөлек, көкөніс сақтау қоймаларында 460 тонна картоп, 150 тонна сәбіз, 100 тонна пияз, 25 тонна қырыққабат, 200 тонна бакалеялық өнімдер мен 62 мың дана жұмыртқа бар. Тұрақтандыру қорының арқасында азық-түлік тауарларының қоры жеткілікті деңгейде сақталып отыр. Бұл халық арасында алаңдаушылықты азайтып, бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аймақта азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтау үшін әлеуметтік маңызы бар өнімдер арнайы төмендетілген бағамен сатылуда. Мәселен, картоптың бір килограмы – 100 теңге, пияз – 77 теңге, сәбіз – 100 теңге, қырыққабат – 55 теңге, ал нанның бөлкесі – 70 теңге. Бұл өнімдер базарлар, ірі сауда орындары және 36 әлеуметтік дүкенде сатылуда. Сонымен қатар, Түркістан қаласының ірі сауда орындарындағы 64 әлеуметтік бұрышта азық-түлік тұрақтандыру қорының өнімдері халыққа ұсынуда.
Бұл шаралар өңір тұрғындары үшін үлкен жеңілдік әкеліп отыр. Әсіресе, бағаның тұрақтылығы көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлер үшін маңызды көмекке айналған. Азық-түлік тауарларының тиімді бағамен сатылуы облыс тұрғындарының отбасылық бюджетін үнемдеуге және тұрмыс сапасын жақсартуға септігін тигізуде. Тұрақтандыру қорының өнімдері Түркістан облысы мен қаласының 36 әлеуметтік дүкенінде қолжетімді бағамен сатылуда. Бұл дүкендер қаланың әртүрлі аумағында орналасқан және халыққа жақын болуы үшін арнайы ұйымдастырылған. Олардың ішінде Түркістан қаласындағы Отырар, Әл-Фараби, Ақ Орда, Сырдария, Алтынбекова, Мұсабекова, Ататүрік көшелері мен Жібек жолы даңғылында орналасқан әлеуметтік дүкендер бар. Сонымен қатар, Кентау және Арыс қалаларында да тұрақтандыру қорының өнімдері сатылып жатқан арнайы орындар қызмет көрсетуде. Бұл дүкендер мен әлеуметтік бұрыштар арқылы халыққа азық-түлік өнімдері қолжетімді бағамен тұрақты түрде жеткізілуде. Мәселен, Түркістан қаласындағы Қуаныш пен Алтын бұлақ базарларында, Дастархан, Бәйтерек және Береке ірі сауда орындарында картоп пен басқа да көкөністердің бағасы бекітілген төмен деңгейде ұсынылуда.
Түркістан облысында апта сайын ұйымдастырылып келе жатқан азық-түлік жәрмеңкелері өңір тұрғындарының күнделікті қажеттіліктерін тиімді бағамен қамтамасыз етудің тағы бір тиімді жолы болып табылады. Бұл жәрмеңкелерде әлеуметтік маңызы бар тауарлар тұрақтандыру қорының өнімдері арқылы ұсынылады. Жәрмеңкелер тұрғындарға ғана емес, жергілікті фермерлер мен кәсіпкерлерге де үлкен қолдау көрсетеді. Олар өз өнімдерін тікелей халыққа ұсына отырып, сауда желілерінен тәуелсіз сауда жасауға мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде, өнімдер бағасының төмендеуіне және аймақ экономикасының дамуына оң әсер етеді. Өңір тұрғындары бағаны тұрақтандыруға бағытталған шараларға оң көзқарас танытуда. Әлеуметтік дүкендер мен бұрыштарда сауда жасаған тұрғындардың айтуынша, мұндай бастамалар олардың өміріне үлкен жеңілдік әкеліп отыр. Әсіресе, азық-түлік бағасының қолжетімділігі халықтың тұрмыс жағдайына оң әсерін тигізіп, олардың отбасылық бюджетін жоспарлаудағы қиындықтарын азайтқан. Түркістан облысында азық-түлік тауарларын тұрақтандыруға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл бастама аймақтың әлеуметтік тұрақтылығын сақтап, халықтың әл-ауқатын жақсарту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып қала береді.
Түркістан облысында картоп экспортына шектеу:
Картоп – халықтың күнделікті тұтынатын негізгі азық-түлігінің бірі. Сондықтан оның бағасы мен қолжетімділігі ел тұрғындарының тұрмыс деңгейіне айтарлықтай әсер етеді. Қазақстанда ішкі нарықтағы картоп бағасын тұрақтандыру мәселесі өзекті болғандықтан, 2025 жылдың 18 қаңтарында Сауда қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында маңызды шешім қабылданды. Картопты үшінші елдерге экспорттауға алты айға шектеу қойылып, бұл қадам ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз ету және бағаны тұрақты ұстап тұру мақсатында жүзеге асырылды. Картоп экспортына қойылған шектеулерді тиімді жүзеге асыру үшін Түркістан облысында бақылау шаралары күшейтілді. Облыстың барлық кеден бекеттерінде карантин инспекторлары мен аудандық инспекция қызметкерлеріне экспортқа енгізілген шектеулер туралы арнайы ескертілді. Сонымен қатар, Мемлекеттік кірістер департаментінің шекара қызметіне және «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның жергілікті бөлімшелеріне бұл шешімнің мән-жайы жеткізілді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен шекара аймақтарын бақылауға алатын арнайы штаб құрылды. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Сарыағаш теміржол станциясында ведомствоаралық мәжіліс өткізіп, шекарадағы бақылау шараларын күшейтудің қадамдық жоспарын анықтады. Сондай-ақ, «Қазығұрт» кеден бекетінде шекара қызметкерлерімен кездесу өткізіп, қойылған міндеттердің орындалуын бақылауға алды. Түркістан облысы тұрғындарын әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тұрақтандыру қоры белсенді жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта тұрақтандыру қоры картоп бойынша форвардтық келісімшарт аясында 4 309 тонна өніммен қамтылған. 2025 жылдың 19 қаңтарындағы жағдай бойынша тұрақтандыру қорының қоймасында 110 тонна, ал шаруа қожалықтарының қоймаларында 3 541 тонна картоп сақтаулы. Бұл қор өңір тұрғындарының үш айлық қажеттілігін толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Сондай-ақ, ҚР Сауда және интеграция министрлігіне Пәкістаннан ерте пісетін картопты тасымалдауға өтінім берілді. Ақпан айынан бастап әр айда 500 тоннадан, жалпы 4 айға 2000 тонна картоп тасымалданатын болады. Түркістан облысының табиғи-климаттық ерекшеліктері ауыл шаруашылығы өнімдерін, әсіресе, ерте пісетін көкөністерді өсіру үшін қолайлы жағдай жасайды. Биыл облыс көлемінде 6 844,4 гектар алқапқа ерте пісетін картоп орналастырылады деп жоспарлануда. Бұл алқаптан 186,3 мың тонна өнім жиналады деп болжанып отыр. Ерте пісетін картоптың негізгі бөлігі мамыр, маусым және шілде айларында жиналады. Бұл өз кезегінде, Түркістан облысының тұрғындарын ғана емес, сонымен қатар басқа өңірлерді де жаңа піскен картоппен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осылайша, өңірдің ауыл шаруашылығы саласы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуда. Картоп экспортына уақытша шектеу қою арқылы Түркістан облысы ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Бұл шешім бір жағынан әлеуметтік тұрақтылықты сақтаса, екінші жағынан ауыл шаруашылығы өндірісін ішкі қажеттіліктерге бейімдеп, оның тиімділігін арттыруға ықпал етпек.
Шектеулердің арқасында картоп өнімдерінің бағасы бақылауға алынып, өңір тұрғындары үшін қолжетімді деңгейде сақталып отыр. Бұл шара ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттырумен қатар, экономикалық тұрақтылықты нығайтуға септігін тигізуде. Түркістан облысы картоп өндірісі мен ішкі нарық қажеттіліктерін қамтамасыз ету бағытында көшбасшы өңірлердің бірі ретінде танылып отыр. Бағаны тұрақтандыру, тұрақты қор құру, ерте пісетін өнімдерді жоспарлы түрде енгізу сияқты шаралар халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға ықпал етуде.