Түркістан қаласында апта сайын ұйымдастырылып келе жатқан азық-түлік жәрмеңкелері өңір тұрғындарының тұрмысына айтарлықтай жеңілдік әкелуде. Бұл бастама облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның тікелей қолдауымен жүзеге асырылуда. Халықтың күнделікті тұтынатын тауарларын тиімді бағамен ұсынуды көздеген бұл игі шара бағаны тұрақтандыруға және әлеуметтік теңдікті сақтауға бағытталған.
Бүгінгі таңда азық-түлік бағасының өсуі – еліміздің көптеген аймақтарындағы өзекті мәселе. Әсіресе, маусымдық көкөністер мен негізгі азық-түлік тауарларының құны халықтың қалтасына ауыр соғып жатқаны жасырын емес. Осыған орай, Түркістан қаласында «Turan Mall» ойын-сауық орталығының алаңында кезекті азық-түлік жәрмеңкесі өтті. Бұл шара қаланың тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді өнімдермен қамтамасыз етуді көздейді.
Жәрмеңкеге келген халықтың қарасы қалың болды. Олар ұсынған тауарлардың бағасын көріп, ризашылықтарын білдіруде. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 19 түрі төмендетілген бағамен сатылды. Мәселен, картоп пен сәбіз – 100 теңгеден, қырыққабат – 55 теңгеден, пияз – 77 теңгеден ұсынылса, күнделікті тұтынатын нанның бір бөлкесі – 70 теңгеден, жұмыртқаның данасы – 40 теңгеден сатылды. Сондай-ақ, аз тұзы – 45 теңге, І сұрыпты бидай ұны – 190 теңге, қарақұмық жармасы – 220 теңге, сүт – 260 теңге, күнбағыс майы – 520 теңгеден саудаланды.
Жәрмеңкеге жиналған тұрғындардың айтуынша, мұндай шаралар халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға айтарлықтай ықпал етуде. Әсіресе, азық-түлік бағасының қолжетімді болуы отбасылық бюджетті үнемдеуге мүмкіндік береді.
Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – бағаны тұрақтандыру және халыққа қолайлы жағдай жасау. «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның өкілі Лаура Жанасбаеваның айтуынша, қазіргі уақытта ішкі нарықта көкөністердің, әсіресе, картоптың бағасының шарықтауы өзекті мәселеге айналып отыр. Алайда Түркістан облысының азық-түлік тұрақтандыру қорында жеткілікті өнімдер қоры сақталған. Соның нәтижесінде, жәрмеңкеде ұсынылған картоп нарықтағы бағасынан 3 есе арзан бағада саудалануда.
Қордағы өнімдер тек жәрмеңкелерде ғана емес, қаланың базарларында, ірі сауда орындарында және арнайы әлеуметтік дүкендер мен бұрыштарда да тұрақты түрде сатылып келеді. Бұл – сөрелердің бос қалмауын қамтамасыз етіп, азық-түлік бағасын тұрақты деңгейде ұстап тұруға бағытталған шара.
Бұл жәрмеңке бір реттік шара емес, алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың нарықтағы бағасын қолжетімді ету үшін тұрақтандыру қорының өнімдері көшпелі жәрмеңкелер арқылы халыққа ұсынылуда. Апта сайын өткізілетін бұл жәрмеңкелер қаланың әр түрлі бөлігінде ұйымдастырылып, тұрғындарға жақын әрі қолайлы етілген.
Мұндай жүйелі жұмыстар халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігін жақсартуға ғана емес, сонымен бірге өңірдегі азық-түлік нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге де айтарлықтай ықпал етуде. Бағаның шарықтауына тосқауыл болу, ауыл шаруашылығы өнімдерін қолжетімді ету – облыстың әлеуметтік саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі болып табылады. Бұл бастаманың артықшылығы – тек әлеуметтік қолдаумен ғана шектелмей, шағын және орта бизнеске де оң әсерін тигізуде. Жәрмеңкелерде жергілікті фермерлер өз өнімдерін тікелей сату мүмкіндігіне ие болып, бұл ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін беруде. Жәрмеңкеге келген тұрғындардың пікірінше, мұндай бастамалар олардың өміріне үлкен жеңілдік әкеліп отыр. Әсіресе, көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлерге азық-түлікті тиімді бағамен алу мүмкіндігі ұсынғаны үшін ризашылық білдіргендер көп.
Түркістан қаласында ұйымдастырылған бұл жәрмеңке әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етудің, халықтың тұрмыс деңгейін жақсартудың нақты қадамдарының бірі екенін көрсетті. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады және өңір тұрғындарының игілігі үшін қызмет етуді жалғастырады.