Бұл туралы ҚР туризм және спорт министрі әлеуметтік желідегі парақшасында мәлім етті.
Министр алдағы бірнеше жылда жүзеге асатын еліміздің туризм саласын дамытуға арналған жоспарларымен бөлісті. Бұл ретте, туризмді елдің экономикалық дамуының басым бағытына айналдыру және осы саладағы жұмыспен қамтылған азаматтарымыздың санын 800 мыңға дейін, ал саладағы жалпы қосымша құн көлемінің өсімін 6 трлн теңгеге дейін ұлғайту қажет. Қонақ үй және тамақтану қызметтеріндегі инвестиция өсімін 260 млрд теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр. Тиісті көші-қонды бақылау eQonaq электронды жүйесі және арнайы мобильді қосымшаларды енгізу арқылы іске асады.
«Өңірлік туризм саласындағы шағын, орта және ірі «зәкірлік» инвестициялық жобаларды іске асыруға жеке капитал тартылады. Бұл жобаға Маңғыстау облысы, Түркістан облысы, Алматы тау-шаңғы кластері және басқа да орындар басым аймақтар ретінде қаралады. Туризмді дамыту шеңберінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда АҚШ, Австралия және Грузия сияқты елдердің тәжірибесі қолданылады», — деді министр.
Одан бөлек, туризм саласында кадр даярлау жүйесін жетілдіру жөніндегі іс-шаралар іске асырылады. Оның ішінде қонақ үй менеджерлерін, туроператорларды және «Болашақ» бағдарламасының түлектерін оқыту мен диплом жұмыстарына басшылық етуге тарту мүмкіндігі, сондай-ақ оқыту бағдарламаларына қысқа мерзімді курстарды енгізу мүмкіндігі қаралады.
«Түркістандағы Халықаралық туризм және меймандостық университеті Францияның Vatel меймандостық институтымен бірлескен білім беру бағдарламасымен жұмыс істеп келеді. Қазіргі уақытта қазақстандық университет Польша, Қытай, БАӘ, Сингапур, Австрия, Түркия және Анже университетінен оқу орындарын қоса алғанда, 29 шетелдік жоғары оқу орнымен келісімшартқа отырған», — деді министр.
Сонымен қатар елімізде мәдени-танымдық туризм, агротуризм, әлеуметтік, медициналық, экологиялық, іскерлік, балалар-жасөспірімдер және туризмнің басқа да түрлері дамитын болады. Агротуризм саласында да болашағы зор орындарды анықтау және ауыл тұрғындары үшін оқыту іс-шаралары жүзеге асырылатын өңірлерге барып далалық зерттеулер жүргізіледі. Сондай-ақ, этнографиялық туризмді дамыту осы салада шағын бизнесті жүргізу мүмкіндіктері туралы ақпарат тарату, Қазақстанның табиғи, мәдени және тарихи көрікті жерлерімен байланысты қазақ аңыздарының иллюстрацияланған жинақтарын шығару, сондай-ақ қолөнершілікті дамыту арқылы жүзеге асырылатын болады.
Кемпингтік туризмді табысты дамыту мақсатында олардың санатына қарай кемпингтерді жобалау және олардың қызметі стандарттарын әзірлеу, сондай-ақ рекреациялық көліктің ыңғайлы жүріп-тұруын қамтамасыз ету үшін жол қозғалысы ережелері жетілдіріледі. Ең танымал автомобиль жолдары бойында кемпингтер, трейлер парктері мен этноауылдар желілері құрылады. Бұдан бөлек, балалар мен жасөспірімдер туризмін одан әрі дамыту инфрақұрылымдық және заңнамалық кедергілерді еңсеру, балалардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету, жазғы лагерьлер үшін тиісті мамандарды даярлау бойынша нақты шаралары бар Жол картасы әзірленеді.
Жоғарыда аталған барлық бағыттар бойынша белсенді жұмыс 2030 жылға қарай ішкі туристер санын 11 млн адамға, ал шетелдік туристер санын 4 млн адамға дейін арттыруға септік етеді. Қазақстанның орналасу орындарында төсек-орын санын 280 мың бірлікке дейін жеткізу жоспарланып отыр. «Саяхат» жіктемесі бойынша қызметтер экспорты 5,5 млрд АҚШ долларына дейін өспек.