ТҮРКІСТАН ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУ – ҒЫЛЫМҒА ЖАСАЛҒАН АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

 

Тұңғыш Президент – Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Оң­түс­тік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп өзгертіліп, облыстың әкім­шілік орталығын барша түркі-мұсылман жұртына қасиетті рухани орталық – Түркістан қаласына көшіру туралы шешім қабылданғанына бір жылдан астам уақыт өтті.

Табиғи-географиялық құрылымына байланысты Азия құрлығы бес аймаққа бөлінеді: Алдыңғы, Оңтүстік, Оңтүстік-Шығыс, Шығыс және Орталық Азия. Осы­лар­дың ішінде Еуропа мен Азия құрлы­ғының түйіскен жерінде орналас­қан Орталық Азия – түркі тілдес этнос­тар­дың ежелгі Отаны, түркілер үшін қасиетті жер болып саналады. Өйткені бұл жерден барлық түркі халықтары мен тайпалары бастау алады, олардың мәдениеттері мен тарихтары бірігеді.

Тарихқа шегініс жасайтын болсақ, Орталық Азия жеріне алғашқы адамдар­дың бір миллион жыл бұрын таралғанын археология ғылымы дәлелдеді. Осы ай­мақ­та автохтонды, яғни түркі тілдес этнос­тардың бабалары мекендеген. Жер­гілікті тұрғындар адам баласының басы­нан өткерген тас, қола, темір, орта ғасыр және жаңа заман сияқты тари­­хи кезеңдерде өмір сүрген. Орталық Азия­да осы тарихи дәуірлерге жата­тын ар­хео­логиялық және сәулет ескерт­кіш­тері, тамаша жәдігерлер ашылды, олар жан-жақты зерттеліп, түркі тілдес этнос­тардың тарихына жаңалықтар енгізілді.

Миллиондаған этностардың ортақ бір атауы – «түрік» терминінің этимологиясы әлі күнге дейін шешілмей келеді.

«Түркістан» деген сөзді естігенде жүрегі елжіремейтін түркі баласы жоқ. Түркістан – түркілердің мыңжылдық атамекені, туып-өскен, еркін жайлаған атақонысы.

Мыңжылдық тарихымызда заманның ахуалына қарай «Түркістан» ұғымының аумақтық-географиялық сипатының өз­герістерге ұшыраған кездері де бол­ған. Тарих ғылымы «Түркістан» ұғы­мы­ның түрліше тарихи кезеңдерде қан­дай мән-мағына бергендігін былайша топшылауға болады:

– «Түркістан» десе жастардың көп­шілігі қазіргі облыс орталығы мәртебе­сіне ие болған Түркістан қаласын ғана еске алады. Бұл «Түркістан» ұғымының тек жеке бір қала атына қатысты ғана мағынасы. «Түркістан» ұғымының тарихи мағынасы бұдан әлдеқайда кең;

Ертедегі ортағасырда (ХІ ғ.) әйгілі түрік ғұламасы Махмұд Қашқари өзінің «Түрік сөздігі» еңбегінде «түрік» сөзіне және оның этимологиясына тоқталған. «Сахараның ұлы ғалымы, біртуар ойшылы, тіл зергері Махмұд Қашқари «Түрік тілдерінің жинағын» барлық түрік текті ұлыс, тайпаларды аралап жинап, зерттеп, талдап барып жазған. Күллі түрік елдерінің әдебиеті мен тілін салыстырмалы түрде зерделеп, түзіп шыққан алғашқы энциклопедиялық кітап», – делінеді «Түрік сөздігінің» алғысөзінде.

Ғұламаның осы еңбегінде «түрік» сөзінің шығу тарихына төмендегіше тоқталған: «Түрік; Тәңірі жарылқаушы Нұқтың ұлының есімі. «Түрік» сөзі Нұқ ұлының есімі болып келгенде, жеке бір кісіні білдіреді, Нұқ әулетінің есімі болып келгенде, «бешеч – бешер» сөз сияқты жалпылық мәнді, көптеген адам тобын білдіреді. Бұл жеке де, жалпы да ма­ғын­ада қолданылады. Мәселен: «Рум» сөзі Тәңірі жарылқаушы Ысқақ­тың ұлы Иусуға және Иусу ұлы Румге есім бол­­ғандықтан, рум әулетінің де есімі бо­­лып келеді. «Түрік» сөзі де осындай.

Ұлы тәңірі: «Менің бір тайпа қосы­ным бар, оларды «түрік» деп атадым, олард­ы күншығысқа орналастырдым. Бір ұлысқа ашуланып, назалансам түрік­терді соларға қарсы саламын» депті.

Сондықтан да Тәңірдің өзі оларға ат берген, жер жүзінің ең биік, ыңғайлы, ең ауасы таза шұрайлы өлкелеріне орна­ластырған да, оларды «өз қосыным» деп санаған. Оның үстіне түріктер көр­кемдік, сүйкімділік, жарқын жүзділік, әдептілік, жүректілік, үлкендерді, қария­ларды құрметтеу, сөзінде тұру, мәрттік, кішіктік және тағы да сондай сансыз көп мақтаулы қасиеттерге ие.

Ежелден түріктер халықтың, елдің қадірін жақсы білген және елін бірлікте сақтау үшін тарихи тұлғалар бар күшін, ақыл-ойын аямаған. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген қасиетті сезім халқы­мыз­дың сүйегіне сіңіп кеткен. Осындай қастерлі ұстанымның арқасында бір тектес Орталық Азия халықтарын біріктіруде «түрік» терминін қабылдаған. Орталық Азияны сонау Қара теңізге дейінгі ұланғайыр жерді мекендеген бір текті этностар өздерін «түрік халқымыз» деп атаған. «Түрік» термині уақытты білдірген жалпы мәнге ие: «Кемеліне келген ел» деген ұғымды білдіреді. Бұл этностардың жалпы атауы болуымен қатар, оның даму дәрежесін де білдірген. Білге қаған басқарған құдіретті түріктер им­периясы, яғни өсіп-өніп жетілген Түрік елі екенін білдірген.

Түркістан қаласы қазақ хандығының ең бірінші астанасы. Қаланың көне атауы –Ясы. Ясы Ұлы Жібек Жолының сау­­да ор­талығы және округі болған. XII ға­­сыр­да әсіресе Қожа Ахмет Ясауи көшіп келген соң ерекше атаққа ие болған.

Сөйтіп Ясы қаласы ХІV ғасырда түр­кі тілдес халықтардың діни орталы­ғына айналды. Тіпті оны «Хазреті Түр­кістан» немесе «Кіші Мекке» деп атаған. XV ғасырдан бастап Ясы қаласы Түркістан деп аталды.

Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы, оның ілімінің мәні мен маңызы «Диуани хикмет», «Мират-ул Қулуб», «Пақыр­нама» сияқты бізге жеткен мұраларынан көрі­неді. Ясауи қалыптастырған хикмет дәстүрінің Ислам ақиқатының халықтың жүрегіне жол тауып сіңірудегі маңызы зор болды. Олар хикмет дәстүрін таратуда зікір тәжірибесінің үш түрін: алқа зікірі, арра зікірі, құпия зікір формаларын қатар алып жүрді.

Ясауи хикметтерінің мәні, филосо­фия­сының өзегі – АДАМ. Адам кемел­дікке жетуі үшін қажетті білім – қәл ілімін игеріп, Аллахтың фазылымен берілетін – хәл іліміне жетуі керек. «Диуани хикметте» арифтердің Сұлтаны бастан-аяқ өзінің ғашықтық күйін, ғаріптік хәлін жырлайды. «Ариф ғашық тариқаттың дүр данасы» деген Ясауи ақиқатқа ішкі тәжірибе, өзін-өзі тану, діл тереңіне үңілу арқылы жетуге үн­дейді. Қожа Ахмет Ясауи қылуетке түсуінің мәні­сін халқымыз – Пайғамбарға деген махаб­баттың және сүннетке адалдықтың үлгісі ретінде аңызға қосқан.

Жергілікті халықтың салт-санасы мен сенім-нанымына, әдет-ғұрпына қай­шы келмейтін діни-мистикалық мектеп­тің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи шығармашылығы сопылық ағымның түркілік дәстүріне даңғыл жол салды. «Ислам дінін тек араб тілі арқылы ғана тануға болады» деген түсінікті теріс­ке шығарып, сопылық әдебиет ұста­ным­дарын көне түркі әдеби тіл – шаға­тай тілінде сөйлетті. Қасиетті кітап­тың арабша мағынасын толықтай түсін­діру, шариғаттың қыр-сырын, дін қағи­даларын қалың қауымға өз тіл­дерін­де тереңнен таныту мақсатында хик­мет­терін жергілікті халыққа жақын айшық­ты поэзия тілімен жазды.

Қожа Ахмет Ясауи өзінің бүкіл жар­қын қабі­леті мен дарынын, күш жігерін түркі халқына, туған еліне, жалпы түркі дүние­сіне, әсіресе өскелең ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне жұмсаған ғұлама.

Ендігі міндет – Түркістанның тарихын жан-жақты, кешенді түрде зерттеу. Білім беру ісі мен ғылымды қатар дамы­ту, өзара ұштастыру оңай шаруа емес. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақ­стан мемлекеттік университеті іргелі ғы­лым­ды дамыту, рухани жаңғыру аясын­да кешенді тарихи зерттеулерді жан­дандыру мақсатында Түркістан өлкесінің тарихын кешенді зерттейтін ғылыми орталығы жеті бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізуді қолға алды.

Дария Қожамжарова,
М.Әуезов атындағы
ОҚМУ ректоры, академик

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *