ТҮРКІСТАН: ИПОТЕКАЛЫҚ БРОКЕР – ЗАҢДАҒЫ ДЕЛДАЛ

Тұрмысымызға жаңа технология дендеп енген сайын жаңадан түрлі термин сөздер де пайда бола бастады. Сол секілді барлық салаларда да жаңаша атаулар пайда болды. Біз бүгін сауда-саттықта, коммерциялық мәмілелерде көп кездесетін делдалдық, яғни брокерлік қызметтің жай-жапсарына тоқталмақпыз. Бүгінде экономиканың түрлі салаларында алыпсатарлықпен айналысатын адамдардың шоғыры пайда болды. Мұндай адамдар ақша үнемдеуге, қаржылық сауаттылықты насихаттауға, сатып алу, келісу, тауар, жұмыс, қызмет көрсетудегі үдерісті жеделдетіп, уақытты үнемдеуге көмектеседі. Біз баяндағалы отырған брокерлік қызмет – делдалдықтың ресми түрі саналады. Экономика салаларындағы түрлі брокерлік қызметтің  маңызы қандай? 

 

Брокер (ағылшын сөзінен аударғанда делдал) – сатушы мен сатып алушы, сақтаушы мен сақтанушы және басқа да салалар бойынша тараптар арасында делдалдық қызметті атқаратын заңды немесе жеке тұлға. Екі немесе бірнеше адамдардың брокерлік мәміле жасауы бүгінде үйреншікті қызмет түрі саналады. Бұл мамандықтың ең кең тараған бағыты қор биржалары, құнды қағаздар нарығы және ипотекалық брокер болып отыр. Бір кездері тек шетелдік киноларда еститін бұл қызмет түрі, дәл қазір біздің өміріміздің бір бөлшегіне айнала бастады. Брокерлік қызмет болашақ жаңа мамандықтардың тізімінде де көш бастап тұр. Демек, біздің елде де брокерлік сала дамып келе жатыр деуге болады. Бұл қызметке, әдетте тұйық, жалғыз өзі жүретін адамдар жарамайды, керісінше түрлі адамдармен оңай сөйлесіп кететін, сөйлесіп қана қоймай, өзара келістіріп, саудаласып, екі тарапты да мәмілеге келтіретін тілі де, ісі де пысық жандар айналыса алады. Дей тұрғанмен, брокерлікпен айналысу үшін арнайы білім керек екенін ұмытпауымыз керек. Қай салада қызмет атқаратын болсаңыз, кем дегенде сол саланың маманы болуыңыз маңызды, әсіресе, жыл сайын болатын өзгертулер мен толықтырулардан хабардар болғаныңыз жөн. Психологтардың пікірінше, брокерлік қызметте мектепті бітіре салып экономикалық, заңгерлік немесе психологиялық мамандықтарды таңдағандардың жолы болғыш. Үлкен жобалар мен мәмілелер жасауда іскерлік, салалардағы құқықтар мен мүдделерді саралауда заңгерлік, ал, адамдарға сенім мен артықшылықтарды жеткізіп, дәлелдеу үшін психологиялық машық та керек. Қазақстанда брокерлер қайда жұмыс істейді? Шетелдерде көбінесе брокерлер экономикасы жоғары дамыған қор биржаларында, алып-сатуда, кедендік қызмет, сақтандыру салаларында жұмыс істейді. Ал, біздің елде бұл қызмет жақсы дамыған сала кеден қызметі мен баспана сату нарығында, яғни ипотекалық брокерлік бағытта болып отыр.

Әлеуметтік желіде саңырауқұлақтай қаптаған ипотека брокер мамандығына сұраныс жоғары. Бүгінде мемлекет тарапынан тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында түрлі бағдарламалар дүниеге келуде. Әсіресе, бұл жеңілдетілген түрлі бағдарламалар баспанасыз жүрген жандарға үлкен көмек болды. Ипотекалық бағдарламалар халыққа қолжетімді баспана бағытын ұсына отырып, еліміздегі тұрғын үйге мұқтаж адамдар санын азайтуды көздейді.

Ипотекалық брокер – бұл жылжымайтын мүлік нарығында несиелеу туралы білімі бар маман. Ол несие алу мүмкіндігін бағалайды, клиенттің жеке параметрлері банктің талаптарына сәйкес келетіндігін тексереді, қолайлы несие бағдарламасын таңдайды. Сондай-ақ, оның міндеттеріне несие құжаттамасын қалыптастыру, банкте клиенттің мүдделерін білдіру, несие беруге мақұлдау алу және ипотекалық мәмілені қолдау, оның ішінде риэлтор таңдаған жылжымайтын мүлік объектісін мақұлдау кіреді. Ипотекалық брокерліктің түрлері туралы алдағы уақыттарда кеңірек тоқталатын боламыз.

Ипотекалық брокерлік – елімізде жас мамандықтар қатарында. Шетелдерде ипотекалық брокер қызметін банктен несие алуға өтініш білдіретіндердің басым бөлігі пайдаланады. Мамандар баспана алуға ниеттілерге алдымен қай бағдарлама сай келетінін анықтайды, шарттарын түсіндіреді, қажетті құжаттарды жинайды, бір сөзбен айтқанда, клиенттің қолына баспана кілтін тапсырғанша сүйемелдейді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *