Бекзат Ербосынұлының қазір үш түрлі рұқсаты бар; дактилоскопия, суық қаруды зерттеу, трасология зерттеу. Басқа кез келген мамандық сияқты, криминалистикада да тәжірибе – басты ұстаз. Бірнеше жыл қызмет еткен маман қайда іздеу керегін, нені іздеу керегін біледі, жас тергеушілер мен жедел уәкілдерге бағыт-бағдар береді, куәгерлермен сөйлеседі, тіпті жаңа куә таба алады. Криминалистерді өзгелерден ерекшелендіретін бір белгі – олар әрдайым арнайы құрал-саймандарға толы «фирмалық» чемоданмен жүреді. Оның ішінде щеткалар, индикатор ұнтақтары, электронды үлкейткіштер және басқа да қажетті заттар бар. Осы жоба арқылы криманилистердің құпия саналатын қара чемоданымен жұмыс жасау бұйырыпты.
– Мұндай жиынтықтың салмағы кемінде алты-жеті келі болады. Әсіресе, кезінде көлік жүрмей жерге жаяу түн ортасында қалаға қарасты ауыл шетіне барғанда бұл салмақ айқын сезіледі. Бірақ осындай шағын зертхана арқылы оқиға орнында-ақ негізгі дәлел түрлерін зерттеуге болады, — деді ол.
Криминалист мамандығы сырт көзге өте қарапайым болып көрінеді. Оны толық игеріп білікті маман болу үшін әрине, ең алдымен тынымсыз ізденіс пен еңбек керек. Себебі, күнделікті орын алып жатқан қылмыстардың ізін суытпай, тез арада ашылуына криминалистің тигізер септігі мол. Қазіргі таңда, криминалистика саласы да жаңарып келеді. Бұрындары криминалистер тек айғақпен, сия арқылы қол таңба алатын. Ал, техниканың дамыған заманында қылмысты ашу жолы да жыл сайын жетіліп, заманауи техникалармен жабдықталуда. Аталған жедел-криминалистика басқармасы – ішкі істер органдарында аса маңызды, әрі жауапты рөл атқарып, қылмысқа қарсы күрес ісіне лайықты өз үлесін қосып келеді. Оқиға орындарынан айғақтарды «инемен құдық қазғандай» жинап, қылмыстың бүкіл картинасын әр сәтіне дейін құрастырып, орын алған қылмыстың жедел ашылуына мұрындық болып жүрген мамандық иелері екеніне осы бір күндік қызметімде куә болдым.
– Криминалистика – ішкі істер саласында ойып алар орны бар ерекше қызмет. Өйткені, біздің сала қылмыстардың алдын алуға, жолын кесуге және тергеп-тексеру барысына жауап береді. Қылмыстың барлық мән-жайын анықтау үшін маман-криминалистер оқиға орындарын қарап-тексеруге жедел-тергеу тобының құрамына қатысады. Оқиға орнында қылмыскер қалдырған іздерді табу, бекіту, алу, олар бойынша криминалистикалық зерттеулер жүргізу, зерттеудің сапасы мен толықтығына байланысты жұмыстарды атқару біздің мамандардың мойнында. Бұдан өзге, олар криминалистикалық есептер бойынша тексеруді тікелей жүзеге асырады. Қазір қылмыстық істерді жүргізудің электрондық форматын енгізуге және істерді тергеп-тексеруді оңтайландыруға байланысты криминалистикалық зерттеулерді жүргізу бойынша жүктемелер саны артты. Сәйкесінше, олардың сапасына, толықтығы мен дұрыстығына қатысты криминалистердің жауапкершілігі де артты деген сөз. Міне, осындай жұмыстарды сапалы атқару үшін маманның жауапкершілігімен бірге материалдық-техникалық жабдықталу да мықты болуы тиіс. Бұл үшін қазір жедел-криминалистикалық бөліністер жүктелген міндеттерді атқаруға қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз етіліп жатыр. Мысалы, заман талабына сәйкес жаңа модельдегі құрал-жабдықтарға уақтылы тапсырыс та жасалады, — деді аға криминалист.
Бекзаттың сөзіне қарағанда күніне он немесе 20 шақты іс келіп түседі. Келіп түскен әрбір қылмыстың ашылуына септігін тигізгіп келеді.
Айта кету керек, бүгінгі күні жедел-криминалистикалық қызмет елеулі өзгерістерге ұшырады. Олай дейтін себебім, осыдан қырық жыл бұрын криминалисттер қылмыскерді анықтау үшін оған көп уақыт кететін. Себебі, сол кезде қылмыскердің бейнесін куәгерлердің айтуы бойынша оның суреті салынатын. Сонымен қатар, қылмыстық оқиға орын алған жерге жеткен криминалисттер оқиға орнын суретке түсіріп, оны лабороторияға барып шығаратын. «Елу жылда ел жаңа» демекші соңғы жылдары жаңа технологияның арқасында қылмыскерді оқиға орынан ұзамай-ақ құрықтауға мүмкіндік мол.
Сарапшылардың қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтауға арналған арнайы электрондық базасы бар. Алайда ең алдымен қылмыс орнын мұқият зерттеу қажет. Әр маман барынша ұқыпты болып, қылмыскер секілді ойлай білуі керек. Мұнда жалпы көрініс те, ең ұсақ бөлшек те маңызды. Көп жағдайда қылмыстың ашылуы криминалистің кәсіби шеберлігіне тікелей байланысты. Оқиға орнын зерттеу кезінде бір ғана ұсақ бөлшекті өткізіп алу – істің шешілуіне кері әсер етуі мүмкін. Сол себепті, көзге көп көрінбегенімен, криминалистің еңбегі – полиция қызметіндегі ең маңызды буындардың бірі.
