ТҮРКІСТАН: ОТ ПЕН ӨРТТІҢ ӨТІНДЕГІ ӨМІР

 

1995 жылы 19 қазанда Президент Жарлығымен Қазақстанда алғаш рет Төтенше жағдайлар комитеті құрылды. Комитет 2001 жылы Төтенше жағдайлар агенттігі, 2004 жылы Төтенше жағдайлар министрлігі болып қайта жасақталды. Он жылдан соң, яғни 2014 жылы Ішкі істер министрлігінің қарауына өтті. Ал, 2020 жылы Төтенше жағдайлар министрлігі болып өз алдына отау тікті.

2008 жылы Созақ аудандық өрт және қадағалау бөлімі жанынан төтенше жағдайлар бөлімі құрылып, оған Созақ аудандық №11 өрт сөндіру бөлімі мен Созақ ауылдық №26 өрт сөндіру бекеті қосылды. Ауданның төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы болып бұған дейін Созақ аудандық өрт және қадағалау бөлімінің бастығы қызметін атқарған ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Көкшетау техникалық институтының түлегі Әділет Бабажанов тағайындалды. Әділет Бабажанұлы Созақтан кейін 2012-2014 жылдары Бәйдібек аудандық төтенше жағдайлар бөлімін басқарды. 2018 жылы зейнет демалысына шыққан соң Шолаққорған мұнай айдау стансасында «Семсер» ЖШС-нің бастығы болды. 2022 жылдан бері «Құтқарушы-Таукент» ЖШС-і директорының орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді.

Төтенше жағдайлар саласының құрылғанына отыз жыл толуына орай сала ардагерінің айтары аз емес.

«Бұл қызметке келгенге дейін аудандық өрт сөндіру бөлімінде инспектор, анықтама жүргізуші, аға инженер, бас маман, кейіннен аудандық өрт және қадағалау бөлімінің бастығы болдым. 2008 жылы жаңадан құрылған төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы қызметіне тағайындалдым. Біздің мекеме негізінен аудандағы барлық мекемені есепке алып, олардағы өрт қауіпсіздігін тексеру, әкімшілік шара көру, өрт болған жағдайда алдымен адамдарды құтқару, өртті дер кезінде сөндіру, аудан көлемінде салынып жатқан құрылыс мекемелерінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сай жүргізілуін қадағалайтын. Төтенше жағдайлар бөлімі болып қайтадан құрылғанда мекемеге қыс мезгілінде қалың қар құрсауында қалып қойған адамдар мен көліктерді құтқару, көктемгі су тасқынының алдын алу, су тасқыны орын алғанда суға кеткен адамдарды құтқару, жоғалғандарды іздеуді ұйымдастыру, яғни ауданда кездесетін барлық төтенше жағдайлардың алдын алу және құтқару жұмыстарын жедел ұйымдастыру міндеттері жүктелді. Сонымен бірге мекемелердің құтқару жұмыстарына дайындығын пысықтау бойынша оқу- жаттығулар ұйымдастыру сияқты қосымша жұмыстар да қосылды.

Біздің бөлімдегі көптеген жұмыстар мекемелермен бірлесіп атқарылады. Құтқару күштеріне қажеттілік туындаған жағдайда мамандар сол кездегі облыс орталығы Шымкент қаласынан шақыртылатын. Созақ ауданы – өндірісті аудан. Аудан көлемінде «Қазатомөнеркәсіп» мекемесімен бірлескен көптеген шетелдік компаниялар жұмыс істейді. Осы өндіріс орындарының өрт қауіпсіздігін және төтенше жағдайға дайындығын уақтылы тексеру нәтижесінде сол жылдары ауданда ешқандай төтенше жағдай болған жоқ.

2011 жылы қыста қар қалың түсіп, көктем шығысымен күн бірден жылынып кетті. Соның салдарынан Шолаққорған мен Созақ ауылдарының біраз көшелерін су басып қалды. Сол кезде суды арнайы құрылғымен үй аулаларынан шығару, мал-мүліктерді қауіпсіз жерге көшіру сияқты құтқару жұмыстарының арқасында үйлер мен мал-мүліктер аман қалды. Осындай құтқару жұмыстары 2013 жылы қаңтар айында болған боранды күндері де жүргізілді. Одаман және Ащысай асуларында қыста жолаушылар қар құрсауында жиі қалып қояды. Соларды аман алып шығу үшін жол қызметіндегілермен бірге құтқару жұмыстарын жүргізетінбіз.

Әрине, тіршілік болған соң тұрғын үйлерде өрт болмай тұрмайды. Сондай кездерде өрт сөндірушілердің жанып жатқан үйден сығымдалған газ баллондарын алып шығып жатқандарын көргенде, тілсіз жаумен арпалысып жүрген жаужүрек жігіттерге тәнті болатынмын. Сондай мамандардың еңбегі бағаланып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Жас маман кезімізде бізге жол көрсетіп, жақсы басшы бола білген, бұл күнде еңбек демалысындағы полковниктер Нұрәлі Сапарбаев пен Мұқан Байымбетовке ризашылығым шексіз. Сонымен қатар, бірге қызмет атқарған әріптестерім Бақыт Асылбеков, Сәкен Искаков, марқұм Жұмат Атабаев, Самат Нұриддинов, Мұрат Төлбаев, Серікбай Нышанбаев, Мақсат Ибахожаев, Берік Әметов, Қожамұрат Арғынбеков, Ерлан Масалиев, Исабек Тұрлыбеков, Азат Байсақалов, Ынтымақ Ерназаровтың ерен еңбегін ереше атап өткім келеді. Алдағы 19 қазан күні ҚР Төтенше жағдайлар саласының құрылғанына 30 жыл толғалы отыр. Осы айтулы мерекемен өзім қызмет еткен саланың барлық ардагерлері мен саптағы қызметкерлерін шын жүректен құттықтаймын! Еліміз аман, халқымыздың ұйқысы тыныш болсын дегім келеді» дейді төтенше жағдайлар саласының байырғы маманы.

Мақсат ҚАРҒАБАЙ.

Созақ ауданы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *