ТҮРКІСТАН: АЛАЯҚТЫҚТЫҢ АРТЫ ЖАҚСЫЛЫҚҚА АПАРМАЙДЫ

 

Қазақтың «Біреудің ала жібін аттама» дейтін тәрбиелі сөзі соңғы кездері ұмытыла бастаған сияқты әсер қалдырады. Себебі, бүгінде алаяқтық әрекеттер жиі тіркеліп қана қоймай, адамды алдаудың түрлі әдіс-тәсілдері де пайда бола бастады. «Кезексіз үй алып беремін», «банктен үлкен сомада несие алуға көмектесемін», «жер алуға жәрдемдесемін» деген секілді уәдені үйіп төгетін алаяқтар құрбандарын оп-оңай қақпанға түсіреді. Үй немесе жер ала алмай жүрген жандар мұндай батпанқұйрықтан қалай бас тартсын?! Кейбірі еш ойланбастан сұраған ақшаларын қолдарына санап береді. Тіпті, олардан ешқандай құжат та талап етпейді. Олардың алаяқ екендігін тек соңғы сәтте ғана ұғынып, құқық қорғау органдарынан көмек сұрап жатады.

«Баспана алып беремін»

Алаяқтық әрекеттердің көбейіп бара жатқандығына қазір құқық қорғау органдары да алаңдаулы. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, соңғы жылдары ала жіпті аттап, алаяқтық жасағандардың қарасы қалыңдай түскен. 2023 жылы алаяқтық әрекеттерге қатысты 1450 қылмыс тіркелсе, биыл жыл басынан бері 513 іс тіркеуге алынған. Олардың дені тұтынушыларға қызмет көрсету саласында орын алған.
Өткен жылы облыста 100-ге жуық азамат жылжымайтын мүлікке қатысты алаяқтық әрекеттердің құрбаны болған. Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, облыста үй немесе жер алу бойынша тіркелген алаяқтық фактілердің үлесі бұрнағы жылдармен салыстырғанда арта түскен. Мамандардың сөзіне сүйенсек, үй алуды армандап жүргендер көбіне мәселенің мәнісін ұғына бермейді. Тіпті, олар мемлекеттік бағдарлама арқылы берілетін үйді тезірек иемденгісі келетін көрінеді. Сөйтіп, әлгіндей алаяқтардың қақпанына түсіп, соңында қолындағы қаржыдан да, баспанадан да қағылады. Ал, алаяқтар мұндай адамдардың осал тұсын жақсы біледі. Мәселен, таяуда сарыағаштық полицейлер алаяқтық істерге қатысы бар 31 жастағы әйелді қолға түсірді. Оның алаяқтық істерге қатысы бар екендігі әшкере болып, үстінен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің үстінен аудандық ішкі істер басқармасына бірнеше тұрғын арызданыпты. Зардап шегушілердің бірі: «Менің бір танысым үй кезегін жылжытып беруге көмектесе алатын бір адамды танитындығын айтқан. Мен ол кісімен жолығып, оған 100 мың теңге ақша бердім. Алайда, үй кезегін сол күйі жылжыта алмады» деп шағымданған. Қолға түскен алаяқ келіншек жәбірленушілердің тағы біріне арендалық тұрғын үй бағдарламасы бойынша үй алып беруге уәде етеді. «Бұл әйелді көптен бері танимын. Ол бірде арендалық тұрғын үй бағдарламасы арқылы үй алып беруге көмектесетінін айтты. Бір жағынан нақты алып бере аламын деп тұрған соң, екінші жағынан кезекте қанша жыл тұрсақ та оның жылжымайтындығын ескеріп, келісімімізді бердік. Сұраған ақшасын қолына ұстаттық. Содан кейін ол мүлдем хабарсыз кетті» дейді жәбірленуші.
Сарыағаштық тәртіп сақшылары биылғы сәуір айында осыған ұқсас жағдай бойынша тағы бір әйелді құрықтады. 31 жастағы алматылық келіншек сарыағаштық тұрғындарды үй кезегіне қойып беруге уәде етіпті. Аудандық ішкі істер басқармасының мәлімдеуінше, ол өзін көпшілікке «ЦОН» қызметкері ретінде таныстырған. Әрі өзінің мұндай қызметі үшін белгілі бір мөлшерде ақша сұрайды. Ақшаны алғаннан кейін алаяқ әйел телефон нөмірлерін ауыстырып, жасырынып жүреді. Сол аралықта жәбірленушілердің 3 миллион теңге көлеміндегі қаржысын сіңіріп үлгеріпті.

 

Несие алып беруге ниеттілер көп

Қарапайым тұрғындарды сан соқтыратын деректердің тағы бірі несиеге байланысты. Алаяқтықты кәсіп еткендер көбіне әлеуметтік желі арқылы тұтынушылық несие алу мүмкіндігі туралы түрлі хабарландырулар беріп, сол арқылы өздерінің айла-тәсілдерін жүзеге асырады екен. Мұндай алаяқтар тұрғындарға «қысқа мерзімде әрі ешқандай кепілсіз және табыс көзін растайтын анықтамасыз кез келген банктен несие алып береміз» деп уәде етеді. Алаяқтар еш жерде жұмыс істемейтін әрі несие талаптарына жауап бере алмайтын адамдардың атынан несие рәсімдеуде асқан айлакерлікке барады. Мұндай қылмыскерлерді табу да оңайға түспейді. Алдап-арбаудың түрлі тәсілдерін меңгерген олардың банктерде таныстары да жоқ емес. Міне, ақшаға мұқтаж жандар алаяқтардың құрығына осылай оңай түсіп қалады. Келес ауданында осындай алаяқ 27 тұрғынның ауыздарын айға қаратып кетіпті. «Банктен жеңілдетілген пайызбен несие алып беремін» деп уәде берген ол тұрғындардан 200 мың мен 1,5 миллион теңге аралығында қаражат талап етеді. Яғни несиенің 10 пайыздық үлесін сұраған. Сөйтіп, 27 тұрғын не несиені, не алдын-ала берген ақшаларын қайтара алмаған. Өздерінің алданғанын түсінген тұрғындар құзырлы органдарға шағымданып, нәтижесінде алаяқ құрықталды. Тағы бір дерек. Түркістан қаласында жұмыссыз әйел танысына «мемлекеттен қайтарымсыз несие алуға көмектесемін» деп 150 мың теңге көлемінде ақшасын алып, ізін суытады. Тексере келгенде оның осындай үш жайтқа қатысы бары дәлелденеді. Оларға келтірілген шығын 600 мың теңгені құраған. Созақтық тұрғын да танысына мемлекеттен қайтарымсыз несие алып беретінін айтып, одан 300 мың теңге ақша алған. Сөйтіп, оны бір жыл әуре еткен. Кейін оның осындай 3 жайтқа қатысы бары, жәбірленушілерге бір миллион теңгеден аса шығын келтіргені анықталды. Мұндай оқиғаларды әлі де тізе беруге болады. Мәселен, Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жақында алаяқтыққа қатысы бар 24 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Күдікті бұған дейін сауда үйінде сатушы болып жұмыс істеген. Бірде ол дүкенге келген тұтынушыға сатылымда тұрған тұрмыстық техникаларды несие арқылы алуға көмектеспек болады. Алайда, клиенттің телефоны банк қосымшасын тартуға жарамсыз болғандықтан, сатушы оны өзінің ұялы телефонынан жүктеп, несиеге тауар алып береді. Кейін ол телефонында сақталған жәбірленушінің банк қосымшасын пайдаланып, оның атынан тағы да 700 мың теңгенің тауарын несиеге алады. Соңғы кездері адамдарды алдау үшін алаяқтар түрлі айла-тәсілдерді ойлап табатын болды. Тіпті, олар ығына жығылған адамның қолындағысын қағып кетуге дайын тұрады. Олардан қалай алданғаныңды, құрығына қалай түскеніңді  аңғармай да қаласың. Қазір алаяқтар өздерінің арам пиғылдарын ұялы телефон арқылы да жүзеге асырады. Мәселен, кез келген адамға полиция қызметкері болып қоңырау шалып, «ұлыңыз қылмыс жасап ұсталды, егер қазір ақша әкелсеңіз, істі жауып тастауға болады» деп ақша талап етеді. Ал, жақынын жамандыққа қимайтындар қолындағы барын алаяқтарға ұстатады. Сондай-ақ, интернет арқылы банкомат карталарынан, төлем карталарынан ақша ұрлайтын алаяқтар да аз емес. Қалай десек те бүгінде алаяқтар арамызда еркін жүр. Енді мына бір мәліметке назар салып көрелік. ҚР Ішкі істер министрлігі ұсынған мәліметтерге сүйенсек, алаяқтық жасайтындардың 90 пайызы әйелдер екен. Ұрпағына тәрбие беріп, айналасына әдемілік сыйлайтын әйелдердің осындай әрекетпен айналысуды әдетке айналдырғаны өкінішті-ақ.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *