Заң – мемлекет тірегінің темір қазығы. Ол қоғамдағы бейбітшілік пен әділеттілікті қамтамасыз етіп қана қоймай, адамдар арасындағы барлық қарым-қатынасты реттейтін ең пәрменді құрал. Заң үстемдігі сақталған жерде ғана тәртіп, тұрақтылық және өркениетті даму болады. Азаматтар да, заңды тұлғалар да өздеріне берілген құқықтарды өз қалауы бойынша пайдалана алады, бірақ бұл еркіндік ешқашан басқа тұлғаға зиян келтіруге, құқықты теріс пайдалануға немесе заңның мақсат-міндетіне қайшы әрекеттер жасауға жол бермеуі тиіс. Бұл – құқықтық мемлекет қағидатының ажырамас бөлігі. Заңның қоғамдағы орны туралы ғасырлар бойы айтылып келеді. Оның ішінде Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген қанатты сөзі – құқықтық мәдениеттің терең мәнін ашатын ұлағатты ой. Тәртіпке бағыну – тәуелділіктің емес, керісінше, адам еркіндігінің белгісі. Себебі заң бар жерде әлеуметтік әділдік сақталып, әр адам өз қауіпсіздігі мен құқықтарының қорғалатынына сенім артады.
Егер заңдар болмаса немесе оның талаптары сақталмаса, қоғамда анархия, тәртіпсіздік, зорлық-зомбылық көбейеді. Тарих дәлелдегендей, заңның әлсіреуі – мемлекеттің әлсіреуіне алып келетін негізгі факторлардың бірі. Сондықтан әр адамның да, бүкіл қоғамның да басты міндеті – заңға бағыну, оны құрметтеу және талаптарын орындау. Қазіргі заманда құқықтық сауаттылық – жай ғана артықшылық емес, өмірлік қажеттілікке айналды. Әрбір азамат өзінің негізгі құқықтарын, міндеттерін, оларды қорғау тәсілдерін жетік білуі қажет. Бұл – өзін заңсыздықтан қорғаудың, әділдікке қол жеткізудің ең тиімді жолы.
Алайда бүгінгі қоғамда азаматтардың басым бөлігі құқықтарын толық білмейді, заңдық жүгіністерді қайда және қалай жасау керегін түсіне бермейді. Мұндай жағдай көбіне алаяқтардың, заң бұзушылардың, жалған делдалдардың әрекет етуіне жол ашады. Әсіресе ақпараттық қоғамда жалған ақпарат көп, ал заңды білмеу – үлкен шығынға әкелетін қауіп.
Қазақстан заңнамалары заман талабына сай тұрақты түрде жаңартылып отырады. Эканомикалық, технологиялық және әлеуметтік өзгерістерге қарай жаңа баптар енгізіледі, ескілері толықтырылады. Сондықтан құқықтық білімді үнемі шыңдап, жаңартып отыру әр азаматтың өз игілігі үшін маңызды. Дамыған елдер құқықтық мәдениетті қалыптастыруды мектептен бастайды. Мысалы:
- Финляндияда мектеп бағдарламасына құқықтық сауаттылық, азаматтық жауапкершілік және ақпараттық қауіпсіздік сабақтары міндетті түрде енгізілген.
- Германияда әрбір жас студентке азаматтық құқықтар жөнінде арнайы тренингтер өткізіледі.
- Жапонияда балаларға ерте жастан қоғамдық тәртіпке бағыну, жауапкершілік пен құқықты құрметтеу тәрбиесі беріледі.
- Сингапурда заңды бұзудың кез келген түріне қатаң жаза қарастырылғандықтан, тұрғындардың құқықтық мәдениеті де жоғары деңгейде қалыптасқан.
Бұл тәжірибелер Қазақстан үшін де өзекті. Себебі құқықтық мәдениеті жоғары мемлекеттердің экономикасы тұрақты, әлеуметтік ахуалы сенімді, халықтың мемлекетке деген сенімі жоғары.
Қазақстан жастары – елдің құқықтық болашағы
Қазақстан – тәуелсіз, егемен мемлекет. Оның болашағы – бүгінгі білімді, саналы, отансүйгіш жастардың қолында. Елді алға сүйреп, дамыған елдердің қатарына қосатын да – осы жас буын.
Жастардың міндеті – елінің намысын қорғау, ұлттық мүддені алға қою, әлемге Қазақстанды таныта білу. Бірақ бұл үшін олар ең алдымен өз елінің тарихын, мәдениетін, тілін, құндылықтарын терең білуі керек. Сонымен бірге құқықтық жүйені, заңдық нормаларды да игеру – азаматтық жауапкершіліктің маңызды бөлігі.
Өз құқығын білетін, заңға бағынатын, құқықтық мәдениеті жоғары жас – кез келген мемлекеттің ең үлкен байлығы.
Заң – мемлекет тұрақтылығының тірегі. Оны құрметтеу – қоғамның дамуы, тыныштығы мен қауіпсіздігінің кепілі. Құқықтық сауаттылықты арттыру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру – уақыт талабы ғана емес, әр азаматтың парызы. Заңды білетін ел – әділ қоғам құра алады, ал әділ қоғам – дамыған мемлекеттің басты белгісі.
