ТҮРКІСТАН: ПОГОНДАҒЫ АРУЛАР АРАМЫЗДА

Жанар Нұрымбетқызы Иманқұлова үшін полиция формасы — жай қызмет емес, бала күнгі асқақ арман болатын. Ол жастайынан алғыр, әділдікті жоғары қоятын, жауапкершілігі мол болып өсті.

Тынымсыз еңбегінің арқасында 2005 жылы мектепті қызыл аттестатпен тәмамдап, құқық саласына деген қызығушылығын тереңдетті.

Сол жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Құқықтану» мамандығына түсіп, оны қызыл дипломмен аяқтауы – арманына деген адалдығының айқын дәлелі.

Қызмет жолын 2011 жылы Сайрам ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде инспектор қызметінен бастаған. Әр кезеңде ол өзінің еңбекқорлығымен, тәртіпке талапшылдығымен, жауапкершілікке деген ерекше мән беруімен көзге түсті.

2021–2023 жылдары Шымкент қаласының Мамандандырылған күзет полициясында қызмет атқарып, білікті маман, нақты кәсібіне берілген полицей ретінде қалыптасты.

2023 жылдың наурызында туған өлкеге оралып, Ордабасы аудандық полиция бөлімінде Кәмелетке толмаған істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы болып тағайындалды. Бүгінде аға лейтенант шеніндегі Жанар Нұрымбетқызы жасөспірімдер қауіпсіздігіне, олардың құқығын қорғауға, тәрбиесіне айрықша мән беріп келеді.

«Қоғам тыныштығын күзету — мен үшін тек қызмет емес, бала күнімнен бергі арманым. Халықтың сенімі – менің басты күшім», — дейді погонды ару.

Отбасында бір ұл мен бір қыздың аяулы анасы, сондай-ақ сүйікті жар. Қызметтегі жауапкершілікті отбасы жылуымен үйлестіре білетін ол үшін шаңырақ – тіреу, ал қызмет – парыз.

Иманқұлова Жанар Нұрымбетқызы парасаттылығы, адамгершілігі және қызметіне деген адалдығымен әріптестері және қоғам алдында құрметке ие.

Бүгінде қоғам тыныштығын күзету жолында ерлермен қатар иық тіресіп, абыройлы қызмет атқарып жүрген шенді арулар көп. Солардың бірі Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы полиция майоры Ақмаржан Құлмағамбетова.

Ол өз ісіне адал, жүрегі мейірімге толы, қоғам қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген кәсіби маман.

Сауран аудандық полиция бөлімінде қызмет ететін Ақмаржан Мәлікқызы жастайынан тәртіп сақшысы болуды арман еткен. Ол мектеп жасында жүріп, ел үшін еңбек етуді ойлап, көп ізденді.

Алғашқы еңбек жолын Шымкент қаласы Еңбекші аудандық полиция бөлімі тергеушінің көмекшісі қызметінен бастады. Үш жыл осы бағытта еңбек еткен Ақмаржан кейнгі қызметтерін Түркістан облыстық полиция департаменті мен Кентау қаласы, Сауран аудандарында нәтижелі жалғастырды.

Полиция майоры тәжірибесін шыңдай жүріп, мінсіз атқарған қызметі үшін басшылық тарапынан марапаттауларға ие болды.

Қазіргі таңда Ақмаржан әйелерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы қызметін атқаруды қолға алған. Осы лауазым жүктелген жауапкершілікті жоғары деңгейде орындайтын ол, бұл қызметке де бар күш жүгерімен кірісті.

«Біз әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, бала мен ананы қорғау және отбасының қоғамдағы рөлінің нығаюы үшін қолданылатын шаралармен тұрғындарды таныстырып отырамыз. Егер әйел күйеуінен жәбір көріп, жедел жәрдемге қоңырау шалса, ауруханаға түскен соң «Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша тізім» журналына тіркеледі. Біз іс ашып, айыппұл жазасы және әкімшілік қамау жазаларын тағайындаймыз”, – дейді ол.

Полиция майорының түрлі тағдырмен бетпе-бет келіп, қиын жағдайға тап болған әйелдер мен балалардың құқығын қорғап, оларға қолдау көрсетіп, жаңа өмірге үміт сыйлап жүрген еңбегі – ерекше құрметке лайық.

Ақмаржанның табандылығы, батылдығы, азаматтарға деген жанашырлығы, көптеген отбасының қауіпсіздігін сақтап, талай жанның тағдырын өзгертіп жүргені — қоғамға қосқан өлшеусіз еңбек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *