ТҮРКІСТАН:  БІРЛІКТІ НАСИХАТТАҒАН ЖИЫН

 

Түркістан қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) кеңесінің ауқымды отырысы ұйымдастырылды. Алқалы жиынға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері және қоғам белсенділері қатысты.

Келелі басқосу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылы қабылдаған екі стратегиялық құжаты жан-жақты талқыланды. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлігіміз – әралуандықта» 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы ерекше назарға алынды. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жүргізіп, қатысушыларға сөз кезегін берді.

Кеңесте облыстық ҚХА жанындағы өзбек этномәдени бірлестігі төрғасының орынбасары Райымжан Алибаев, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылық топтың жетекшісі Сейдулла Садықов және ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов баяндамалар жасап, ҚР ішкі саясатының негізгі қағидаттары мен ҚХА-ның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын талқылады. Сондай-ақ, ҚР Президентінің «Түркістан» газетіне берген сұхбатының негізгі басымдықтары талқыланды, қатысушылар өз ой-пікірлерін білдірді.

Жиында этномәдени бірлестіктер мен Ассамблея құрылымдарының алдағы жұмысына қатысты нақты ұсыныстар айтылды. Олардың ішінде этносаралық қатынастарды тұрақты мониторингтеу, «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Салауатты сана» қағидаттарын кеңінен насихаттау, жастар мен еріктілерді Ассамблея жобаларына тарту, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарында жасанды интеллект технологияларын қолдану, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі арандатушылық контенттің алдын алу шаралары ерекше айтылды.

Қоғамдық келісімді нығайту, азаматтық бірегейлікті қалыптастыру және «Әділетті Қазақстан» қағидатын күнделікті тәжірибеде жүзеге асыру мақсатында өткен жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы Мемлекет басшысының тапсырмалары Түркістан облысында сапалы әрі жүйелі түрде орындалуы қажеттігін атап өтті. Жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріліп, бұл бағыттағы жұмыстар бақылауға алынды.

Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, кеңес нәтижесі өңірдегі этномәдени бірлестіктер мен қоғам белсенділерінің жұмысына жаңа серпін беріп, азаматтық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған жүйелі іс-шаралардың жалғасуына жол ашты.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *