ТҮРКІСТАН: КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЖАҢҒЫРУ БІЛІМ ЖҮЙЕСІНЕ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР БЕРЕДІ

 

Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформалар ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды саяси-құқықтық бетбұрыс болып отыр. Бұл бастамалар мемлекеттің басқару жүйесін заман талабына сай жетілдірумен қатар, қоғам мен билік арасындағы өзара сенім мен жауапкершілікті нығайтуға бағытталған. Ата заңға енгізілетін өзгерістер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп, қоғамдық институттардың тұрақты дамуына құқықтық негіз қалыптастырады.

Ұсынылып отырған Конституцияның жаңа жобасы Қазақстанның ұзақмерзімді даму басымдықтарын айқындайтын стратегиялық құжат ретінде ерекше маңызға ие. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси институттарды жаңғыртуға бағытталған бастамалары аясында әзірленген бұл реформа басқару үдерістерінің ашықтығын арттырып, халықтың мемлекеттік шешімдерге деген сенімін күшейтуді көздейді. Бұл қағидаттар өңірлік деңгейдегі барлық салаларға, соның ішінде білім беру жүйесіне де тікелей әсер етеді.

Аталған конституциялық өзгерістер ең алдымен орта және арнаулы білім беру саласының дамуына тың серпін береді. Себебі білім беру жүйесі – қоғамның зияткерлік әлеуетін қалыптастыратын негізгі тетік. Конституция жобасында адам құқықтарының басымдық ретінде айқындалуы, өмір сүру және қауіпсіз даму құқығының мызғымас құндылық деп танылуы мектеп оқушылары мен колледж студенттері үшін берік құқықтық кепілдік болып табылады.

Орта білім беру ұйымдары – болашақ азаматтың тұлға ретінде қалыптасатын негізгі ортасы. Сондықтан Ата заңда бекітілген әділеттілік, тең мүмкіндік және заң алдындағы теңдік қағидаттары барлық білім мекемелерінің даму бағытын айқындайды. Бұл ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтуға, әрбір баланың сапалы білім алуға тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мемлекеттің бұл бағыттағы жауапкершілігінің күшеюі өңірде бірыңғай әрі нәтижелі білім кеңістігін қалыптастыруға жол ашады.

Сонымен қатар конституциялық реформалар техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің рөлін арттыруға да ықпал етеді. Арнаулы білім беру ұйымдары еңбек нарығына бейімделген, бәсекеге қабілетті маман даярлауда шешуші мәнге ие. Конституциялық деңгейде әлеуметтік әділеттілік пен кәсіби дамуға тең мүмкіндік қағидаттарының бекітілуі колледждер жүйесін жаңғыртуға, жастардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын арттыруға негіз болады.

Мектептер мен колледждердің басқару жүйесінде ашықтық пен жауапкершілік артып, педагогтердің кәсіби дербестігі кеңейе түседі. Мұғалім мен өндірістік оқыту шеберінің мәртебесін нығайту – білім сапасын арттырудың басты алғышарты. Мектеп қабырғасында және арнаулы білім беру ұйымдарында құқықтық сауатты, ел болашағына бейжай қарамайтын жас ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі білім саясатының басты міндеттерінің бірі.

Жалпы алғанда, конституциялық жаңғыру елдегі білім беру жүйесінің тұрақты дамуына берік негіз қалайды. Бұл қадамдар Әділетті Қазақстан қағидаттарын білім саласында нақты іске асыруға мүмкіндік береді.

Ғалымжан ОРЫНОВ,

Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *