ТҮРКІСТАН – ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН ТҰҒЫРЫНДА

        Киелі шаһарда  «Түркістан – Жаңа Қазақстан тұғырында»атты  тақырыпта  Қала күнін мерекелеуге арналған мәдени шара өтті. Зиялы қауым өкілдері мен түрлі сала мамандары, студент жастар, мұғалімдер, сонымен бірге қалаға келген туристер қатысқан шарада алдымен «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының кіре берісінде «Түркістан – рухани құндылығымыздың астанасы» атты тақырыптық кітап көрмесі жасақталды. Көрмеде Түркістан қаласының мәдениеті мен әдебиетінен сыр шертер құнды туындылар қойылды.
Қала күнін мерекелеуге ақ кимешек, ұлттық нақышта киінген «Асылдың көзі — Әжелер» ауылдың алты ауызынан ән айтып, келген қонақтарға ұлттық тағамдарды ұсынды.
Қолөнер мектебінің шеберлері өздерінің қолдарынан шыққан төл туындыларын көрсетті. «Қол өнерім – мол өнерім» атты қаз-қатар орналасқан көрмені тамашалаған жұртшылық он саусағынан өнер тамған шеберлердің бұйымдарына таңданыстарын жасырмады.
Мерекелік шараның негізгі бөлігі концерттік залда жалғасты. Қаламыздың зиялы қауым өкілдері мен ақсақалдары және ардагерлер қауымы құрметті қонақтар қатарында болса, облыстық және қалалық мәслихат депутаттық корпусы керемет кештің куәгерлері болды. Халық театры сахналаған «Иассы шаһары» қойылымы салтанатты шараның шымылдығын түрді. Онда көне шаһардың таңғажайып тарихы бейнеленген.
Тоғыз жолдың торабында тұрған қазақтың қара шаңырағы, ер түріктің бесігі – Түркістанның тарихи, рухани тағдыры Қожа Ахмет Яссауи кесенесімен бүкілхалықтың басын қосуға, бірлігін арттырудың жарқын болмысы. Жүз жылда Түркістан қаласы облыс орталығына айналып, жаңа дәуір басталып, адам танымастай өзгерді. Ертедегі Яссы, ежелгі Түркістан бүгінгі жаңа қалаға айналды. Гүлденген Түркістанның бүгінгі бейнесін айшықтаған Ханша қыз қойылымы көрерменнің жүрегіне жылы жол тапты.
Қаз дауысты Қазыбек бидің баталы сөзі сахнаның әрін аша түсті.
Қала күнін мерекелеу аясында «Керуен сазы» этнофольклорлық ансамблі күмбірлеген күйлерден шашу шашты. Дәулеткерейдің күйі «Көроғлы», Қазанғаптың күйі «Ақжелен» күйлері сахнаны сәнге бөледі. «Керуен сазы» этнофольклорлық және «Бисұлтан» би ансамблінің орындауындағы «Алтын адам» және «Достық» би туындыларын мың бұралған бишілер нақышына келтіре орындады.
Түркілердің түп қазығына айналған Түркістанның әрбір тұрғыны жатқа білетін «Түркістан» әнін әншілер квартеті орындаса, ақ жаулықты әжелер шашу шашып, ұлттық-мәдени этнос өкілдері мерекенің ажарын ашты.
Тарихы терең, хас батырлар мен ұлы тұлғалар шыққан қасиетті топырақ, жылдар бойы рухани астана атанып келген облыс орталығы – Түркістан Жаңа Қазақстан тұғырында. Айтулы мерекелік шараның құттықтау сөзін алған Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков мерекелік құттықтауын жеткізді.
      Сондай-ақ, Түркістан қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов пен Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов және Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Намазбаева Инара Әбдіғаппарқызы құттықтау сөз алып, ізгі тілектерін білдірді.
«Тәулік сайын түрленіп жатқан Түркістанда қайда барсаң даңғыраған даңғыл жол, жиілеген бағдаршам, түрлі ғимараттар мен театрлар бой көтерді. Берекелі істердің атқарылып жатқанына қала тұрғындары куә және де киелі қаланың дамуына бүкіл әлемнің көз тігіп отырғаны аян. Бүгін осынау мерейлі мерекемен баршаңызды құттықтап, Түркістанымыз түлей берсін, деген тілегімді білдіремін» деді Байдулла Жұмадуллаұлы. Қала күні» мерекесіне орай қаланың дамуына белсенді үлес қосқан бірқатар азаматтар қала әкімінің «Құрмет грамотасы» және Алғыс хаттармен марапатталды.
Олардың қатарында Мәдениет үйінің үш бірдей қызметкерлері де бар.
Түркістанның тұрғындары мен шараның құрметті қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында қала әкімінің қолдауымен келген Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстанның өнер жұлдызы, танымал әнші Жұбаныш Жексенұлы өз репертуарындағы танымал әндерден шашу шашып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. «Music soul band» вокалды-аспаптық ансамблі өнер көрсетсе, «Семсер» мен «Этностайл» топтары орындаған «Туған жер» атты әуелеген әнге «Монро» сән көрсетілімінің дефилесі ұсынылды.
Ұлжалғас Шілдебаева мен Райым Бақытұлының орындауындағы «Түркістан» әніне қыз-жігіттер флешмоб орындаса, «Угай» тобының «Алға» әні патриот жастарға рух беріп, ержігіттер спорттық таэквандо жаттығуларынан үзінділер көрсетті. Сахна шымылдығы «Түркістаным Тұраным» әнімен жабылып, көрермендерге мерекелік шаттық сыйлады.

Возможно, это изображение 12 человек, люди стоят и в помещении

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *