Қазақстан Президенті осы уақытқа дейін өткен Консультативтік кездесулердің нәтижесі аймақтық ынтымақтастыққа жүйелі, жан-жақты әрі, ең бастысы, сенімді сипат беріп, бұрын-соңды болмаған деңгейге шығарғанын айтты.
– Бірлескен күш-жігердің арқасында жылдар бойы қордаланған мәселелер шешіліп жатыр. Аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдануда. Шекара, сумен қамтамасыз ету, миграция мәселелері жоспарлы түрде реттеліп, өзара саудадағы көптеген кедергілер жойылды. Шекарадағы өткізу пункттері жаңғыртылып жатыр. Көлік қатынасының мүмкіндіктері кеңейіп, жаңа бағыттар ашылуда. Сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастық қарқынды дамып келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, мәдени-гуманитарлық байланыс мазмұндық тұрғыдан толықтырылуда. Мемлекет басшысы мәдениет күндері, қолөнер шеберлерінің көрмесі, ұлттық тағам фестивальдері, жастар форумдары мен басқа да іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келе жатқанына назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттер басшылары аймақтық ынтымақтастықты, соның ішінде Консультативтік кездесулер форматын дамыту үшін барынша күш-жігер жұмсап отырғанын жеткізді. Қазақстанның төрағалығы аясында қауіпсіздік пен экономикалық серіктестікті нығайтуға, қоғамдағы әйелдердің рөлін күшейтуге, сараптамалық тұрғыдан ықпалдастықты кеңейтуге бағытталған көптеген бірлескен іс-шара ұйымдастырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргідей күрделі геосаяси және экономикалық жағдайда аймақтағы ынтымақтастықтың жоғары даму қарқынын сақтау өте маңызды деп санайды. Осы орайда Мемлекет басшысы Орталық Азияның өркендеуіне ықпал ететін бірқатар өзекті міндетке тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев президенттерді Орталық Азияны қауіпсіз, ынтымағы жарасқан әрі өркендеген кеңістік ретінде сақтау үшін барынша күш-жігер жұмсауға шақырды.
Президент атаған тағы бір маңызды міндет – жан-жақты ықпалдастықтың берік экономикалық базасын қалыптастыру. Соңғы жылдары бұл бағытта елеулі нәтижеге қол жеткізілді. Өңір ішіндегі сауда көлемі біртіндеп ұлғайып келеді. Бұл көрсеткіш 11 миллииард долларға жетті. Мемлекет басшысы тауар айналымын арттыру және оны 15 миллиард долларға жеткізу маңызды екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Орталық Азия Іскерлік кеңесін құру туралы ұсынысты қолдайтынын мәлімдеді. Оның пікірінше, аймақтың көлік-транзит әлеуетін одан әрі ілгерілетудің, сондай-ақ Орталық Азияның көлік жүйесін дамыту жөніндегі кешенді стратегияны қабылдаудың мәні зор.
Өңірдің күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе – су-энергетика ресурстарын рационалды пайдалану. Мемлекет басшысы суды пайдаланудың тең құқылы әрі әділ тәртібіне, өзара міндеттемені мүлтіксіз орындау ережесіне негізделген жаңа су саясатын қалыптастыру керек деп санайды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан білім беру, ғылым, мәдениет және адами капиталды дамыту салаларындағы бесжақты ынтымақтастықты кеңейтуді әрдайым құптайды. Қазіргі уақытта Орталық Азияда бірыңғай жоғары білім кеңістігі қалыптасуда.
Қасым-Жомарт Тоқаев ақпараттық-сараптамалық саладағы ықпалдастықты жандандыру қажет екеніне назар аударды. Мемлекет басшысы бірлескен медиаөнімдерді шығару жұмыстарын қолға алу жөнінде үкіметтерге тапсырма беруді ұсынды.
– Ортақ тарихи сюжеттерді экранизациялауға, халықтарымыздың достығы мен ынтымағын дәріптеуге ерекше мән беру керек. Біз жалпыөңірлік телеарна және ақпараттық интернет-порталын ашу мәселесін талқыладық. Бұл ретте Орталық Азия елдерінің телехабар тарату саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді әзірлеп, қол қоюдың маңызы зор, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанның өңірлік серіктестікті жан-жақты нығайтуды және Орталық Азияның әлемдік аренадағы рөлін арттыруды көздейтін стратегиялық бағдары өзгермейтінін атап өтті.
– Біз ұлттық деңгейде «Табысты Орталық Азия – Табысты Қазақстан» формуласын берік ұстанамыз. Өңіріміздің болашағы тек елдеріміз арасындағы сенімді диалог пен ынтымақтастыққа, барлық ішкі және сыртқы сын-қатерлерге лайықты жауапты бірлесіп іздеуге байланысты екеніне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.
Консультативтік кездесуде Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.
Жиын соңында Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке Консультативтік кездесудің келесі төрағалық міндетін табысты атқаруына тілектестік білдірді.