«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ: КЕНТАУДА ӨНДІРІС ДАМЫП, ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ АШЫЛАДЫ

«Әділет» партиясының Түркістан облыстық сайлауалды штабының өкілдері Кентау трансформатор зауытының еңбек ұжымымен кездесіп, партияның 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, өнеркәсіп саласының әлеуетін арттыру, инвестиция тарту және халықты тұрақты жұмыспен қамту мәселелері кеңінен талқыланды.

Жиында Түркістан облысының экономикалық өсімін қамтамасыз етуде өндіріс орындарының маңызы ерекше екені атап өтілді. Сондай-ақ қолданыстағы кәсіпорындардың жұмысын жандандыру, жаңа өндірістік жобаларды іске қосу және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау арқылы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайту қажеттігі сөз болды.

«Сайлауалды бағдарламада өнеркәсіп саласын өркендету, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, жаңа кәсіпорындар ашу және халықты тұрақты жұмыспен қамту мәселелері басымдыққа ие. Алдағы бес жылда Түркістан облысында 105 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Соның ішінде Кентау қаласында 6 жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 1 200-ден астам жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Бұл бастамалар қаланың өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтіп, тұрғындардың еңбекпен қамтылуына жол ашады», – деді «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық сайлауалды штабтың басшысы Алмас Салимов.

Аталған жобалардың жүзеге асуы Кентау қаласының экономикалық белсенділігін арттырып, өндірістік бағыттағы кәсіпорындардың дамуына серпін бермек. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылу деңгейін көтеруге, отбасылардың табысын арттыруға және қаланың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді.

Кездесу барысында жұмыспен қамту саясатына қатысты жоспарлар да назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, сайлауалды бағдарлама аясында жыл сайын субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру, қоғамдық жұмыстардың ауқымын кеңейту, жастар практикасын дамыту және «Күміс жас» жобасы арқылы егде жастағы азаматтарды еңбекке тарту көзделген.

Бұл шаралар еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді кеңейтіп, әртүрлі санаттағы азаматтарға қолдау көрсетуге бағытталған. Әсіресе жастардың еңбек жолын бастауына, кәсіби тәжірибе жинақтауына және өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына жағдай жасау маңызды міндеттердің бірі ретінде белгіленген. Ал тәжірибелі әрі еңбек етуге ниетті аға буын өкілдері үшін «Күміс жас» жобасы жұмысқа орналасудың қосымша мүмкіндігін ұсынады.

Жиын барысында зауыт қызметкерлері де өндіріс саласын дамыту, еңбек жағдайын жақсарту және жұмыспен қамту бағытындағы өзекті мәселелер бойынша пікірлерін ортаға салды. Партия өкілдері еңбек ұжымының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сайлауалды бағдарламада қамтылған басым бағыттар жөнінде түсініктеме берді.

Кездесу қорытындысында өнеркәсіптің өркендеуі, инвестициялық жобалардың іске асуы, отандық өндіріс көлемінің ұлғаюы және еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайын жақсарту бір-бірімен тығыз байланысты міндеттер екені атап өтілді. Бұл бағыттағы бастамалар Кентау қаласының даму әлеуетін арттырып, өңір экономикасының нығаюына негіз болмақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *