Түркістан қаласындағы мәдениет үйінде «Әділет» партиясының 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын таныстыруға арналған кездесу өтті. Жиынға партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық сайлауалды штабтың жетекшісі Алмас Салимов, штаб мүшелері және қала тұрғындары қатысты. Басқосуда алдағы бес жылда өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға және елді мекендердің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған басым міндеттер талқыланды.

Кездесу барысында Алмас Салимов партияның облыстық сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, құжат өңірдің өзіндік ерекшеліктері мен тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін өзекті мәселелерді ескере отырып әзірленгенін атап өтті. Оның айтуынша, бағдарламада Түркістан облысының экономикалық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, әлеуметтік салалардың сапасын арттыру және халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту бойынша нақты бастамалар қамтылған.

Штаб жетекшісі 2031 жылға дейінгі кезеңде жүзеге асыру көзделген жұмыстарға тоқталып, жаңа жұмыс орындарын ашу, инвестиция тарту және кәсіпкерлікті қолдау мәселелерінің айрықша маңызға ие екенін жеткізді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығының өндірістік әлеуетін арттыру, жол инфрақұрылымын жақсарту, инженерлік-коммуналдық желілерді жаңарту және елді мекендердің тұрмысқа қолайлы ортасын қалыптастыру бағытындағы міндеттер де бағдарламада кеңінен қамтылған.
Әлеуметтік саладағы басымдықтар да назардан тыс қалмаған. Атап айтқанда, білім беру мен денсаулық сақтау қызметтерінің сапасын көтеру, жаңа мектептер мен медициналық мекемелер салу, жастардың білім алуына және кәсіби дамуына мүмкіндік жасау, бұқаралық спортты қолдау көзделіп отыр. Бұған қоса, цифрлық технологияларды кеңінен енгізу, мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыру және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстарды күшейту де маңызды міндеттердің қатарында.
Алмас Салимов өз сөзінде партия бағдарламасының тоғыз негізгі басымдығына жеке-жеке тоқталды. Олар – «Заң мен тәртіп», «Тиімді институттар», «Қуатты өңірлер», «Әділ экономика», «Цифрлық мемлекет», «Әлеуметтік ынтымақтастық», «Адам әлеуеті», «Жаңа мәдениет» және «Таза Қазақстан». Аталған бағыттар қоғамдық тәртіпті нығайтуға, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға, экономиканы дамытуға және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Әрбір басымдық өңірдің тұрақты дамуына қажетті өзекті мәселелерді қамтиды.
Жиында экономикалық өсімнің маңызды тетіктерінің бірі саналатын инвестициялық жобалар мен халықты жұмыспен қамту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Жоспарға сәйкес, 2031 жылға дейін Түркістан облысында 105 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Сонымен бірге шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай қалыптастыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласын өркендету бағытындағы жұмыстарға басымдық берілмек. Бұл бастамалар жаңа өндіріс орындарының ашылуына, өңір экономикасының кеңеюіне және мыңдаған тұрғынның тұрақты жұмыспен қамтылуына мүмкіндік туғызады.
Кездесуде сайлауалды бағдарламада белгіленген міндеттерді орындау барысында тұрғындармен тұрақты әрі ашық байланыс орнатудың маңыздылығы да атап өтілді. Алмас Салимовтың айтуынша, халықтың ұсыныс-пікірлерін ескеру, қоғамдық бақылауды күшейту және мәслихат депутаттарының атқарған жұмыстары бойынша тұрақты есеп беруі бағдарламаның тиімді жүзеге асуына ықпал етеді. Өйткені өңірдің дамуына қатысты шешімдер қабылдау кезінде тұрғындардың талап-тілектері мен күнделікті өмірде кездесетін мәселелері басты назарда болуы қажет.
Басқосу соңында қала тұрғындары өздерін толғандырған сауалдарын қойып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Партия өкілдері көтерілген мәселелер бойынша түсініктеме беріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап қайтарды. Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, тұрғындарға партияның алдағы бес жылға арналған бағдарламасымен жан-жақты танысуға мүмкіндік берді.

