«Әділет» партиясының Түркістан облыстық мәслихаты депутаттығына кандидаттарының сайлауалды штабының мүшелері Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылының тұрғындарымен кездесті. Ауылдық мәдениет үйінде өткен басқосуға облыстық сайлауалды штабтың жетекшісі Алмас Салимов пен штаб мүшелері қатысып, партияның 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды.
Кездесу барысында ауылдық аумақтарды дамыту, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңарту мәселелеріне басымдық берілді. Штаб жетекшісі Алмас Алтайұлы партия бағдарламасында өңірдің даму ерекшеліктері мен ауыл тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелер ескерілгенін атап өтті. Оның айтуынша, ауылдардың әлеуетін арттыру үшін инфрақұрылымдық жобаларды жүйелі жүзеге асыру, кәсіпкерлікті қолдау және халықты тұрақты жұмыспен қамту маңызды.
– Бағдарламада ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсарту, инфрақұрылымды жаңарту, кәсіпкерлікті қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелеріне ерекше мән берілген. Атап айтқанда, облыстағы елді мекендерді табиғи газбен қамту деңгейін 75,6 пайыздан 97 пайызға жеткізу, жергілікті жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 98 пайызға арттыру көзделген. Бұл ауылдардың инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді штаб жетекшісі.
Ауылдық елді мекендердің тұрақты дамуы үшін экономикалық мүмкіндіктерді кеңейту де маңызды бағыттардың бірі ретінде белгіленген. Осыған орай, алдағы кезеңде облыста 105 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар шағын және орта бизнестің өнім көлемін 30 пайызға ұлғайту көзделген. Бұл бастамалар кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және жергілікті тұрғындардың табыс табу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Білім беру саласын дамытуға да ерекше назар аударылған. Сайлауалды бағдарламаға сәйкес, 5 450 орынға арналған 25 нысан салу және 26 мектепті күрделі жөндеуден өткізу міндеті қойылған. Бұдан бөлек, мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл балалардың сапалы білім мен тәрбие алуына қажетті жағдай жасауға, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ауыл жастарының кәсіби білім алуына, заманауи еңбек нарығына қажетті дағдыларды меңгеруіне және өз қабілеттерін дамытуына жағдай жасау мәселелері де талқыланды. Өйткені жастардың сапалы білім алып, сұранысқа ие мамандықтарды игеруі ауылдық аумақтардың болашақтағы дамуына тікелей ықпал етеді.
Жиында цифрлық инфрақұрылымды дамыту, елді мекендердегі интернет сапасын жақсарту, денсаулық сақтау қызметтерінің қолжетімділігін арттыру және спорт нысандарын жаңарту мәселелері де сөз болды. Бұл бағыттар ауыл тұрғындарының күнделікті өміріне қолайлы жағдай қалыптастырумен қатар, әлеуметтік қызметтердің сапасын көтеруге бағытталған.
Басқосу барысында штаб мүшелері бағдарламада көзделген бастамалардың мән-маңызын түсіндіріп, ауылдық аумақтарды дамытуға қатысты жоспарлармен бөлісті. Сондай-ақ тұрғындармен ашық пікір алмасып, олардың ұсыныстары мен талап-тілектерін тыңдады.
Кездесу соңында Ескі Иқан ауылының тұрғындары мен жастары өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Қатысушылар партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен танысып, ауылдың болашағына қатысты ойларын жеткізді. Өз кезегінде штаб өкілдері қойылған сұрақтарға жауап беріп, айтылған ұсыныстарды назарға алды.

