«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ: ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА ӨҢІРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ БАСЫМДЫҚТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

 

Түркістан облысында «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстыру және оның негізгі бағыттарын қоғам арасында талқылау жұмыстары жалғасуда. Осы мақсатта партияның Түркістан облыстық сайлауалды штабының мүшелері мен облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттар Ордабасы ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді.

Жиынға «Әділет» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыстық сайлауалды штабтың жетекшісі Алмас Салимов, аудандық штаб мүшелері, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Кездесу барысында өңірдің даму перспективалары, қоғамды толғандырған өзекті мәселелер және алдағы кезеңде жүзеге асырылуы тиіс басым міндеттер кеңінен сөз болды.

Басқосу аясында партияның «Әділетті болашақ үшін» атты бес жылдық сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылды. Бағдарламада елдің саяси және әлеуметтік жаңғыруына, экономикалық өсімді қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, сондай-ақ халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған міндеттер қамтылғаны айтылды.

Алмас Салимов өз сөзінде елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси жаңғыру үдерістеріне тоқталып, заң мен тәртіп қағидаттарын нығайтудың, қоғамдық жауапкершілікті арттырудың және өңірлердің тұрақты дамуын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелерді шешу және халықпен тұрақты байланыс орнату қажеттігін жеткізді.

Кездесу барысында облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттар да өз бағыттары бойынша пікір білдіріп, сайлауалды бағдарламада көзделген міндеттерді түсіндірді. Атап айтқанда, елді мекендердің инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымын жетілдіру, жолдардың сапасын жақсарту, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысын дамыту мәселелеріне назар аударылды.

Бұдан бөлек, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту, өндіріс орындарының әлеуетін арттыру, тұрақты жұмыс орындарын ашу және жастардың жұмыспен қамтылуына жағдай жасау бағытындағы бастамалар сөз болды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заң талаптарының сақталуы мен азаматтардың құқықтарын қорғау да маңызды міндеттердің қатарында екені атап өтілді.

Жүздесу барысында ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері де өз ойларын ортаға салып, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді сақтаудың маңызына тоқталды. Қатысушылар қоғамдағы тұрақтылықты нығайту, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне көңіл бөлу және өңірдің өркендеуіне бағытталған жұмыстардың жүйелі жүргізілуі жөнінде пікір алмасты.

Кездесу ашық диалог форматында жалғасып, тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Партия өкілдері қатысушылардың сауалдарына жауап беріп, айтылған ұсыныстардың маңыздылығын атап өтті.

Жиын қорытындысында қатысушылар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерді талқылап, партияның сайлауалды бағдарламасында белгіленген бастамаларға қолдау білдіретіндерін жеткізді.

Айта кетейік, тұрғындармен мұндай кездесулер сайлауалды бағдарламаның мазмұнын кеңінен түсіндіруге, қоғамдық пікірді зерделеуге және жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді талқылауға бағытталған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *