«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ: ТӨЛЕ БИ АУДАНЫНДА ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІН ЖЕТІЛДІРУ БАҒЫТТАРЫ ҚАРАЛДЫ

 

Түркістан облысында «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстыру және өңір тұрғындарын толғандырған өзекті мәселелерді талқылау мақсатында кездесулер жалғасуда. Осы бағытта партияның Түркістан облыстық сайлауалды штабының өкілдері Төле би ауданында медицина саласының қызметкерлерімен жүздесті.

Басқосуға облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Ғалымжан Елшібай қатысып, партияның «Әділетті болашақ үшін» атты сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары мен әлеуметтік салаға қатысты басымдықтарын таныстырды. Кездесу барысында ауданның денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі жағдайы, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру және халық үшін медициналық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету мәселелері кеңінен талқыланды.

Атап айтқанда, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңарту, емдеу мекемелерін заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, медициналық қызметтердің сапасын жақсарту және ауылдық елді мекендердегі денсаулық сақтау нысандарының жұмысын жетілдіру қажеттігі айтылды. Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін арттыру мен тұрғындарға уақытылы әрі сапалы медициналық көмек көрсету мәселелеріне назар аударылды.

Ғалымжан Елшібай өз сөзінде денсаулық сақтау саласының қоғам өміріндегі маңызына тоқталып, партия бағдарламасында әлеуметтік бағыттағы міндеттерге ерекше орын берілгенін атап өтті.

– Партия бағдарламасында әлеуметтік саланы дамытуға, соның ішінде денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге басымдық берілген. Халықтың сапалы медициналық көмекке қол жеткізуі – маңызды міндеттердің бірі. Осыған байланысты ауылдық елді мекендердегі медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру, денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту, олардың материалдық-техникалық мүмкіндіктерін кеңейту және саланың кадрлық әлеуетін нығайту бағытындағы бастамалар қамтылған. Бұл ретте медициналық көмектің сапасын арттырумен қатар, медицина мамандарының кәсіби дамуына да жағдай жасау қажет, – деді Ғалымжан Елшібай.

Жиында денсаулық сақтау саласындағы кадр мәселесі де қозғалды. Атап айтқанда, білікті мамандарды даярлау, жас дәрігерлерді ауылдық жерлерге тарту, медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін тұрақты жетілдіру және олардың еңбек жағдайын жақсарту қажеттігі сөз болды.

Сондай-ақ медицина мамандарының қоғам алдындағы жауапкершілігі мен күнделікті еңбегінің маңыздылығы атап өтілді. Денсаулық сақтау саласының тиімді жұмыс істеуі тек медициналық мекемелердің техникалық мүмкіндіктеріне ғана емес, ондағы қызметкерлердің кәсіби тәжірибесі мен еңбек жағдайына да байланысты екені айтылды.

Кездесу ашық диалог форматында жалғасын тапты. Өз кезегінде медицина саласының өкілдері денсаулық сақтау жүйесіне қатысты ой-пікірлерін білдіріп, күнделікті қызмет барысында кездесетін мәселелерді ортаға салды. Сонымен қатар медициналық қызмет сапасын жақсарту, мамандарды қолдау және саланың даму перспективалары жөнінде ұсыныстарын жеткізді.

Партия өкілдері қатысушылардың сауалдары мен ұсыныстарын тыңдап, сайлауалды бағдарламада қамтылған бағыттар бойынша түсініктеме берді. Жиын соңында медицина қызметкерлері талқыланған мәселелерге қатысты пікірлерін білдіріп, партия бағдарламасының әлеуметтік салаға арналған бастамаларын қолдайтындарын жеткізді.

Мұндай кездесулер сайлауалды бағдарламаның мазмұнын түсіндірумен қатар, түрлі сала өкілдерінің ұсыныстарын тыңдап, өңірдің әлеуметтік дамуындағы өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *