«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ: ТӨЛЕ БИ АУДАНЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МЕН ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысында «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасын халық арасында таныстыру және өңірдің өзекті мәселелерін талқылау бағытындағы кездесулер жалғасуда. Осы мақсатта партияның Түркістан облыстық мәслихаты депутаттығына кандидаттары мен сайлауалды штабының мүшелері Төле би ауданының тұрғындарымен жүздесті.

Кездесуге «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Алмас Салимов, сайлауалды штаб мүшелері, сондай-ақ облыстық және аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар қатысты. Жиын барысында өңірдің даму перспективалары, ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту және тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелер кеңінен сөз болды.

Басқосу кезінде партияның «Әділетті болашақ үшін» атты 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтары таныстырылды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласын қолдау, су ресурстарын тиімді басқару, өңір экономикасына инвестиция тарту, шағын және орта кәсіпкерлікті өркендету, жаңа жұмыс орындарын ашу және ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Алмас Салимов өз сөзінде Түркістан облысының экономикалық дамуында аграрлық сектордың алатын орны айрықша екенін атап өтті. Оның айтуынша, өңір тұрғындарының едәуір бөлігі ауылдық жерлерде тұратындықтан, ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру, шаруалардың еңбегін қолдау және өндіріс көлемін ұлғайту маңызды міндеттердің бірі саналады.

– Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы жақсы дамыған, егін және мал шаруашылығына қолайлы мүмкіндіктері бар өңір. Сондықтан аграрлық саланы жүйелі қолдау мен оның тиімділігін арттыруға бағытталған жұмыстарды күшейту қажет. Бұл ретте су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, қолданыстағы суару каналдарын жаңғырту, жаңа су қоймаларын салу және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың жұмысын дамыту көзделген. Мұндай бастамалар шаруалардың өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, ауылдық елді мекендерде жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті экономиканың нығаюына ықпал етеді, – деді Алмас Салимов.

Сонымен қатар сайлауалды бағдарламада ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын жетілдіру, кәсіпкерлік бастамаларға қолайлы жағдай жасау және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері де қамтылғаны айтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, жергілікті өндірісті жандандыруға және елді мекендердің даму қарқынын күшейтуге мүмкіндік береді.

Жиында әлеуметтік салаға қатысты міндеттер де назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, халықты тұрақты жұмыспен қамту, жастарға кәсіби тәжірибе жинақтауға жағдай жасау, отбасыларды әлеуметтік қолдау, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Партия өкілдері бұл бағыттардың барлығы тұрғындардың күнделікті өмірімен тікелей байланысты екенін атап өтті.

Кездесу барысында тұрғындар да белсенділік танытып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Ауыл шаруашылығын өркендету, су мәселесін шешу, кәсіпкерлікке қолдау көрсету және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту жөнінде пікірлер айтылды. Қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, партия өкілдерінен жауап алды.

Жүздесу ашық диалог форматында өтіп, тараптар өңірдің болашақ дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелерді талқылады. Тұрғындар партияның сайлауалды бағдарламасында көтерілген бастамаларға қолдау білдіріп, ауылдық аумақтардың әлеуетін арттыруға бағытталған ұсыныстардың маңыздылығын атап өтті.

Айта кетейік, мұндай кездесулердің негізгі мақсаты – сайлауалды бағдарламаның басым бағыттарын халыққа кеңінен түсіндіру, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдау және өңірдің дамуына қатысты өзекті мәселелерді бірлесе талқылау.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *