25 қазан — Республика күні мен «Қала күні» мейрамдарын атап өту жөніндегі мерекелік шаралардың салтанатты ашылуына орай бүгін қаланың шыға берісінде орналасқан
«Жібек жолы» саябағында «Күн сәулелі — Республикам» тақырыбында мерекелік шара өтті.
Елдігіміз бен кең байтақ республикамыздың рухын асқақтатар шараға Түркістан жоғары көпсалы, қолөнер колледжінің студенттері жалаушаларын желбіретіп, көк байрағымызды көк аспанда қалықтатып атсалысты.
Ал, Түркістан қалалық Мәдениет үйінің жезтаңдай әншілері патриоттық жанрда ән шырқап, халықтың ықыласына бөленді.
Республика күнімен тұспа-тұс келер Қала күнін мерекелеу осылайша патриоттық үрдіспен жалғасын тапты. Ел мен жерді, егемендік пен татулықты әнге арқау еткен өнерпаздар маңызы айрықша шараға әуезді әндері арқылы үлес қосты.
Өздеріңіз білесіздер ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтарып, жыл сайын еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуімізді ұсынды. Осыған орай, 25 қазан – Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символына айналды. Тарихқа көз салсақ, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Бұл еліміздің Тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы еді.
Республика күні – барша қазақ халқының жеткен жетістігі, бірлігі мен татулығын паш ететін ортақ мереке. Бұл күн – Қазақстан елі, жері, рәміздері, тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы еңбектері ардақталатын күн.
Бұл күн – ата-бабамыз аңсаған арманның жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған Ұлы күн. Осындай маңызы бар тарихи думанда еліміздің туы мен мәртебесі асқақтап, келешегі көркейе берсін.Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақыт, сәтті күндер, зор жетістіктер тілеймін.
Республика күні мәңгі жасай берсін!