Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау шаралары және олардың қоғам өміріне қатысуы үшін тең мүмкіндіктер жасау Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13-сәуірдегі «Қазақстан Республикасының мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңымен, сондай-ақ, 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі Ұлттық жоспар және Мүгедектердің құқықтары туралы Конвенциямен қарастырылған.
Республикалық «Қамқор жүрек» ҚБ төрайымы Ләззат Салықованың айтуынша, қазіргі таңда елімізде 66 мыңға жуық адам түрлі дәрежедегі мүгедектігі бар жандар. Ал Түркістан қаласының өзінде 9011 мүмкіндігі шектеулі адам бар. Осыған орай, қоғамдық бірлестік өкілдері қала әкімінен қазірге дейінгі салынған нысандар мен ғимараттарда мүгедектердің сұранысына орай қайта бейімдеу жүргізу және болашақтағы салынатын құрылыстарда пандус, кеңейтілген дәретхана, лифтінің қолайлылығы, көзі көрмейтіндерге арналған жол, брайл жазулары болуын талап етіп отыр.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Динара Жипсибаеваның айтуынша, бүгінгі таңда жеке оңалту бағдарламасына сәйкес мүгедектігі бар азаматтарға республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен протездік-ортопедиялық көмек, арнаулы жүріп –тұру құралдары, техникалық (көмекші) құралдар, шипажайлық емдеу, міндетті гигиеналық құралдар, ымдау тілі маманының және жеке көмекшілердің қызметтері көрсетіледі. 2021 жылдың 7 айында осындай техникалық көмекші құралдармен және әлеуметтік қызметтермен 866,8 млн. теңгеден астам қаражатқа 2522 мүгедектігі бар азаматтар қамтылды.
Бас қосуда айтылғандай, қазіргі таңда барлық аймақтарда қол жетімді ортаны құру үшін мүгедектігі бар азаматтардың қолайлы жағдайын бағалау үшін әлеуметтік маңызы бар нысандарды төлқұжаттау және бейімдеу жүргізіледі.
Түркістанда биылғы жылы 20 нысан бейімдеуден өткізу жоспарланса, 10 нысаны реттелді. Ерекше қорғалған жандарды қолдау мақсатында Түркістанда «Тең Қоғам» орталығын құру жоспарлануда. Орталықта мамандар құқықтық кеңестер мен бағыт береді. Азаматтардың сұранысы мен мүмкіндігіне қарай жұмыспен қамту шараларына тартып, кәсіпке баулиды. Тұрғын үймен қамту мәселелеріне қатысты кеңестер береді. Осы мекемеде aleumet.egov.kz порталы арқылы өздеріне тиесілі түрлі әлеуметтік қызметтерге тапсырыс беруге мамандар көмектесетін болады.
Қала әкімінің ізгілікті қоғам құрудағы қадамына қоғам белсенділері қолдау көрсетіп, барлық өзекті жайларды жариялы түрде, бірлесе шешуге уағдаласты. І.АБЫДХАНҰЛЫ