ТҮРКІСТАНДА АВТОЭЛЕКТРИК МАМАНДЫҒЫНА СҰРАНЫС АРТЫП КЕЛЕДІ

Бүгінгі таңда автоэлектрик мамандығына сұраныс күннен күнге артып отыр. Өйткені, сарапшылардың зерттеуі бойынша қазір әлемдегі әр 3-ші адамда автокөлік бар. Сондықтан, кез-келген техника бұзылған сәтте автоэлектрик маманына жүгінетіні айтпаса да белгілі. Біз бүгін осы кәсіпті меңгеріп, отбасын асырап отырған Түркістан қаласының тұрғыны Акрам Ибрагимовпен сұхбаттасқан едік.

– Бұл мамандықты таңдауыңызға не себеп болды, жалпы осы салаға қызығушылығыңыз жайлы айтып өтсеңіз?

– Жастайымнан автокөлік жөндеуді ұнататынмын. Орта мектепті аяқтаған соң, №21 кәсіптік-лицейінде автоэлектрик мамандығы бойынша білім алдым. Содан кейін Оңғар есімді электрик ағамыздың қолына шәкірт болдым. Екі жыл автоэлектрик кәсібін толық игергеннен соң, тәжірибе арттыру үшін Шымкенттегі «Gazelle» жөндеу орталығында 2 ай, одан кейін Алматы қаласында Максим есімді кісінің автоэлектрик диагностика орталығында 2 ай тәжірибемді арттырдым. Сонан соң, 2005 жылдан бері Газель көліктерін жөндеп, халыққа қызмет етіп келемін.

– Сөзіңізге қарағанда, бұл саланы игеруге 3 жылдай уақыт өтіпті. Жалпы автоэлектрик мамандығын таңдауда адам бойында қандай қасиеттер болуы керек деп ойлайсыз?

– Иә, әрбір жұмыстың жауапкершілігі бар дегендей, 3 жылдай уақыт аралығында оқып, үйреніп, тәжірибе жинақтадым. Негізінен бұл мамандықты салмақты, сабырлы, табанды, мақсат қоя білетін, кез келген кәсіби міндеттерді шешуде оңтайлы шешім таба алатын адамдар игереді. Үнемі ізденісті талап ететін бұл мамандық түрлі қызметтерді жүргізуге, автокөліктердің жаңа маркаларын үнемі зерделеуге, жөндеу мен диагностикалауға арналған барлық жаңа техникалар туралы хабардар болуды қажет етеді. Әуелі маман ақаулықтың себебін дұрыс анықтай алуды үйренуі керек. Автоэлектриктің жұмысы – үнемі жетілуге тамаша мүмкіндік. Өйткені сала бір орында тұрмай, әрқашан инновациялық технологиялармен толығып отырады.

– Тәжірибелі маман ретінде жастардың осы саланы меңгеруге қызығушылығы қандай?

– Бүгінде осы салада еңбек етіп жатқаныма 16 жыл уақыт болды. Осы күнге дейін 4 шәкіртке ұстаздық еттім. Бүгінде олар өздері автокөлік құралын электрмен жабдықтау жүйелерінің диагностикасын жүргізіп, арнайы орталықтарда қызмет етуде. «Мамандық таңдау – өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау. Ең қиын мамандық – адам болып қалу»,-демекші, өмірде алдымен адами қасиетімізді жоғалтпай, адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнатуымыз қажет. Осы мамандықты игеруге жастардың қызығушылы артып келеді. Дегенмен, әркім өмірдегі өз жолын өзі таңдайды. Үйренемін деген жастарға бар іс-тәжірибемді бөлісіп келемін.

– Акрам Каримжанұлы, шамамен бір күнде қанша көлікті жөндейсіз? Түркістанда осы кәсіп иелерінің саны шамамен қанша?

– Автокөліктің жағдайына қарай шешіледі, егер жұмысы күрделі болса 1-2, ал былайша 4-5 автокөлікке қызмет көрсете аламын. Кейде бір көлікке бір күн уақыт қажет ететін күндер болады. Бүгінде автоэлектрик диагностикалық орталықтар мен өз кәсібін дөңгелетіп отырған сала мамандарының санын нақты айту қиын. Өйткені күн өткен сайын бұл салаға сұраныс та артып келеді. Оның үстіне, қаламыз облыс орталығы мәртебесін алғалы бері қаламызға келіп кететін көліктердің де саны артуда. Ыңғайына қарай жеңіл автокөліктерді де жөндеп отырамын. Кейде клиенттер бір-екі күн күтіп қалатын жағдайлар кездесіп тұрады.

– Автокөліктерді жөндеу арқылы осы кәсіптің жемісін көріп отырсыз. Болашақ жоспарыңызбен бөліссеңіз?

– Құдайға шүкір, осы мамандық арқылы отбасымды асырап, жұмысымызды жемісті атқарып жатырмын. Еңбегіме қарай табысым да ойдағыдай. Осы арқылы бүгінде 2 заманауи диагностикалық аппарат сатып алдым. Бұл клиенттердің көзінше автокөлігін тексеруге, техникалық ақауларын көрсетуге, алдағы уақытта оның алдын-алу әдістері туралы хабар етуге зор мүмкіндік беруде. Алдағы уақытта ізденіс арқылы клиенттердің көңілінен шығып, алғысына бөленсем деймін. Өйткені шын ниетпен атқарылған әрбір жұмыс – берекелі, табысты болатыны анық.

– Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз?

– Отбасымыз үлкен. Әкем – Каримжан, анам – Анажан. Бүгінде өмірлік жолдасым Умидамен Мехринса, Даулетбек, Мубәрак, Давранбек, Диярбек есімді ұл-қыздарды тәрбиелеп отырмыз. Жұмысымның жемісті болуында отбасы мүшелерімнің де үлкен әсері бар. Реті келгенде, отбасы мүшелеріме алғысымды айтқым келеді.

– Сұқбатыңыз үшін рахмет.

Рузиахун МАДАЛИЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *