Ерлік жыры бабалардан бізге жетер аманаттың бір парасы. Жай ғана ұран емес. Болмаса ауыз жүзінде айтылып қалатын, оң құлақтан кіріп, сол құлақтан шығатын қажетсіз дүниеге де жатпайды. Ол өнегенің ең асқақ шыңы. Сол үшін де ел басына күн туғанда толарсақтан қан кешетін жауынгерлік рух ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келеді. Осыдан 77 жыл бұрын аталарымыз кеудесін оққа тосып бабалар аманаты болған ерлік жырын тағы бір көрсетті. Ол – қанды тарихқа айналған Ұлы Отан соғысы.
Осы ретте біздің тілге тиек етіп отырған кейіпкеріміз соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлеріміздің бірі. «Өз халқын құрметтеп, сүймеген адам – опасыз, оңбаған адам» деген Бауыржан Момышұлының қасаң қағидасын бойтұмар еткен, Отан үшін өз басын өлімге байлап, ажалмен алысқан жан. Ол кісі киелі шаһардағы жүз жасқа толған қазыналы қарты Немет Абдурасилов ақсақал.
Әр пенденің өмір жолы мың бояулы болатыны белгілі. Ғұмыр кешудің өзіндік ауыр жолдары бар. Осы тұрғыдан 1922 жылы дүниеге келген Немет атаның балдай тәтті балалық шағы керемет болмаған көрінеді. Ғаламат мейірімге бөленген ананың ыстық құшағы мен әкенің аялы алақаны тым қысқа бұйырыпты. Алты жасында қос қормалы келместің кемесіне мініп мәңгілікке кете барған. Дауылды тағдырдың дегеніне көніп кейінгі өмірінде интернатта тәрбиеленіпті.
Соғыс басталған тұста 20 жасында майданға аттанған. Әр жылдары 1-Украина, 1-Беларусь майдандарында, сосын Рейхстагта соғысқа қатысқан. Қолындағы қаруымен бәйгеге түскен өлім мен өмір арпалысында борап тұрған ажал оқтарынан аман өтіпті. Тіпті дала майданындағы ұрыстарда бес рет дене жарақатын да алған. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген халық даналығы айтқандай көрер жарығы бар болып шықты. Соғыс жылдарында көрсеткен ерен ерліктерінің нәтижесінде «Қызыл жұлдыз», 1-2 дәрежелі «Даңқ», 1-дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және басқада 24 медальмен наградталған.
1945 жылы соғысқа жарамсыз болғандықтан елге оралады. Осыдан бастап жаңа өмірдің тағы бір парағы басталып, 23 жасқа толғанда шаңырақ көтереді. Халқына еңбек етуден жалықбай ұзақ жылдар бойы экспедициялық автокөлік кәсіпорнында жүргізуші қызметін абыроймен атқарып зейнетке шыққан.
Бүгінде өткен өмірдің қасіретке толы жаралы тарихын жиі еске алатын қария ғасырмен құрдас. «Ауылда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» дегендей кеудесі толы шер, өткені толы тарих. Асыл жары осыдан 42 жыл бұрын қайтыс болған. Ізін жалғар 5 ұл мен 1 қызды тәрбиелеп өсірген. Ата жолымен «Ұлын ұяға, қызын қияға» қондырған өнегелі отбасы ретінде де көпке таныс. Олардан тараған немере, шөберелері де көз қуанышына айналып, күн сайын болмаса да апталап қара шаңырақта бас қосып тұрады.
Немет ата көрген өмір белестері мен кешулері неше том кітапқа жүк болатындай. Өткен ғасырда Отан үшін отқа түсудің үздік үлгісін жасаған ерлер қатарында есімі алтын әріппен жазылған. Әрине, бүгінгі ұрпаққа қалары бабалар жасаған істердің өнегелі тұстары. Біз пайым етіп отырған ерлік жыры дейтін таным осы кісілердің бойынан біздің ғасырға жетті. Енді осы ғасырдың аманаты оны келер ұрпаққа аманаттау. Айтылған сөз атылған оқ. Ақиқаты аманат атаулыға қиянат болмақ емес.
Сөз соңында ғасыр жасаған ардагерді мерейлі жасымен құттықтап, ол кісіге мықты денсаулық, қажымас қайрат тілейміз. Ғасырлық жүріп өткен дара жолы жүрегімізде, ешкім де, ешнәрсе де ұмтылмақ емес дегіміз келеді!
Үмітбек БАҒДАТ.