БҮГІНГІ ЖАС ҰРПАҚ – БОЛАШАҚ ЗАМАН АДАМЫ

Жастарымыздың білімді де білікті, сауатты да талантты болуы ел болашағының айқын көрінісі болып табылады. Жастардың жақсы білім алуы үшін қарастырылған жан жақты тұжырымдамалар бүгінде бір арнада тоғысып, тәуелсіз елдің пайдасына асып жатыр. Қазірде елімізде жаңа заман балаларына қолайлы орта қалыптастырылып, тиімді тіршілік көру барысында жан-жақты жағдайлар қарастырылған. Мұның бәрі, болашақ қамы, ертеңгі күннің таным-тіршілігі. Жастарды білім және ғылым жолына салып, болашаққа бағдар беру, түзу жолдан тайдырмай, санаға сәуле шашар оқу білімнің тізгінін ұстату мемлекет пен қоғамның міндеттерінің бірі болып табылады. Барлық мықты мемлекеттер жастардың білімі мен оқу-ағарту ісіне көп көңіл бөледі. Келешектің іргетасын қалау үшін, ең алдымен сол елдің жастарының саналы ұрпақ болып жетілуіне күш салу керек.

Жақында ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанға келген сапарында түркістандық жастарменде кездескен болатын. Кездесу барысында жастарға деген ақ тілегін айтып, тілдескен еді.

«Баршаңызды қолдаймын, мақтан тұтамын. Өскелең ұрпақ – біздің үмітіміз, еліміздің болашағы. Біз ардагер болып мәңгі билікте отырмаймыз. Менің ең үлкен мақсатым – жастарға жол беру», – деді Президентіміз Түркістандық жастармен кездесуінде.

Жастар үшін жасалынып жатқан жұмыстар да аз емес. Бүгінде Түркістан қаласында облыстық жастар ресурстық орталығының ғимараты орналасқан. Түркістан өңірінде 470 мыңнан аса жас бар. Бұл — республика жастарының 13%-ын құрайды. Облыс халқының төрттен бірін құрайтын жастардың 80%-дан астамы ауылда тұрады. Олардың арасында еріктілер де баршылық. Қоғамдық жұмыстарға араласып, түрлі бағытта, түрлі жағдайларда халыққа қызмет көрсетіп жүргендері де бар. Қаламызда жастар үшін жастар саясатының негізгі 5 бағыты бойынша семинар-тренингтер, “Қыз тәрбиесі- ұлт тәрбиесі” тақырыбындағы жастармен кездесулер, шығармашылық кеш байқаулары, түрлі халықаралық, облыстық конкурстар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, жас кәсіпкерлер үшін “Бастау Бизнес” мемлекеттік гранттары бөлініп жатыр. Көріп тұрғандарыңыздай жастар үшін жағдай молынан жасалынып жатыр.

Айта кетсем, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыда өңірдің 150-ден астам белсенді жастарымен кездесіп, оларға сенім артатынын айтқан болатын. Облыс әкімі игі істердің басында жүрген ұл-қыздарға өз алғысын білдіріп, оларды өңірдегі жастар саясатына үлес қосуға шақырды.

«Қоғамның қозғаушы күші – жастар. Сіздер болашақтың жас құрылысшысы екендеріңізді еш уақытта естен шығармауларыңыз керек. Барымызды бағалайық. Білім алыңыздар, еңбек етіңіздер, аға буынның ақылына құлақ асыңыздар, үздіксіз ізденісте болыңыздар. Жеке кәсіп ашуға құмар жастар қатары артып келеді. Жалынды жас үшін асу асып, өткелдерден өту қиын емес. Ең бастысы, биік мақсат, мәртебелі мүдде болу керек»,- деді облыс әкімі өз сөзінде.

Біздің жастар өнер, білімді бағындырып ғана қоймай, әр түрлі қайырымдылық шараларымен де айналысуда. Түрлі қиын қыстау кезеңдерде өз көмектерін көрсетіп, үй сыйлап жатқандары да бар.

Белседі жастардың қатарынан мектеп оқуышылары да түспек емес. Өзінің білімі мен талантының арқасында мектеп абыройын арқалап жүрген оқушыларда көп. Мектебіміздің жас спортшылары, шахматтан мектеп ішілік жарыстарда 1 орынды иеленіп жүрген 2 сынып оқушылары Нұрдаулет Тұрарбек пен Алижан Берденәліні ерекше атап өткім келеді. Сонымен қатар, республикалық би сайыстарында алдыңғы орындарды иемденген Айдос Мұхтарбек пен қалалық іс-шараларда өзінің өнеріп көрсетіп, көрерменнің көзайымына айналған Нұрислам Қыдырбай атты талантты балапандарымды да сөзге тиек еткім келіп тұр. Жастайынан өнерге, білімге құштар оқушыларымызды ерекше мақтан тұтамын. Осындай жастардан ел ертеңінің тұтқасын берік ұстайтын азаматтар шығатынына кәміл сенімдімін.

Қазіргі жастар —  көздерінде білімге деген құштарлық, жүректері Отаным деген патриоттық сезімге толы, көкірегі ояу, зерек жаңа заман азаматтары. Бүгінгі жаһандану дәуірінде жастардың жаңару үрдістерімен үйлесімді өмір сүре білуі үшін –терең және жан-жақты білім алуы маңызды факторға айналып отыр. Бүгінгі жас болашақ Қазақстанның жанды бейнесі. Жастарды білім жолына салып, түзу жолдан тайдырмай, санаға сәуле шашар оқу білімнің тізгінін ұстату мемлекет пен қоғамның басты міндеті. Қандай мықты мемлекет болмасын жастардың білімі мен оқу-ағарту ісіне көп көңіл бөледі. Келешектің іргетасын қалау үшін, ең алдымен сол елдің жастарының саналы ұрпақ болып жетілуіне күш салу керек. Елімізде әрбір жастың алаңсыз, білім нәрімен сусындауына барынша жағдай жасалған. Нұрлы болашақтың даңғыл жолында шабысы қатты тұлпардай жүйткіген Қазақстанның жастары текті ұлттың ұрпақтары екеніне келер күн мен атқан таң бірден-бір куәгері болмақ.

Назгул Уалиханова, N31 бастауыш мектеп-балабақша кешенінің бастауыш сынып мұғалімі

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *