ТҮРКІСТАН: ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕ ҚОЗҒАЛДЫ


Түркістан қаласының қоғамдық кеңесі жаңа құрамда іске кіріскенін жария еткен болатынбыз. Осы аптада кеңес мүшелері тағы да бас қосып, қала аумағындағы бірқатар мәселелермен танысып, талқылады. Атап айтсақ, күн тәртібінде аталмыш ұйымның ішкі мәселелерінен бөлек қала аумағында жылу беру маусымына дайындық және жылумен қамту туралы, ҚР 2016 жылғы 6 сәуірдегі «Құқықтық актілер туралы» Заңындағы 20-бабы, 2-ші тармағына сәйкес, Түркістан қалалық мәслихатының 2021 жылғы 24 желтоқсандағы №14/76-VII «2022-2024 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу жөніндегі мәселелер қаралды.
Кеңес мүшелерінің алдында алғаш баяндама жасаған қалалық инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы Ерсейіт Бұхарбаев шаһардың қыс маусымына дайындығын паш етті. Оның айтуынша қаладағы жалпы 10 орталық жылу қазандығы қолданысқа 100 пайыз дайын. Сонымен бірге, қаладағы жалпы саны 40 579 абонентке табиғи газ жеткізілген болса, соның 38 648-і яғни 95,2 пайызы газды пайдаланып отыр. Бұдан бөлек, қала аумағында табиғи газға қосылмаған 3774 теке тұрғынүйлер мен нысандар бар. Олар жылу маусымында жалпы көлемі 21 000 тоннаға тарта қатты отын (көмір) қажет етеді. Бөлім басшысының айтуынша қазіргі таңда 18 500 тонна қатты отын жеткізіліп, тұрғындар алған. Бұл аталмыш көмір тұтынушылардың 90 пайызын құрайды.
Сол секілді жылу мәселесіне қатысты өзге де жайларды баяндаған «Жылу» КММ директоры Е.Рысбеков, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының бөлім басшысы, Түркістан қаласының төтенше жағдайлар басқармасының бастығы А.Сейсеновтерге қоғамдық кеңес мүшелері жан-жақты сұрақтар қойды. Негізгі мақсат – тұрғындардың жылу маусымынан қиналмай шығуы.
Қоғамдық кеңес төрағасы М.Атанбаев өз сөзінде қала тұрғындары қыста жылудан тарықпауы қажеттігін алға тартып, жылуға қатысты ірілі-ұсақты мәселелердің әрбіріне асқан жауапкершілікпен қарауын және тұрғындардың өтініш-тілектерін уақыт созбай шешуге атсалысу қажеттігін айтты. Соның ішінде бүгінгі күні үйлердің алдына орнатылған газ жәшіктерінің ішіндегі жабдықтарының қараусыз қалуы, үйлерге газ кіргізумен айналысатын мердігерлердің жауапкершілігі тұрғысындағы жайларды сала мамандарына жеткізген кеңес төрағасы олқылықтарға жол берген тиісті мекемелер ескертусіз қалмайтынына тоқталды. Сонымен бірге, кеңес мүшесі Т.Мұсаев жиын барысында айтылған газбен қамту жұмыстарының барысында айтылған абоненттер санынын әлі де жүйелеп алу қажеттігіне тоқталды. Себебі тапсырыс беруші мен газ беруші екі мекеменің ұсынған көрсеткіштерінде бірқатар айырмашылықтар бар екенін айтты. Бұл екі түрлі көрсеткіштің соңы уақыт өте келе тұрғындардың яғни, газ тұтынушылардың наразылығына ұласуы ғажап емес. Айта кетерлігі, үйлеріне өз беттерінше газ кіргізіп, рұқсатсыз пайдаланып отырған жандардың қатары аз емес. Осыған орай, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының өкілі мекеме тарапынан түсіністік танытқанымен заң оған мүмкіндік бермейтінін жеткізді. Бұл ретте бірінші кезекте тұрғындардың қауіпсіздігі екені анық. Алайда, тұрғындар газ кіргізумен айналысатын мердігер мекемелердің өкілдерімен өзара ымыраласып, рұқсат алмастан бұрын газ пайдаланады. Ол үшін 50 мың теңге көлемінде айыппұл қарастырылған. Онсыз келісім алу заңға қайшы әрекет болып табылады. Сондықтан үйге газ орнату кезінде үйіңіздің құжаттарын толық рәсімдеп, аталған «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының рұқсатымен бет есебін аштырып, табиғи отынды пайдаланған жөн. Десе де қоғамдық кеңес мүшелері осы жұмыстарды үйлестіру барысында насихат жұмыстарын күшейтіп, заңсыздыққа жол берілмеуін қарастыруды ескертті.


Осылайша өрбіген кеңес отырысында ҚР 2016 жылғы 6 сәуірдегі «Құқықтық актілер туралы» Заңындағы 20-бабы, 2-ші тармағына сәйкес, Түркістан қалалық мәслихатының 2021 жылғы 24 желтоқсандағы №14/76-VII «2022-2024 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу жөніндегі мәселелер қаралып қолдау тапты. Сонымен бірге, кеңес мүшелері жұмыс жоспарына сай алдағы шараларды талқылады. Жиын соңында Түркістан қалалық қоғамдық кеңес мүшелеріне арнайы куәліктер табысталып, қорытындыланды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған