«АУЫЛ АМАНАТЫ»: БАБАЙҚОРҒАНДЫҚ ТҰРҒЫН БӨДЕНЕНІ БАЛАДАЙ БАПТАУДА

Zhenis ISKABAY

Ауыл халқының табысын арттыру, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қолға алынған «Ауыл аманаты» бағдарламасының қолдауының нәтижесінде бөдене шаруашылығына ден қойып, жеке ісін дөңгелентіп отырған кәсіпкердің бірі Түркістан облысы Сауран ауданында тұрады. Бабайқорғандық Қалжан Құлымбет ақсақал қырық жылдан астам уақыт ауыл шаруашылығының түрлі салаларында еңбек етті. Бес баласын өсіріп жетілдірді. Жетпістегі қария тәжтажал індеті әлемді жайлап, жұрт сыртқа шыға алмай қалған кезінде үйде қол қусырып отырғанды жөн көрмей, бөдене өсіруді бастады. Ескі моншасындағы аядай жерде бір жылда бес жүз басқа дейін көтеріп, шағын құс шаруашылығын жүзеге асырды.

Қалжан ақсақал қалада такси де айдаған. Бөдене өсірумен қатар шағын инкубаторда бөдене, үндік, тауық жұмыртқаларын да бастырып шығаруда.

Үйде отырған кезде канадалық Хайбрид пен Бронза -708 етті бағыттағы үндік және орыс ешкісін өсіріп те көрді. Бәрінен бұрын, алушысын тапса, бөдене шаруашылығын дамытып, мың басқа дейін жеткізбек ойда көрінеді. Алайда, қолдың қысқалығы кедергі болып тұр. Үкіметтен бөдене өсіруге субсидия немесе жеңілдетілген несие болса екен деп армандайды. Жетпіске келсе де жігері жасымаған қарияның үлгі тәжірибесі жастарға өнеге боларлықтай.

-Мен алдымен осы бөдене өсіруді жан-жақты зерттеп алдым. Қазақ ұлттық аграрлық университетінің PhD докторанты Мұхтар Байбатшановтың мақаллары мен журналистерге берген сұхбаттарын көп оқыдым. Сосын көршімнен көріп, жүзшақтысын сатып алып, кірісіп кеттім. Жалпы бөдене өсіру Шығыс Азия елдерінде, соның ішінде, Қытай, Жапония және Үндістанда айрықша дамыған екен. Өз басым, бөдененің негізгі отаны Жапония деп есептеймін. Өйткені, Күншығыс елінде бөдене өсіретін шаруашылықтар көп. Жапонияда тек қана бөдене өсіру ісімен айналысатын ғылыми-зерттеу институттары жұмыс істейді. Бүгінде бөдене өсіріп, оның жұмыртқасын саудалауда Қытай алдына қара салдырмай келеді. Көрші елде өндірілген бөдене жұмыртқасы әлемдік нарықты жаулап тұр. Соңғы уақыттары бұл іспен айналысуға Үндістан да айрықша көңіл бөліп отырған жайы бар. Көрші Ресейде жақсы дамыған. Дүниежүзінде бөдененің 20 түрі бар. Солардың арасында жұмыртқалағыш жапон бөденесі әлемге кең тараған. Адамзат баласы бөденені еті мен жұмыртқасы үшін және сәндік-декоративтік бағытта өсіретін көрінеді.

-Жапония неге жұдырықтай құсқа үйір болды екен?

-Кезінде АҚШ Жапонияға атом бомбасын тастап, үлкен экологиялық апатқа ұшыратқаннан кейін, жапондықтар бөдененің адам бойындағы радиацияны ыдырататынын біліп, міндетті тамақ рационына енгізген екен. Сол кезде әрбір жапон баласы таңертең міндетті түрде бөдене жұмыртқасын шикідей ішетін болған. Осының арқасында жапон халқы денсаулығын түзеп, ойлау қабілетін дамытты. Бүгінде жоғары деңгейде дамыған мемлекеттердің көшін бастап келеді. Бөдене жапон халқын құтқарып қалды десек те болады.

Жапондықтар бөдене жұмыртқасын тұрақты тұтынған науқастың қатерлі ісіктің өзінен тәуір болатынын дәлелдеген көрінеді. Қазіргі уақытта Жапонияда бөдене шаруашылықтары жақсы дамыған. Бұл елде жылына 19 миллиардқа жуық бөдене жұмыртқасы өндіріледі. Керек десеңіз, бөденені зерттейтін орталықтар, институттар құрылған екен. Сонымен қатар, бүгінде Қытай, Үндістан, Германия және басқа да елдер бөдене ісін жандандыруға қатты көңіл бөліп отыр.

-Бөдене жұмыртқасының басқа да пайдасы бар шығар?

— Бөдененің еті де, жұмыртқасы да мың түрлі дертке дауа екен. Адамның ойлау қабілетін арттырып, ағзаны түрлі жұқпалы аурулардан қорғайды. Ал, дәмі тіл үйіреді, әрі тойымды. Дәлірек айтсақ, кәдімгі тауық жұмыртқасына қарағанда, бір грамм бөдене жұмыртқасы құрамында А және D дәрумендері екі есе көп. В тобындағы дәрумендер де анағұрлым, яғни алты есе, фосфор, калий және темір төрт-бес есе жоғары. Бұл диеталық өнімде мыс, кобальт, никотин қышқылы мен амин қышқылы да мол. Тағы бір дәлелденгені, бөдене жұмыртқасы тауықтардікіне қарағанда микробтардан таза келеді. Бұл ғалымдарды әлі күнге дейін қайран қалдыруда.       Мамандар бөдене жұмыртқасын әсіресе, балаларға, қарттарға, аяғы ауыр және емізулі баласы бар әйелдерге, сырқат және әлсіз жандарға жиі тұтынуға кеңес береді. Себебі, бұл өнімнің адамның иммунитетін көтеріп, сергітетін қуаты мол. Нақтыласақ, бөдене жұмыртқасы мынадай ауруларға  таптырмас ем екен. Бас ауруына, демікпе мен туберкулезге, қан қысымының көтеріліп және түсіп кетуін реттейді. Бүйрек, өкпе, асқазан, ішек ауруларын, асқазан жарасын жазады. Фосфор, калий, темірдің әсерінен есте сақтау қабілеті жақсарады. Қан аздығы, сәуле ауруларына, бөртпе пен диатезден құтқарады. Салқын тию мен тұмауға да ем. Бұлшық ет пен сүйектерді қатайтады. Баланың есте сақтау қабілетін арттырады. Диета кезінде арықтауға, ағзаның қалыпты жұмыс істеуіне көмектеседі. Радионуклейдті тұздар мен ауыр металдардан ағзаны тазартады. Адамды жасартатын қасиетке ие (бөдене жұмыртқасының құрамына кіретін тирозин амин қышқылы косметика саласында ең қат өнім саналады екен.

— Жұрттың қызығушылығын туғызған бөдененің біз білмейтін тағы қандай қасиеттері бар?

— Тауыққа қарағанда, бөдененің дене қызуы 2 градусқа жоғары. Сондықтан, оның жұмыртқасын ұдайы тұтынған адамның қан айналымы өте жақсы жұмыс істейді. Бұдан басқа, бөдене жұмыртқасы адамның иммунитетін көтеретін қасиетке ие. Жалпы аурудың басым бөлігі қан айналымының дұрыс болмауынан туындайтынын ескерсек, бөдене жұмыртқасын тұтыну адам денсаулығына қаншалықты пайдалы екенін байқауға болады. Ғалымдар оның дәрумендік құрамы тауық жұмыртқасына қарағанда 3-4 есе жоғары екеніне көз жеткізіп отыр.

— Сіздің бөденені инкубаторлық қондырғымен де көбейткеніңізді көрдік. Оны қалай жасадыңыз?

— Қолдан жасалған инкубаторды сатып алдым. Шағын ғана елу жұмытқа сияды. Бөденені заманауи инкубатордың көмегімен көбейтуге болады. Бұл құстың жаратылысын зерттегенде, инкубацияға 9-12 грамм болатын жұмыртқаларын пайдаланғанда, 80 пайызға дейін балапан алуға болатынына көз жеткіздік.  Кейбір шаруалар ұсақ, ірі жұмыртқаларды инкубаторға салып жатады. Бірақ олардан балапан пайда болмайтынын түсінбейді. Ірі жұмыртқаларда ұрық дамымайтынын шаруалар ескеруі тиіс. Инкубатордан шыққан балапандардың алды 35 күнде жұмыртқалай бастайды. Тоқсан күнде олар жұмыртқалағыштықтың жоғарғы деңгейге жетеді. Жалпы, бөдене бір жарым жылға дейін сапалы жұмыртқа береді. Егер оны сапалы жеммен азықтандырса, біраз уақытқа дейін сапалы өнім алуға болады. Негізінен, бөденені құрама жеммен азықтандырған жөн. Сол кезде жақсы өнім алуға болады. Біз бөденеге асқабақ бергенде жақсы жұмыртқалайды екен.

-Бөдененің жұмыртқасының қабығы да пайдалы деген сөз рас па?

-Иә, рас. Жұмыртқаның аршылған қабыршағын тастамай жуып, газ немесе «әсел» пешінде сәл кептіріп, кофе ұнтақтаушыдан өткізуге болады. Дайындалған ұнтақты ірімшік, айран, тамаққа, болмаса суға бір шәй қасықтан қосып ішуге болады. Өйткені, оның құрамында 90 пайыз кальций мен 27 микроэлементтер бар көрінеді. Ал, зерттеулерге сүйенсек, дәріханаларда сатылатын кальцийлерге қарағанда бөдене жұмыртқасы қабығындағы кальций адам ағзасына өте сіңімді екен. Бұдан басқа, ол ағзаға аса қажет мыс, фтор, күкірт, кремний, мырышқа бай. Сондықтан, ұсақталған жұмыртқа қабығын балалар мен жүкті келіншектерге ұсынған абзал. Ағзадағы кальцийдің молайып, сүйектердің қатаюына игі ықпалын тигізеді. Тістердің маржандай тізіліп, бүлінбеуіне де әсер етеді. Ал, жұмыртқа құрамындағы лецитин заты қандағы холестеринді төмендетеді. Егер тәулігіне бөдененің 4-5 жұмыртқасын тұрақты тұтынса, ер адамның беліндегі қуаты артады. Бірақ та, жүрек дертінің атеросклероз түрімен ауыратындар мен оның алдын алушылар бөдене жұмыртқасын аз мөлшерде қолданғаны абзал.

Бүгінде өңірдегі кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен ауыл  тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған ұлттық жоба аясында  «Кәсіпке бағыт» жобасы бойынша кәсіпкерлерге, тұрғындарға тегін оқыту, тәжірибе алмасу курстары өтуде. Осы жоба  бойынша өз кәсібін өркендетіп, ісін ілгерілетіп отырған кәсіпкерлер қатары артып келеді. «Кәсіпке бағыт» жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлік нысандарының, бизнес субъектілерінің кәсіпкерлік әлеуетін арттыру мақсатында құзыреттерді оқытуды және салалық, бейіндік оқытуды қамтиды. Салалық оқыту, үйрету тегін жүргізіледі. Оқуды аяқтағаннан кейін оқудан өткені туралы сертификат беріледі. Облыста кәсіпкерлер омарташылық, балық өсіру, малды қолдан ұрықтандыру, жылыжай ұстау сияқты түрлі кәсіптерді меңгеріп, дамыту үшін кәсіпкерлік субъектілеріне апарылып, солардың базасында оқытылып, тәжірибе жинақтап жүр. Мұны айтып отырғанымыз, жасы келсе де қиын да қызықты кәсіпті бастаудан тайсалмай, жұдырықтай құстан, түймедей жұмыртқадан табыс тауып жатқан бабайқорғандық Қалжан Құлымбет ақсақал да өзгелерге үйретері көп. Жер-жерде, аудандарда кәсібін кеңейтудің ретін, жөнін білмей жүргендер, шаруасын дамытсам деген тұрғындар, жастар жағы облыс кәсіпкерлері палатасына хабарласып, өтініштерін жеткізіп, үлкен шаруашылықтарды ғана емес, осындай іскер, ізденімпаз жастардың кәсіптерін де барып көріп, тәжірибе алса одан ұтылмасы анық.

Экологиясы нашар аймақтың тұрғындары үшін бөдененің жұмыртқасы өте пайдалы. Тоқетері, бөдене еті мен жұмыртқасы сырқат адамның жазылуына, дені сау адам үшін аурудың алдын алуға көмектеседі. Таза, әрі табиғи азықты күнделікті қолдансақ, көп шығынсыз түрлі дертке қарсы тұра алатындай денсаулығымызды нығайтуға болады. Бүгінде бөдене жұмыртқаларын дүкен сөрелерінен табуға болады. Менің өз тұтынушыларым бар. Солар келіп, келісілген бағада алып кетеді. Қазіргі кезде бөдене бағуды кәсіпке айналыдарғандар көбейіп келеді. Мен да үйренгісі келетін жастарға ақыл-кеңесімді беріп отырамын. Ұлттың саулығы әрқайсымыздың отбасымызға да қатысты емес пе? Осыған аз да болса, көмегімді бері отырғаныма қуанамын.

Әңгімеңізге рахмет. Бизнесіңіздің берекесін берсін!

Тубегі ӘЛЖАНҰЛЫ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *