ТҮРКІСТАН: «ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫНЫҢ» МӘРЕСІН МАҢҒЫСТАУЛЫҚТАР БІРІНШІ БОЛЫП КЕСТІ


Астана қаласында 18 қыркүйек күні Мәдениет және спорт министрлігінің, «AMANAT» партиясының және «The Great Steppe tour» қоғамдық қорының бастамасымен «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталған еді. Айта кетейік, алғаш рет ұйымдастырылған аламанда бақ сынасуға Қазақстанның 19 аймағынан 19 команда қатысты. Бәйгенің алғашқы күнінен бастап жүктелген 1200 шақырымды шабандоздар 12 күнде жүріп өтіп, мәре сызығын киелі Түркістанда кесті. Тұңғыш рет ұйымдастырылған республикалық аламанға Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хат жолдап, марафонға қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Біз қазіргі заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, ұлттық болмысымызды жаңғыртуға тиіспіз. Бүгінгі бәйгенің басты мақсаты осы. Әр өңірден келген шабандоздар кең байтақ қазақ даласын көктей өтіп, қасиетті Түркістан қаласына ат басын тірейді. Бұл нағыз азаматтар мен қазанаттар сыналатын дода. Сондай-ақ елімізге рухани серпіліс әкеліп, жастарды отаншылдыққа баулитын бірегей жоба. Аламан бәйге ұлтымыздың рухын асқақтатып, мерейін асыра түседі деп сенемін – деді Мемлекет басшысы.
Астана, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан облыстары секілді еліміздің 6 аймағын қамтыған «Ұлы дала жорығы» ат аламанының соңғы күні Түркістанға 7 команда жетті. Соңғы жарыс жолына шыққан команда ішінде Түркістан облысының ұжымымен қоса Маңғыстау, Ақтөбе, Ұлытау, Абай, Жетісу, Жамбыл облыстарының командалары бар. Айтулы бәйге қорытындысы бойынша 24 млн теңгелік марафонның бас жүлдесі Маңғыстау облысының «Көкмойнақ» командасына табысталды. Ал, 12 млн теңге жүлдені иеленген Жетісу облысының «Жетісу» командасы мәреге 2-ші болып жетті. Сондай-ақ, Түркістан облысынан шыққан «Теріскей» командасының шабандоздары 9 млн теңге сыйақыны қанжығалап, 3-орынға жайғасты. Ал 4-орын Жамбыл облысына бұйырды.
Аламан бәйгенің жабылу салтанаты қаламыздағы «Түркістан Арена» стадионында өтті. Салтанатты рәсімге Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов және Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, жүлдеге ие болған ұжымдарды марапаттады. Сондай-ақ, ат спорты мен ел туризмін дамытуға бағытталған ең ірі жоба алдағы жылдары жалғасын тауып, әлемдік деңгейде ұйымдастырылады деп болжануда.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған