ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін. Олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» деп тапсырма берген болатын.
Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров ауыл округтерінде кездесулерін өткізуде. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров аудан халқымен кездесуін Жаңа Иқаннан бастағанын өткен аптада жазған болатынбыз.
Негізінен ауданның барлық ауылдары бір-біріне жақын тығыз орналасқандықтан аудан әкімі қатар жатқан қос ауылдарды қатар қамтуды жоспарлаған болатын.
Соның нәтижесінде аудан әкімі Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Шаға, Үшқайық, Иассы, Оранғай ауыл округ тұрғындарымен кездесулер өткізіп, аудан экономикасы мен әлеуметтік жағдайы туралы баяндап, халықтың арыз-шағымдарына құлақ асып, ұсыныстарын сараптады. Аудан басшысы бірқатар өзекті мәселелер көтерілген есепті жиындарда алдымен өңірде жасалынып жатқан ілкімді істерді баяндады.
ҮШҚАЙЫҚ АУЫЛ ОКРУГІ «АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫНА ҚОСЫЛАДЫ
Бұл туралы аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Үшқайық ауылдық округ тұрғындарымен болған кездесуде айтты. Бұған дейін пилоттық жобаға аудан бойынша төрт ауыл округ қосылған болатын. Енді Үшқайық ауыл округі бойынша ауыл шаруашылығы бөлімі тиісті жұмыстар атқарып жатыр. Ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 175 жоба қабылданып, оның ішінде 691,7 млн. теңгені құрайтын 119 жобаның несиесі мақұлданды. Жоба бойынша 6 бағытта 2,5 пайызбен несие алып, кәсіп бастауға болады.
Үшқайықта тұрғындардың өтініш талаптары кезең-кезеңімен шешімін табуда. «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында 119 862,4 мың теңгеге Теке елді мекеніндегі Ә.Молдағұлова, Абай, Үсенов, Бейбітшілік, Д.Қонаев көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, С.Қожанов елді мекеніндегі су тарату станциясына ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалынды.
Жиын барысында тұрғындардың көтерген мәселесіне аудан әкімі ретімен жауап берді.
— Мен сіздерге қолымнан келетін тірлікті ғана жасай аламын деп уәде беремін. Менің міндетім бөлінген қаржыны қарымды игеру, жұмысты ұйымдастыру. Біз заңнан айналып өтіп кете алмаймыз. Шешуге шамамыз келмейтін істерге біз уәде бере алмаймыз. Қазір аудандағы ағымдағы жөндеуді қажет ететін коммуналдық саланың мәселесін І-тоқсанға дейін толық аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Ауданда тозығы жеткен нысандар көп. Қайта қалпына келтіруге көп күш кетеді. Сіздерге рақмет. Барлығын сабырмен күтіп отырсыздар. Мәселені қысқа мерзімде шешу жолдарын қарастырып жатырмыз,- деді Мақсат Асылбекұлы жиын барысында.
2024 жылы қоғам қайраткері Н.Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толады. Тарихи тұлғаның мерейтойын жоғары деңгейде өткізуге аудан әкімі тиісті бөлімге пәрмен берді. Шешімін таппаған әлі де біршама жұмыстар бар. Оны да әкім жасырған жоқ. Халықтың сұрағанын дер кезінде шешуді бөлім басшыларына тапсырды. Есепті кездесуден кейін аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселесімен қабылдады. Шешімі бар мәселелерге қатысты жауабын сол жерде берсе, кейбірін жауапты бөлім басшыларына тапсырды.
ЕСЕПТІ КЕЗДЕСУ — ЕСКІ ИҚАН АУЫЛ ОКРУГІНДЕ
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров есепті кездесуін Ескі Иқан тұрғындарымен жалғастырды. Аудандағы тоғыз айда атқарылған жұмыстарды баяндаған соң, алдағы атқарылатын жұмыстарды атап өтті. Ескі Иқан е/м табиғи газ жобасына енбей қалған тұрғын үйлерге меморандум арқылы ЖСҚ әзірленуде. Елді мекендердегі ескі бағаналармен электр желілерін ауыстыруға ЖСҚ әзірленген. Жоба құны — 697 019,0 мың теңге. Құрылыс жұмыстарына қажетті қаражатты бөлуге республикалық және облыстық бюджетке өтінім жолданған. Ескі Иқан елді мекеніне дейінгі су құбыры желілерінің құрылысына ЖСҚ әзірленді. Жоба құны – 2 470 032,0 млн теңге.
Ауылдың тазалығы көңіл көншітпейді. Аудан әкімі көше бойындағы тазалық сақтамаған кәсіпкерлік нысандарға тиісті бөлімге заңмен шара көруді тапсырды. Ауылды абаттандыру жұмыстары бойынша тиісті жұмыстар атқарылмаған. Ауыл тұрғындарын тазалық пен абаттандыру жұмыстарына атсалысуға шақырды.
— Әлі күнге шешімін таппай келе жатқан мәселе көп. Оның бірі ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету. «Ақ бұлақ» бағдарламасымен тартылған су құбырларының тозығы жеткен. Жерасты суын тартатын ұңғымалар да көнерген. Келер жылдың І-тоқсанында барлық су ұңғымалары жаңартылады. Құрметті, ауыл тұрғындары! Ауылдағы мәселе өзімізден басқаға керек емес. Бірлесіп, ауызбіршілікпен жұмыс жасауды сұранамын. Алауыздық болған жерде жұмыс жүрмейді. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, келешек үшін қызмет етейік,- деп жиынды қорытындылады Мақсат Асылбекұлы.
Есепті кездесу соңында тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Кездесуден кейін аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша жеке қабылдады. Жергілікті тұрғын М.Юлдашов жаңадан құрылатын Тұран елді мекені бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың мән-жайын білу үшін жеке қабылдауға келді. Ескі Иқан елді мекенінің халық санының өсуіне байланысты шекарасын анықтап бөлу жолымен жаңадан елді мекен құру жұмыстары жүргізілуде. Түркістан облыстық ономастика комиссиясында қаралып, оң қорытынды алған жағдайда Тұран елді мекенінің бас жоспарын бекітуге ұсыныс берілетін болады.
Мәселені мақұлмен емес, заң аясында ақылмен шешеміз деген аудан басшысы мұнан өзге де көтерілген мәселелерді сала басшыларына жүктеді. Орындалуын тікелей өзі бақылайтынын айтты.
ШАҒАЛЫҚТАРДЫҢ ШАҒЫМЫ ШЕТІНЕН ШЕШІЛІП ЖАТЫР
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров есепті кездесуін Шаға ауылдық округ тұрғындарымен өткізді. Бұған дейінгі кездесуде тұрғындар коммуналдық сала бойынша бірнеше мәселе көтерген болатын. Шоқтас пен Бершінтөбе елді мекендері табиғи газбен қамту жөнінде ұсыныстар айтылған. Бүгінде екі елді мекенде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ы тарапынан берілген кемшіліктерді түзету мен сығымдау жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, Шаға және Қазақстанның 30 жылдығы елді мекенінің 33 көшесі толық табиғи газ жүйесімен қамтамасыз етілген.
Ауыл округ бойынша 9 дана трансформатор орнатуға мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, орнату жұмыстары жүргізілуде. Келісім-шарт құны – 16 095,2 мың теңге. Қазақстанның 30 жылдығы, Бершінтөбе, Шоқтас елді мекендерін сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында, ЖСҚ әзірленуде. Фурхат, Жастар, Тағайлы көшелерін орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Темірқорған көшесіне аяқ жол салу жұмыстары жүргізілуде.
— Бершінтөбе, Шаға елді мекендеріндегі су тасқыны кезінде бұзылған автомобиль жолдарын қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудан әкімінің айтуынша ағымдағы жөндеу жұмыстарын қажет ететін коммуналдық жұмыстардың 60 пайызы шешімін тапқан.
Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларының әрі қарай тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, жаңа кәсіпорындар ашу, жұмыс істеп тұрған қуаттарды кеңейту есебінен аудан экономикасын көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жұмыстар атқарамыз. Сондықтан, күрделі мәселелерді шешуге және ауданның дамуына сіздермен бірге жүйелі шаралар қабылдайтын боламыз,-деді өз сөзінде Мақсат Асылбекұлы.
Келесі жылы бірқатар маңызы бар нысандардың құрылысы басталады. Сонымен қатар, «Ынтамақ үйі» құрылатын болады. Ауданға инвесторлар да қызығушылық танытуда. Ауыл шаруашылық саласындағы кәсіпорындар салынып, жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Есепті кездесуден кейін аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады. Қабылдауға жазылған екі азаматтың өтініш-талаптары назарға алынып, тиісті сала басшыларына тапсырмалар берілді.
БАБАЙҚОРҒАННЫҢ БАҒДАРЫ БАЙЫПТЫ
Сауран ауданның әкімі Мақсат Таңғатаровтың есепті кездесуі Бабайқорған ауылдық округінің тұрғындарымен өтті. Алдымен әкім өткен есепті кездесуде көтерілген өзекті мәселелердің орындалу барысын баяндап өтті. Қазіргі таңда Абай елді мекеніндегі Көксарай көпіріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Келісім-шарт құны – 6,8 млн теңге. Бабайқорған ауыл округіндегі қоқыс полигонының аумағына қоршау орнату жұмыстары жүргізілген. Келісім-шарт құны – 7 млн теңге. Бабайқорған елді мекеніне воркаут, балалар алаңшасы, футбол алаңшасын орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде. Келісім-шарт құны – 18,1 млн теңге тұрады. Көше жарық шамдары бағаналарын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Айта кету керек 109 байланыс жүйесіне тұрғындардан түскен хабарламалардың басым көпшілігі ауыз су мен электр жарығына қатысты болып отыр. Аудан әкімінің айтуынша, ағымдағы жөндеу жұмыстары келесі жылдың І-тоқсанында толық аяқталады. Аудан бойынша 67 су айдайтын сорғы моторлары жаңартылды.
Тұрғындардың хабарлауынша, ауыл ішілік 117 көше тас төсеуді қажет етеді. Көшеге тас төсеу жұмыстары да келесі жылдың І-тоқсанына дейін аяқталады.
Аудан бойынша 1132 үйдің заңсыз салынғандығы анықталған. Оның 16-сы Бабайқорған ауыл округінде. 6 жер иеленушінің 1147 гектар жерін елді мекеннің ортақ жайылымына қайтару жұмыстары жүргізілуде. Бабайқорғандағы басты мәселе байланыс жүйесі. Аудан тұрғындары байланыстың нашарлығы туралы жиі шағымданады. Тиісті мекемеге халықтың мұқтажы жетті. Анықтап, зерттеп, зерделеу жұмыстарының нәтижесінде байналыс операторларына заңды түрде шара көрілді.
-Түйткілді мәселені шешуге сылтауды тізбектемей, нақты шешу жолдарын ұсыну қажет. Атқарылуы тиіс жұмыстарды жандандыруды тапсырамын. Бабайқорғандық шаруалар бұған дейін ағын су мәселесін ұдайы көтеріп келеді. Ауданда 9 су арнасының 4-уі күрделі жөндеуді қажет етеді. Құрметті тұрғындар! Менің сіздерден жасыратыным жоқ. Кез-келген мәселені сіздермен кездесуге келгенде ғана айтпай, күнделікті хабарлап отырсаңыздар, мәселе қордаланбайды, — деп жиынды қорытындылады аудан әкімі.
ӘМБЕБАП СПОРТ КЕШЕНІ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН
Бабайқорған ауылдық округіндегі құрылысы басталған кешенді спорт сарайының құрылысы аяқталып, жаңа жылға қарай пайдалануға беру жоспарланып отыр. Салауатты өмір салтын қалыптастыру, ауылдағы бұқаралық-көпшілік спортты дамыту мақсатында салынып жатқан спорт кешенінің құрылыс жұмыстарын «Элит Инвест-Б» ЖШС жүргізіп жатыр. Екі жылдан бері құрылыс жұмыстары тоқтап қалған спорт кешенінің құрылысы қайта басталды.
Қазіргі таңда спорт кешенінің ішкі жұмыстары толық аяқталған. Сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров есепті кездесуден кейін кешеннің құрылыс жұмыстарын аралап көрді. Құрылыстың жапсарын баяндаған жауапты мердігер кешенді жыл соңына дейін тапсыруға уәде берді. Аудан әкімі кешеннің ауласын абаттандыруды тиісті мекемеге тапсырды. Сонымен қатар, кешен ауласынан заман талабына сай футбол алаңы салынады. Жоспар бойынша спорт кешенінде волейбол, футбол, баскетбол, үстел теннисі, еркін күрес тағы басқа спорт түрлеріне арналған залдар болады, сәйкесінше секциялар ұйымдастырылады.
ТАЛАПТАР МЕН ҰСЫНЫСТАР ЖЕДЕЛ ШЕШІЛЕДІ
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың есепті кездесуі Иассы ауылдық округінің тұрғында-рымен өтті. Аудан басшысы Иассы ауылдық округі бойынша атқары-лып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Иассы ауылдық округіне қарасты елдімекен тұрғындарының өтініш талаптары да кезең-кезеңімен шешімін табуда. Жол саласы бойынша Еңбекші Дихан елдімекеніндегі Алаш ата, Оспан ата, Саркулов көшелеріне түнгі жарық шамдарын орнату жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Еңбекші Дихан көшелеріне тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Ал, абаттандыру бойынша — ауылдағы аллеяны қоршау жұмыстары жүргізілді. Еңбекші Дихан елді мекеніне воркаут, балалар алаңшасы, футбол алаңшасын орнату жұмыстары жүргізіліп, 2024 жылы қолданысқа беріледі.
Кездесу барысында шаруалардың «Тұран Су» мекемесіне талаптары мен ұсыныстары тыңдалып, жеделдетіп шешілу жолдары қарастырылды.
ОРАНҒАЙДА ОРАЛЫМДЫ ІСТЕР АТҚАРЫЛУДА
Сауран ауданы әкімінің есепті кездесуі Оранғай ауылдық округінің тұрғындарымен өтті. Аудан әкімі Оранғай ауылдық округі бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
Ауылдың ішкі 10 көшесі тас төсеуді қажет етеді. Аудан әкімі тиісті бөлімге жұмысты жеделдетуге тапсырма берді. Сонымен қатар, Қосқорған елді мекеніндегі трансформатор мен су насосы жаңартылып жатыр. Ал, Оранғай елді мекеніндегі 3 жаңа трансформатор жаңартылды.
Ораңғай ауыл округіне қарасты Тастақты, Жамбыл, Оранғай көшелеріне жарық шамдарын орнату жұмыстары атқарылды. Құсшы ата ауылына кіретін жолды күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталып қолданысқа берілді.
Қазіргі таңда, Ораңғай ауылындағы орталық спорт алаңын ағымдағы жөндеу және қоршау жұмыстары жүргізілуде. Табиғи газ бойынша Бостандық пен Қосқорған елді мекендерін газбен қамтамасыз ету желілері құрылысының ЖСҚ әзірленуде.
— Аудандағы өзекті мәселелерді ең алдымен жергілікті халық жақсы біледі. Алдымызда ауқымды мін-деттер тұр. Басты міндетіміз аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында жұмыстар жалғасын табатын болады.
Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларының әрі қарай тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, жаңа кәсіпорындар ашу. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту есебінен аудан экономикасын көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жұмыстар атқарамыз. Сондықтан, күрделі мәселелерді шешуге және ауданның дамуына сіздермен бірге жүйелі шаралар қабылдайтын боламыз. Сіздермен еркін пікір алмасып, сұрақтары-ңызды тыңдауға дайынмын,- деген аудан әкімі Мақсат Асылбекұлы тұрғындардың көтерген мәселелеріне тұшымды жауап берді.
Ердәулет САҒЫНДЫҚ.