ЖАҢА ЖОБАЛАР ӨҢІР ДАМУЫНА ЖОЛ АШАДЫ


Түркістан қаласына «Тарихи елорда» статусы берілмек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа жасаған сапарында мәлімдеп, Үкіметке мәртебе беру бойынша шешім тиісті құжаттық рәсімдерді жүргізуді тапсырды.
Президенттің дәл осы ұсынысы күллі түркі жұртшылығының шынайы қолдауына ие болары сөзсіз. Өйткені бұл дәстүрдің қаймағы, тарихтың қойнауы болған киелі өлкеге жасалатын үлкен құрмет. Тарихи тұлғалардың мәңгілік мекеніне айналған ұлы шаһар мәдени-рухани қалпы мен көне жәдігерлерін сақтай отырып, жаңа технологиялармен қатар дамиды. Кездесуде Түркістан өңірі мен халқына ерекше лебізін арнаған Президент осылай деп сенім білдірді. Облыс орталығындағы өзгерістерге оң көзқарасын білдіріп, жемісті жұмыстарды атап өтті. Солардың бірі туризм саласына қатысты. 2019 жылдан бері Түркістан өңіріне 2 миллионға жуық қонақ келіп, таң-тамаша әсер алып қайтып жатқаны, бой көтерген ғимараттар мен тұрғын үйлердің салынуы, тағы да басқа ауқымды жұмыстар баяндалды.
Президент қариясын ардақтаған ұлт азаматы ретінде кездесуде түркістандық ақсақалдардың өнегелі ісі үшін алғысын білдірді. Қасым-Жомарт Кемелұлының Оңтүстік халқына деген ыстық ықыласын арттырған — қарапайым еңбек адамдары. Өз сөзінде: «Оңтүстік тұрғындары – еңбекқор халық. Сіздерде ауызбіршілік, әр істің көзін таба білетін іскерлік сияқты жақсы қасиеттің бәрі бар. Осында бау-бақшасын баптап, төрт түлігін өсіріп, берекелі өмір сүріп жатқан азаматтар аз емес»,-деп еңбек адамдарын жігерлендіріп, қанаттандырды.
Өңірімізде жиі көтерілетін мәселелердің бірі — ішкі көші-қон екені белгілі. Онымен жапсарлас жүріп жатқан «Серпін» бағдарламасына бөлінген гранттардың игерілмеуі өзектілігін жоғалтпауда. Биыл 3700-дей грант бөлінсе, 800-ден астам студент Түркістан облысының жастары. Мемлекет басшысы аталған бағытта белсенділікті арттыруды атап айтты. Біз бұл жобаны әрдайым қолдап, партия филиалы тарапынан насихат жұмыстарын жалғастыра береміз.
Республика бойынша демографиялық тұрғыдан көш бастайтын облысымызда 2 млн. астам тұрғын бар. Президент тапсырмасымен енді Сарыағаш ауданында республикалық бюджет есебінен перзентханасы бар медициналық кешен салынады. Өйткені аталған аумақтағы 6 ауданда халық саны 900 мыңға жуықтаған. Бала туу саны бойынша Сарыағаш ауданы облыста көш бастап тұр.
Мемлекет басшысы Жолдауда жаңа жобалардың іске асатынын айтқан болатын. Оның ішінде ауыл тұрғындары үшін 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие қарастыру, бала күтімі мерзімін 1,5 жылға дейін ұзарту және «Ұлттық қор – балаларға» атты бағдарламасына тоқталды. Халқы тығыз орналасқан әрі 100 мыңнан астам көпбалалы отбасы тұрақтаған өлке азаматтары үшін ерекше бастамалар жүзеге аспақ. Болашақ ұрпақтың жан-жақты дамуына деген инвестиция екені де айдан анық. Яғни туылған сәбиден бастап, жалындаған жастар, түрлі сала өкілдері мен бейнеттің зейнетін көрген қариялар үшін барлық жағдайлар жасалуда деп нық сеніммен айта аламыз. Жастармен кездесуде де отанды сүю және қызмет ету — әрбір жастың ең басты мақсаты болуы керектігін айтты.
Осындай мүмкіндіктердің қадірін ұғынып, әрбір жобадан тыс қалмау керекпіз. Кездесуде саяси тұрақтылықты сақтау жөнінде де сөз қозғады. Әлемдік тайталастар кезеңінде арандатушыларға жол бермей ақылмен шешім қабылдауға, парасаттылық танытуға және бірлігімізді бекемдеуге шақырды. Қазақстан бейтараптық ұстанымда. Бұл өте орынды пікір деп есептеймін. Кезектен тыс Президенттік сайлауға да аз уақыт қалды. Сайлаудың әділ өтетінін ескертіп, өңір халқының бұл жолы да белсене қатысатынына зор сенім білдірді.
Оның: «Мен қасиетті Меккеге барған кезде Қағба төрінде және осы жолы киелі Түркістанда ата-бабаларымызға құран бағыштап, хандарымыздың рухына тағзым етіп, Алладан бір-ақ тілек тіледім. Ол – еліміздің амандығы және халқымыздың бірлігі» деген сөзі, көңілді жадыратып, жүректерге мейірім ұялатты.
Қасым-Жомарт Кемелұлының “Түркі әлемінің бойтұмары – Түркістан көркейе берсін!” деген жүрекжарды жанашыр сөзі баршамызға айрықша күш-қуат сыйлағаны анық.
Бейсен ТӘЖІБАЕВ,
“Аманат” партиясы Түркістан облыстық
филиалының атқарушысы хатшысы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *