ЕЛ ПРЕЗИДЕНТІ ҮКІМЕТТІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ-2

Президент көтерген тағы бір өзекті мәселе – экономиканы кредиттеу және халықтың көп несие алуына тосқауыл қою.

– Нақты экономиканы кредиттеу ісін кеңейту қажет екенін бірнеше рет айттым. Бизнес қолжетімді қаржыландыруға зәру. Менің тапсырмаммен шұғыл шешімдер топтамасы әзірленді. Ол осы сектордағы қордаланған мәселелерді шешуге бағытталды. Атап айтқанда, зейнетақы жинағының 50 пайызына дейін жеке басқаруға беру үшін БЖЗҚ салымшыларының құқықтары кеңейтіледі. Бұл бизнесті кредиттеуге қажетті «ұзақ мерзімді қаржы» қорын қалыптастырады. Агроөнеркәсіп кешеніне берілетін кредитті арттыру үшін астық қолхаты институты толықтай цифрландырылып, қайтадан іске қосылады. Бұл агроөнеркәсіп кешені кәсіпорындары үшін сенімді кепіл болады. Экономиканың осы секторын әлдеқайда белсенді кредиттеу үшін жер қойнауын пайдалану құқығына да осындай өзгерістер енгізіледі. Бұған қоса, Үкімет пен қаржы саласын реттеу органдары «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында пайыз мөлшерлемесін субсидиялау мерзімін 7 жылға дейін созу мүмкіндігін қарастырған жөн деп санаймын. Әрине, бұл экономиканың тек анағұрлым басым бағыттарын қамтуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент тұтынушылық кредиттің шамадан тыс көбеюін төмендету керек екенін еске салды.

– Бүгінде проблемалық кредиттердің көлемі жарты триллион теңгеге жетті. Миллионнан астам адам өзінің банк алдындағы міндеттемелерін өтеуге жағдайы жоқ. Олардың көбі әбден торығып, ескі борышын жабу үшін жаңа кредит рәсімдеуге мәжбүр. Сондықтан 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Жеке тұлғалардың төлем қабілетін қалпына келтіру және олардың банкроттығы туралы» Заң күшіне енуге тиіс. Сонымен қатар кепілсіз онлайн-микрокредиттеуді қатаң реттеу қажет. Кейбір елдерде оған толықтай тыйым салған. Осы тәжірибені зерттеген жөн, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа әкімшілік реформа жүргізуді тапсырғанын еске салды. Мұндағы басты мақсат – атқарушы билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру.

– Қолданыстағы заңдар мемлекеттік органдарға толық дербестік беріп отырған жоқ. Мысалы, өз саласында нормативтік құқықтық актілер қабылдау үшін олардың құзыреті заң жүзінде бекітілуі керек. Тапсырмалар уақтылы орындалмайды. Шешім дер кезінде қабылданбайды. Сол себепті өзектілігін тез жоғалтады. Осындай түйткілді шешу үшін заңдарға мемлекеттік органдарға өз саласындағы құзыреті шегінде қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік беретін түзетулер енгізіліп жатыр, – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігі жүргізген талдау Үкіметтің қызметінде олқылықтар бар екенін көрсеткенін атап өтті. Мысалы, оның жұмысының жартысына жуығы уәкілетті органдар әзірлеген салалық шешімдерді мақұлдаумен шектеледі.

– Үкіметтің негізгі міндеті – жұмысты үйлестіру және оған басшылық ету. Жаңа әкімшілік реформа аясында заң шығару тәжірибесін жаңғырту қажет. Түрлі деңгейдегі мемлекеттік басқару органдарының орталыққа бағыныштылығын барынша азайтқан жөн. Осыған орай Үкіметке заңнамалық актілерді түгендеуді тапсырамын. Мемлекеттік органдардың негізгі міндеттері мен құзыреттері ғана заң жүзінде бекітілуі керек. Әр саладағы саясатты әзірлеу, оны жүргізу және бақылау құзыреті Үкіметтен орталық мемлекеттік органдарға берілуге тиіс. Орталық пен аймақтар арасындағы құзыреттерді бөлу ісін келесі жылы аяқтау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент аса маңызды ұлттық жобалардың («Жайлы мектеп», «Ауылдық денсаулық сақтау», негізгі инвестициялық жобалар) орындалу барысын қадағалайтын Президенттің жобалық офисі өз жұмысын бастағанын хабарлады.

– Жобалық басқару саласындағы біліктілік мемлекеттік менеджерлер үшін бүкіл әлемде қалыпты стандартқа айналды. Ал біз оның не үшін керектігін түсіндіруден және орындаушыларды кеңсемен бірлесе жұмыс істеуге үгіттеуден аса алмай отырмыз. Әкімдер жаңа талапқа бейімделе білу керек. Жобалық кеңсе жетекшілеріне де шынайы жағдайға орай ойланып, прагматикалық тұрғыдан әрекет еткен жөн. Заманға қарай бейімделу керек. Әйтпесе, көш соңында қалуымыз мүмкін. Әділетті әрі дамыған мемлекет құру үшін жаңа кадр саясатын жүргізу керек. Алдағы өзгерістер, ең алдымен, адам капиталына қатысты болады. Жаңа кадр саясаты меритократия және кәсібилік қағидаттарына негізделеді, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент келесі жылы орталықта және жергілікті жерде ауқымды кадрлық өзгеріс жасалатынын атап өтті. Оның айтуынша, бастықтардың үнемі бүйрегі бұрып тұратын адамдарымен қоштасуына тура келеді. Олардың орнын жаңа кадрлар басады. Қазақстанға тиімді жұмыс істейтін технократтар қажет.

– Министрлер және әкімдер өзіне қолайлы адамдарды ғана қызметке тағайындайтын әдетті доғаруға тиіс. Министрліктердің өзінде «керек адамын» тағайындау үшін заң талаптарын аттап өтетін немесе қалауынша өзгертіп алатын жағдайлар бар. Бұл әрекеттер барлық жерде кездеседі. Жер инспекциясы, құқық қорғау саласы, ревизиялық комиссия және басқа да бақылау органдары жергілікті биліктің ықпалында болмауы керек. Әділ бәсеке болмаса, кәсіби мамандар мемлекеттік қызметке қызықпайды. Дарынды жастар мемлекеттік қызметке келуге құлықсыз. Аймақтарда тек сол өңірдің азаматтары жұмыс істеуі керек деген қасаң түсініктен арылу керек. Адамның білікті болуы оның туған жеріне байланысты емес. Жұмыстың нақты нәтижесімен ғана бағаланады. Сонымен бірге квазимемлекеттік секторда тәртіп орнататын кез келді. Корпоративтік басқарудың икемді болуы – ойыңа не келсе, соны істеу деген сөз емес. Азаматтарды қызметке тағайындау барынша ашық және әділ болуға тиіс. Себебі бұл – ең алдымен, халыққа тиесілі мекемелер. Президент Әкімшілігі мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы тағайындауларды үнемі бақылауда ұстап отыруы керек. Жеке адамдардың мүддесін көздейтін кез келген әрекетке тосқауыл қойылуға тиіс. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жеке сектордағы білікті мамандарды мемлекеттік қызметке тарту үшін қолайлы жағдай жасауы қажет. Елімізді өркендетеміз десек, бәріміз бір ел болып күш жұмылдыруымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдардағы атқарушылық тәртіпті сынға алды. Президенттің айтуынша, мемлекеттік аппарат берілген тапсырмаларды атүсті орындайды. Түрлі себептермен созбалаңға салып, орындалу мерзімі бірнеше рет кейінге шегеріледі.

– Жыл басынан бері Президент Әкімшілігі тапсырмалардың орындалу сапасына қатысты мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың атына 400-ден астам сын-ескертпе жолдаған. Ал осы тапсырмалардың негізгі үйлестірушісі – Үкімет тарапынан қадағалау тиісті деңгейде жүргізілген жоқ. Үкімет қызметін қамтамасыз етуге тиіс Премьер-Министр Кеңсесінің жұмысы тек мемлекеттік органдардың дайын есебін жібере салумен шектеледі. Премьер-Министр Кеңсесінің ведомствоаралық үйлестіру және салааралық мәселелерді шешу жөніндегі рөлін арттырып, Үкіметтің шағын аппараты ретінде кешенді түрде трансформация жасаған жөн. Мемлекеттік орган басшылары жекелеген мәселелер бойынша бұрынғыдай шешім қабылдаудан қорқады. Түрлі желеумен менің немесе Президент Әкімшілігінің мақұлдауын алуға тырысады. Кейде Үкімет мүшелеріне жазбаша тапсырма беруге тура келеді. Әйтпесе тапсырманың орындалмау, жобаның толық аяқталмай қалу қаупі бар. Бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы Жарлық аясында біз Үкімет пен уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыретіне жататын ағымдағы мәселелер бойынша Президент Әкімшілігіне құжат жолдауға тыйым салдық. Алайда бұл тәжірибе әлі жойылған жоқ, – деді Президент.

Жиын барысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов еліміздің даму барысы және келесі жылдың жоспары туралы, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов ақша-несие саясаты жөнінде, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Екібастұздағы жағдайды қалпына келтіру жұмыстарына қатысты баяндама жасады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Алматы қаласы, Маңғыстау және Ұлытау облыстары әкімдерінің баяндамаларын тыңдап, әрқайсысына нақты тапсырма берді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *