Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданының тұрғындарымен жүздесті. Мақсат – елдің өтініші мен ұсыныстарын тыңдау, өткір мәселелерді талқылау. Тұрғындардың ұсыныстарын тыңдап, сұрақтарына жауап берген өңір басшысы Сарыағаш ауданын дамытуға ерекше көңіл бөлінгенін және бұл жұмыстардың әрі қарай жаңа қарқынмен жалғасатынын жеткізді.
Дархан Сатыбалды сарыағаштықтарға өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен атқарылған жұмыстар жайлы баяндады. Сонымен бірге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйек айындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауына сәйкес атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Мемлекет басшысының тарапынан қойылған міндеттер еліміздің экономикалық өсімін жеделдетіп, халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Әкімнің нәтижелі еңбек етуі халқының қолдауына байланысты екенін айтқан облыс басшысы, халықты бірлікке, ұйымшылдыққа шақырды.

Осыған дейінгі халық пен әкімнің кездесуінде көтерілген мәселелердің басым бөлігі шешімін тапқан. Атап айтқанда, Жібек жолы ауылдық округінің Дихан баба елді мекенінде кітапхана және мәдениет үйін салу мақсатында қажетті 340,4 млн. теңге қаралды. Құрылыс жұмыстары басталды. Көктерек кентін сапалы электр желісімен қамтамасыз ету мақсатында республикалық бюджеттен 2022 жылы 200 млн. теңге қаралды. Қыркүйек айынан бастап ескірген электр желілері мен бағаналарын жаңарту жұмыстарын жүргізуде.
Сарыағаш ауданында 7 мектептің құрылысы жүргізілуде. 4 мектеп биыл пайдалануға беріледі, қалған 3 нысан келер жылға өтпелі. Ауданда бір ауысымда 25 адам қабылдайтын 3 дәрігерлік амбулатория салынуда. 8 елді мекенді ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізілуде, жалпы құны 4 725,4 млн. теңге құрайды. Ұлттық қор есебінен 1 580,5 млн. теңге және облыстық бюджеттен 2 млн.теңге бағытталды.
Сарыағаш қаласында өнімділігі тәулігіне 3400 текше метр кәріздік тазарту құрылысының жұмыстары жүргізілуде. Нысан 2023 жылға өтпелі. Сарыағаш ауданында 6 елді мекенде электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізіліп, биыл 1 нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 13 елді мекенде 30 жоба іске асырылуда. 9 мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Мәдениет үйлері салынып, жолдар жөнделуде.

Мемлекет басшысының Жарлығымен әкімдердің халықпен кездесулері тұрақты түрде өткізіледі. Кездесулердің өткізілетін орны мен уақыты ресми интернет-ресурстарда, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен әкімдіктердің әлеуметтік желілеріндегі парақшаларда алдын ала жарияланады. Бұл кездесулердің ерекшелігі – ашықтық. Яғни, кездесудің төрттен бір бөлігі өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы баяндаманы таныстыруға арналса, қалған бөлігі «сұрақ-жауап» форматында өткізіледі.

Өңір басшысы Жібек жолы ауылдық округіндегі ерте көктемгі дақылдардың көшеттерін дайындаумен айналысатын «Agro Tur» шаруа қожалығының да жұмысымен танысты. Кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетінін айтты.

Соңғы үлгідегі автоматтандырылған мұндай өндіріс орны еліміз бойынша алғаш рет Сарыағаш ауданында ашылған.