ТҮРКІСТАН: МАҢЫЗЫ БАР ӨНІМДЕРДІҢ БАҒАСЫ ТӨМЕНДЕУДЕ

Жыл басынан бері 21 мамырға дейін республикада әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының өсуі 0,2%-ға дейін баяулады. Өткен аптада көрсеткіш – 0,1% құрады.
Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қазіргі бағасы қатысты жағдай 25 мамыр, сенбі күні Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кезекті кеңесте қаралды.
Бұл жөнінде Мемлекет басшысы үстіміздегі жылдың басында үкімет сағатында нақытылап айтты. «Инфляцияны тежеу қажет. Биыл оны кемінде екі есеге төмендету керек. Ең алдымен, азық-түліктің бағасын реттеу аса маңызды. Сол себепті агроөнеркәсіп кешенін және сауда-саттықты дамыту – негізгі басымдықтың бірі», — деді Қ. Тоқаев.
Мемлекет басшысы ішкі нарықты өз өнімдерімізбен барынша қамтамасыз етуді тапсырды.Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру керек.
Бір апта ішінде қырыққабат бірден 10,4%-ға арзандады, оған Түркістан облысында жаңа өнім алу әсер еткен. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова атап өткендей, қырыққабатты сатып алуға сауда желілері қосылды, ішкі нарық жаппай толығып жатыр. Күнбағыс майы (-0,6%), қарақұмық жармасы (-0,4%), С1 санатындағы тауық жұмыртқасы (-1,4%) бағасының төмендеуі жалғасуда. Сонымен қатар «төмен бағалар» тобында сүзбе (-0,2%), тауық еті (-0,2%), айран майлылығы 2,5% (-0,4%), тұз (-0,1%) және 1 сұрыпты бидай ұны (-0,1%) бар.
Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан тұрақтандыру қорларындағы көкөніс қорларының көлемі бойынша деректер айтылды. Өңірлерге күзгі өнімді келесі маусымаралық кезеңге жеткізуге форвардтық шарттар жасасу бойынша жұмыс жүргізу тапсырылды. Серік Жұманғарин өңірлерге алдағы апта ішінде бағаны тұрақтандыруды қамтамасыз етуді және қажетті көлемде жаңа өнім жеткізуді жеделдетуді тапсырды.
Үкімет тапсырмасына орай азық-түлік бағасын тұрақтандыруға жергілікті билік тарапынан шаралар атқарылуда. Солардың бірқатары: жәрмеңкелер өткізіп халықты арзан азық түлікпен қамту болса, бірқатары Тұрақтандыру қоры арқылы жүзеге асуда. Осы ретте Түркістан облыстық ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесін айту парыз. Түркістандағы «ЭКО базар» аумағында әр аптаның жұма-сенбі күндері ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілуде. Апта сайын аудандардан ауыл шаруашылық өнімдері келіп, базардағы бағадан 10-15% төмен бағада сатылуда.
Үш жыл бұрын үкімет тапсырмасына орай, облыстарда азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында қорлары ашылып, бағаны тұрақтандырудың механизмі қарастырыла бастады. 2019 жылғы 4 қарашадағы облыс әкімінің №253 қаулысымен азық-түлік бағасын тұрақтандыру қорын қалыптастыру және пайдалану механизмдері бекітілген болатын. Қор басшының айтуынша: қорға сатып алу-сатуды жүргізу, екінші тетігі айналым схемасы бойынша кәсіпкерлік субьектілерін айналымға қарыз беру арқылы бағаны тұрақтандыруға ықпал жасап келеді. Қорға 2015 жылы 1млрд 840 млн теңге қаржы бөлінген екен. Содан бері қаржы бөлінбеген. Қор біраз жыл осы қаражатпен жұмыс істеп келген. Былтыр ол қаржыдан кәсіпкерлік субьектілеріне қарыз беріліп, қалада 13 әлеуметтік дүкен мен 5 ірі: «Бәйтерек» «Шапағат», «Дастарқан», «Береке», «Дәулет» сауда маркеттеріндегі әлеуметтік бұрыштарда Қордың өнімдері белгіленген бағада сатылып келгендігін жыл басында Қор басшысы БАҚ өкілдерімен өткізген брифингте мәлімдеген еді.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы бойынша Түркістан үшінші орында. Бүгінде Түркістан облысында 30 әлеуметтік дүкен бар. Онда 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары сатылады. Бағасы нарықтан 20-30 пайыз төмен. Жалпы, тұрақтандыру қорында 4374,4 тонна тауар сақталған екен. Алдағы уақытта мұндай дүкендер саны – 50-ге жетпек. Бұл жайында «Түркістан» ӘКК» АҚ тұрақтандыру қоры департаментінің директоры Лаура Жанасбаева мәлімдеді.
Біз осы ретте «Түркістан» ӘКК Тұрақтандыру қорының басшысы Лаура Жанасбаевамен тілдесіп, азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша қазіргі жағдайды анықтаған едік.
– Бағаны нарық, базар белгілейді. Соған қарамастан, біз жұмыс істеп жатырмыз. Біз кәсіпкерлерге айналым схемасы есебінен қарыз беру арқылы бағаны тұрақтандыруға ықпал етеміз. Қор өткен жылы айналым схемасы бойынша берілген 640 млн теңге қаражатпен жұмыс істеген. Айналым схемасы есебінен тұрақтандыруға берілген бұл қаражат облысты қамтуға жеткіліксіз болғандықтан, жаңа есеп жасалды. Осы есеп бойынша 190 мыңнан астам тұрғыны бар Түркістан қаласының 1 айлық қажеттілігінің 30 пайызын қамтамасыз ету үшін 1,5 млрд теңге көлемінде жергілікті бюджеттен қаржы сұралған болатын жыл басында. Бұл мәселе осы жылдың мамыр айындағы облыстық Мәслихат сессиясында қаралып 1 млрд теңге қаржы бөлу туралы шешім шықты. Аталған қаражат ӘКК-нің есеп шотына маусым-шілде айларында түсті. Бұл қаражатты бірқатар маңызды азық-түлік өнімдерін тұрақтандыруға: нақты айтқанда нарықта бағасы шарықтап кеткен қант бағасын тұрақтандыруға жұмсадық. Яғни, айналым схемасы бойынша көтерме сауда ұйымы «Алға компани» ЖШС-ға 214,2 млн теңге көлемінде қарыз берілді. Соның нәтижесінде өңірде көптеген дүкендерге тонналап қант жеткізіліп, жәрмеңкелерде сатылып, бүгінде қант бағасы біршама тұрақтанды. Қазір қант бағасы 420 теңгеден сатылуда. Одан кейін осы айналым схемасымен екінші займды біз «Әбеке»шаруа қожалығына 13,8 млн теңге көлемінде жұмыртқаның бағасын тұрақтандыру үшін бердік. Қазіргі нарықта жұмыртқаның данасы – 55-62 теңге аралығында болса, біздің әлеуметтік дүкендерде 37 теңгеден сатылуда. Сонымен қатар, шаруа қожалығына көкініс өнімдерін: (картоп, қырыққабат, басты пияз, сәбіз) арзандату үшін 230 млн қаражат берілді. Бұлардың да бағасы нарықтан әлдеқайда төмен сатылуда. Картоптың килосы нарықта 140-150, сәбіз 180-200 т болса, әлеуметтік дүкендерде 110 теңгенден, пияз 75, қырыққабат 70 теңгеден сатылуда. Шаруа қожалығы алған қарызы есебінен нарықтан төмен бағада сатып отыру міндеттемесін алған. Басқа да тауар өндірушілерге қарыздар беру арқылы бағаны тұрақтандыруға қадамдар жасалып жатыр. Осы уақытқа дейін біздің тәжірибемізде сиыр етін өндірушіге қарыз беру болмаған. Қазіргі таңда осы мәселе қарастырылуда, және де сүт өнімдерін жеткізушілерге қарыздар берілетін болады. Сонымен қатар, бізге Үкімет тапсырмасына сәйкес қант зауытын қаржыландыру мәселесі тапсырылды Ол үшін келесі жылдың бюджетінен 2,9 млрд қаржы қарастырылмақ.
Қор басшысымен көктемде сөйлескенімізде дүкендердің облыс орталығы үшін аздық ететінін, алдағы уақытта олардың санын көбейтетіндіктерін айтқан болатын. Біз дүкендер санын арттыру жайының қалай жүріп жатқанын Лаура Сақтағанқызынан нақтылыған едік.
«Дүкендерге келсек, қалада бұған дейін 13 әлеуметтік дүкен болса, қала әкімінің ұсынуымен олардың саны 50-ге жеткізу жоспарланды. 2024 жылы әлеуметтік дүкендердің саны 30-ға жетті. Күні бүгінге дейін 10 әлеуметтік дүкеннің мемактісі қолымызға тиді. Олардың әрқайсысы 50 шаршы метрді құрайды. Әрі қарай жеке кәсіпкер дүкенді өз қаражатына тұрғызып, әлеуметтік маңызы бар осы тауарларды арзан бағада сатуды міндетіне алатын болады. Ол үшін біз жерді ұзақ мерзімге жалға беру арқылы кәсіпкерлердің қызығушылығын тудырып, конкурсқа қатысуға шақырып жатырмыз. Қалған 10 жердің (дүкен алаңының) құжаттары енді алынады, жерге орналастыру жобасы, т.б. құжаттарын рәсімдеу процедуралары жүріп жатыр. Келесі жылы қалған 20 дүкеннің жер телімін белгілеп, дүкендер санын 50-ге жеткізу басты межеміз болып белгіленді. Кентау да қаласынан әлеуметтік дүкендер ашу үшін әрқайсысы 100 шаршы метрден 10 жер телімі белгіленіп берілді», дейді.
Аты дардай қордың әл-әзір өз қоймасы жоқ. Қойма жайын да қозғап едік: «Қойманы әлі де жалдау арқылы пайдаланып отырмыз. Қордың өз қоймасы жоқ екені рас. Жеке кәсіпкердің есебінен қойма салу үшін 5 гектар жер телімі берілген болатын. Қазіргі таңда кәсіпкермен бірлескен жоба қойма салу жұмыстары басталды», дейді Лаура Сақтағанқызы.
Азық бағасы, оны аз да болса ауыздықтау жайы қалай болмақ? Жыл басы, оның әр жағында ақпан-тоқпан, «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер» тұсы ұзынсары келгенде қымбатшылық бір жағынан қыспай ма? Қорда арзан азықтың көлемі қанша? — деген сауалдарымызға Қор басшысының жауабы төмендегідей өрбіді.
«Қазіргі таңда Тұрақтандыру қоры қоймасында 3440 тонна көлемде өнімдер бар. Яғни, 308 млн теңгенің: картоп, сәбіз, пияз, қант, өсімдік майы өнімдері бар. Сонымен қатар 2300 тоннасы Павлодар облысынан сатып алынған, өнім жеткізуші оны шетінен тапсырысқа сәйкес жеткізіп отырады, сондай-ақ 848 тонна сәбіз, ол да тапсырысқа сәйкес шетінен жеткізіліп, нарықтан төмен бағада сатылады. «Азық-түлік келісімшарт» корпороциясынан сатып алынған 68 тонна қант бар, өсімдік майы 3,5 тонна көлемінде әлеуметтік дүкендерге таратылып, 720 теңгеден сатылуда. Алдағы уақытта бюджеттен қаржы қарастырылған жағдайда қорды жасақтау, бұдан да жетілдіруді жоспарлап отырмыз».
Қазір әлеуметтік санын көбейту бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Қазір оны осал топтағы азаматтар немесе әлсіз отбасылар ғана өнімді сатып алуға тиісті деген талап жоқ. Әлеуметтік дүкен жалпы халыққа қызмет көрсетеді. Мейлі қызметкер болсын, мейлі ол зейнеткер болсын, әлеуметтік дүкеннен әлеуметтік маңызы бар тауарларды белгіленген бағада сатып ала алады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *