Сенат Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Түркістан облысында «Оңтүстік аймақтағы агроөнеркәсіптің жай-күйі: проблемалары мен шешу жолдары» тақырыбы бойынша көшпелі отырыс өткізді.
Сенат комитетінің төрағасы Әли Бектаев өз сөзінде еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет алдына агроөнеркәсіп секторындағы өндіріс көлемін 70%-ға өсіру міндетін алға қойғанын атап өтті.
Өткен жылы Мемлекет басшысы аграрлық бизнес өкілдерімен кездесіп, агроөнеркәсіп кешенінің мәселелерін талқылаған болатын. Басқосуда ауыл шаруашылығын дамытудың түйткілді мәселелері мен перспективалары талқыланды. Кездесуде Президент былтыр ауыл шаруашылығы саласындағы өсім 9,1 пайызды құрағанын атап өтті. Оның айтуынша, егін бітік шығып, диқандар 23 миллион тоннаға жуық астық жинады. Сондай-ақ егіс алқаптарын әртараптандыру және мол өнім беретін дақылдар өсіруге көшу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Майлы дақылдар өсіретін егіс көлемі шамамен 4 есе ұлғайып, 3,5 миллион гектарға жетті. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл оң нәтижеге күнделікті еселі еңбегімен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға зор үлес қосып жүрген ауыл азаматтарының арқасында жетіп отырмыз. Сонымен қатар, Президент аграрлық саладағы бірқатар түйткілді мәселені ашық талқылау аясында қарастыруды ұсынды.
Кездесу барысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, көпсалалы «Родина» кәсіпорнының директоры Иван Сауэр, «Олжа Агро» ЖШС-нің бас директоры Айдарбек Қожаназаров, «Зенченко және К» шаруа серіктестігінің директоры Геннадий Зенченко, «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС-нің директоры Фарид Әбітаев сөз сөйледі.
Олар өндірісті әртараптандыру, шикізатты терең өңдеу және жаңа агроөнімдерді өндіру, қант саласын дамыту, тұқым шаруашылығы, мал шаруашылығы және ветеринария, сондай-ақ ішкі нарықты қамтамасыз етіп, экспорттық әлеуетті арттыру мәселелерін қозғады.
Жиын барысында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қаражат бөлу мен пайдаланудың тиімділігі, жер және су ресурстарын әділ бөлу мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
Аграрлық бизнес өкілдері ауылдарда өмір сүру сапасын арттыру, жол-көлік және әлеуметтік инфрақұрылымның, оның ішінде мектептер мен балабақшалардың жағдайын жақсарту, сондай-ақ кадр даярлау қажеттігін атап өтті.
Президент баяндамаларды тыңдап, Үкіметке айтылған барлық ұсынысты назарға алуды және кәсіпкерлердің пікірін ескере отырып, ауыл шаруашылығының жай-күйіне мұқият талдау жүргізуді тапсырды. Мемлекет басшысының пікірінше, агроөнеркәсіп кешені өкілдерімен мұндай кездесулерді тұрақты түрде өткізіп тұру керек. Себебі ауыл шаруашылығындағы мәселелердің шешімін табуы азаматтардың өмір сүру сапасына ғана емес, сонымен қатар елдің азық-түлік қауіпсіздігіне де ықпал етеді.
Осы тұста Түркістандағы алқалы жиында «Бірінші кезекте ауыл шаруашылығын еш кедергісіз жүргізу үшін жағдай жасау қажет. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы өнімінің өндірісі мен сапасын арттыру үшін жер мен табиғи ресурстарды пайдалану бойынша тиімді жағдайлар, инновациялық технология мен жабдықтар қажет», — деді сенатор Әли Бектаев.
Сенат депутаты Сәкен Арубаев өз кезегінде қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы саласының даму деңгейінің төмендігін атап өтті. Ескірген технология, жердің құнарлылығының нашарлығы, минералды тыңайтқыштарды дұрыс пайдаланбау оған басты себеп болып отыр.
«Сонымен қатар, тұқым шаруашылығы саласында да проблема бар. Мысалы, Қазақстандағы жоғары тұқымның үлесі 0,8%, ал элиталық тұқымның үлесі 7,1%-ды құрайды. Бұл көрші Ресейге қарағанда едәуір төмен. Демек, дәнді дақылға арналған тұқымның 40%-ын және көкөніс пен жеміс-жидекке арналған тұқымның 100%-ын импорттан алуға тура келеді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау деңгейі де төмен. Тиімді сақталатын өнім көлемі 900 мың тоннаны құрайды, бұл азық-түлік бағасына және олардың қолжетімділігіне айтарлықтай әсер етеді», — деді сенатор Арубаев.
Өз сөзінде ол аграрлық-өнеркәсіптік кешеннің мемлекеттің экономикалық тұрғыдан дамуына үлес қосатын еліміздегі маңызды саланың бірі екенін айтты. Агроөнеркәсіп кешені ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге және сол өнімді тұтынушыға жеткізуге қатысатын барлық шаруашылық салаларын біріктіреді.
Агроөнеркәсіптік кешеннің мақсаты – халықты азық-түлікпен, өнеркәсіпті ауылшаруашылық шикізаттарымен қамтамасыз ету және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін сақтау. АӨК Қазақстанда шамамен 1980 жылдардың соңында құрылды. Агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі 3 саласы бар:
1) ауыл шаруашылығы; 2) ауыл шаруашылығын өндіріс құралдарымен қамтамасыз ететін салалар тобы (ауыл шаруашылық машиналарын жасау және минералдық тыңайтқыштар өндірісі); 3) ауыл шаруашылық шикізаттарын өңдеумен айналысатын салалар тобы (жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі).
АӨК қалыпты, нәтижелі жұмыс жасауы үшін заманға лайықталған, шаруашылықты игеруге жарамды соңғы техникалармен қамтамасыз етілу керек. Бұл сала тоқтаусыз жұмыс істеу үшін 4000 түрлі техника, құрал-жабдық қажет. Қазақстанда ауыл шаруашылығына арналған техникалардың тек 400 түрі шығарылады. Сол себепті де Қазақстанда қол еңбегінің үлесі жоғары және әлі күнге дейін Кеңес Одағы дайындағын ескі техникалар қолданылып келеді. Елімізде маңызды өндірістер енді пайда болып келе жатыр.
Ауыл шаруашылығы – агроөнеркәсіптік кешеннің жетекші саласы. Оның өнеркәсіптен басты ерекшелігі – ол табиғатқа, ауа райына, топырақ жағдайына тәуелді. Саланың өндірісіне табиғи жағдайлар қатты әсер етеді. Құрғақшылық, аяз, қар басу, көктайғақ сияқты табиғи құбылыстар ауыл халқының егін өнімі мен мал басын сақтап қалуына қиындық туғызады.
Ауыл шаруашылығының дамуының 2 жолы бар:
1) Экстенсивті (жер немесе мал басының өсуі), 2) Интенсивті (техниканы, тыңайтқыштарды тиімді пайдалану)
Жер реформасына байланысты Қазақстандағы ауыл шаруашылығы 3 санатқа бөлінеді:
1) ауылшаруашылық кәсіпорындары (саланың негізгі қызметтерін орындайтын, заңды түрде жұмыс жасайтын ұйымдар), 2) шаруа қожалығы (шаруаға жарамды жерді пайдаланып, отбасылық бірлестіктер құрып, жерге ауыл шаруашылық өнімдерін егіп, өнім алу), 3) халықтың жеке шаруашылығы (бау-бақша, саяжай, олардан түскен өнім).
Сенатор сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы туралы Қазақстан халқына Жолдауын тілге тиек етіп, өңірдегі ауылшаруашылықтың дамуы үшін маңызы зор екенін айтты. Ел Президенті өз Жолдауында:
«Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы.
Қазақстанның стратегиялық мақсаты — Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл — нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет. Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады.
Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ, өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек», — деді Тоқаев.
Сондай-ақ, ол ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал екенін айтты.
«Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге, өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн. Осы ретте 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі.
Шаруалардың тәжірибесі мол, жем-шөп қоры да жеткілікті. Оған қоса байыпты қолдау шаралары қолға алынған. Осының бәрі тұтаса келе тәп-тәуір нәтиже беріп отыр. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде осы тәжірибені басшылыққа алу керек», — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев суды аз қолданатын кәсіпті дамыту туралы айтты.
«Қазіргі ауыл шаруашылығы — жоғары технологиялы сала. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет.
Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек.
Сондай-ақ, шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек. Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз. Білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдейміз. Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек.
Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар, жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн», — деді Тоқаев.
Ел Президентінің жолдауын алға тартқан Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Бағлан Бекбауов отырыс барысында салаға келетін инновация туралы хабардар етті. Су ресурстары және ирригация министрінің орынбасары Ерболат Ибрайханов су ресурстары саласындағы проблемаларды шешу туралы айтып берді. Сондай-ақ, сауда және интеграция министрінің орынбасары Айдар Әбілдабеков АӨК саласындағы өндірісті дамыту және кәсіпкерлерді қолдау қарқыны туралы баяндама жасады.
Түркістан және Қызылорда облыстары әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ Жамбыл облысы мәслихатының хатшысы баяндама жасады. Сенаторлар көшпелі отырыстың қорытындысы бойынша қатысушылармен бірге Үкіметтің атына жіберілетін бірқатар ұсынымдар әзірледі.