ХХІ ғасырда мемлекеттер арасында еңбек күші емес, білім мен технологияның дәуірі жүріп тұр. Айналадағы геосаяси жағдайдан да көріп отырғанымыздай: бүгінгінің қарулы қақтығысының өзі қара күшке емес, технологиялардың жаңалығына арқа сүйейді. Одан бөлек, климаттың өзгеруі, су ресурстарының азаюы секілді күрделі мәселелер астық өсіруде, азық-түлік өндіруде қиындық тудырары сөзсіз.
Осы мәселелерді шешу үшін қоғамда білімді мамандар даярлау сұранысы арта түспек. Қазір әр салада білім мен инновацияға негізделген жаңалыққа жаны құмар жастар керек. Әсіресе өңірлерге баратын, сонда жұмыс істейтін, өндіріске, әлеуметтік салаларда жұмыс істейтін мамандардың қажет екені талас тудырмайды. Ол үшін не істемек керек? Өңірлік жоғары оқу орындарының дамуы талапқа сай болуы үшін жағдай жасау қажет. Себебі өңірден шыққан жастар көбіне ірі қалалардағы ЖОО-ға оқуға барып жатады. Жол алыстығы тағы бар. Өңірлік ЖОО дамыту – алдымен сол өңірдегі жастардың сапалы білім алуына негіз болады. Оған қоса сол өңірге қажетті мамандықтарды оқытып, өңір нарығына керек мамандарды даярлайды.
Жалпы, университеттің бірінші және екінші міндеті білім мен ғылымды дамыту болса, үшіншісі – қоғам дамуына ықпал ету. Қоғамның дамуын іске асыру шеңберінде университет маңызды мәселелерді шешуге тікелей қатысады, әлеуметтік-экономикалық өркендеуге, оң өзгерістерге және мәдени тұрғыдан өсуге септігін тигізеді.Бір сөзбен айтқанда, өңірлердегі университеттер қоғам өміріндегі өзгерістердің индикаторы ретінде әрекет етуі тиіс.
Заман талабына сай маман даярлау әр университеттің негізгі міндеті. Ал өңірлік университет сол аймақтың негізгі проблемаларының шешу жолдарын тауып, сұранысты қанағаттандыруы тиіс.
Жуырда киелі Түркістанға өадам басқан ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек өңірлік оқу орындарын дамытуға басымдық беріледі деді.«Бүгінде экономикалық және инвестициялық саясатқа емес, өңірлерге баса назар аударылады және жоғары білім беру жүйесі осы трендтермен үйлестірілуі керек. Сондықтан қазіргі кезде Ғылым және жоғары білім министрлігі бірінші кезекте өңірлік жоғары оқу орындарын жаңғыртуға, олардың әлеуетін арттыруға және өңірлерді дамытудағы рөліне басымдық береді. Өйткені күшті университет – бұл жергілікті экономика мен индустрияның дамуына байланысты болатын күшті кадрлар», – деді С. Нұрбек.
«Оны жүзеге асырудың нақты құралы бар – өңірлік Мамандықтар атласын дайындау. Оның идеясы өте қарапайым: өңірдің жоғары оқу орындарында кадрлар даярлау жүйесі белгілі бір саладағы экономика құрылымына сәйкес келуі керек. Мысалы, Түркістан облысы. Бұл – индустриалды-аграрлық өңір. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, түрлі өсімдік дақылдарын өсірумен және азық-түлік өндірумен қатар, облыста уранды байыту, шағын және орта кәсіпкерлік бағыты дамуда. Туризм саласында айтарлықтай өсім байқалады», -деді министр.
Сонымен қатар өңірлік ЖОО-ларға квоталық гранттар беру де қолға алынған.
Олардың игеру жауапкершілігі жоғары оқу орындарының өздеріне жүктеледі. Мысалы, 2022 жылы батыс өңірлерге бөлінген 10 мың оқу грантының 2500-і ғана игерілген.Сол себепті артылған гранттарды оқу жылының ортасына келіп қалғанда басқа өңірлерге таратып беруге тура келді. Осыған орай биылдан бастап әр өңірдегі жоғары оқу орнына нақты квоталық гранттар беріледі. Ақпараттық жұмыс әлсіз. Биыл әр облыс, ауданға барып, қандай гранттар бар екенін халыққа түсіндіріп жатырмыз. Енді жыл сайын өңірдегі оқу орындарына гранттар бөлініп, оларға сол оқу орны жауапты болады. Яғни өздері түлектермен жұмыс істеп, гранттарды түсіндіру жұмыстарын жүргізеді» – деді Саясат Нұрбек.
Министр өңірлердегі университеттердің дамуы үшін жасалған қадамдарды тізбектеп шықты. Жалпы өңірлік оқу орындары аты айтып тұрғандай өңірлік жастарға арналған, сол аймаққа қажетті мамандарды даярлауға жұмыс істеуі тиіс. Тіпті болашақта пайда болатын, өңірдің даму бағытын жоспарлап, келешекте пайда болуы мүмкін жұмыс орындарына сай мамандықтарға студент қабылдағаны абзал. Біздің білуімізше қазірдің өзінде қажетті мамандықтардың тізімі даярланып жатыр. Бұл іс абыроймен аяқталып, нақты әрі керек салалардың шеберлері оқиды деген үміттеміз. Аймақтық университет инновациялық өсудің орталығы болуы тиіс. Осы ретте Түркіс тан облысы бойынша Түркістандағы Ахмет Ясауи университеті өңірлік университеттер хабына айналуы әбден мүмкін» , деді ведмоство басшысы.
Түйіндей келгенде, әлгінде айтқанымыздай, бұл ғасыр – білімділер ғасыры. Жоғары мінберден білімді дамыту, ғылымға көңіл бөлу секілді мәселелер жиі көтеріледі. Енді атқарылатын іс өңірлер мен ірі қалаларда бірыңғай болғаны абзал. Себебі сапалы білім алу үшін алыс жол жүрмей, өз топырағында өсіп-өнетіндей жағдай жасалуы тиіс. Әсіресе, өңірлік маңызы бар, ауылшаруашылық мамандарын, білікті инженерлер мен құрылысшылар, мұғалімдер мен әлеуметтік мамандарды даярлау қазір ауадай қажет. Ірі қалаларға шоғырланып, жұмыссыз сандалған, дипломы сандық түбінде шаң басып, білімі тозып қалған жастар қаншама. Солардың күйін кешпеу үшін нағыз керек мамандықтарды оқытуды қолға алады деп үміттенеміз. Бағдарлама бар, жүйе бар, тек істі соңына дейін жеткізіп, абыроймен атқарып шықса, бұл үдерістің нәтижесі көп күттірмейді. Өңірлік даму, экономикалық дүмпу пайда болғанда ғана халықтың әлеуметтік жағдайын бағамдауға болады. Әр өңірде өз халқына жұмыс табылса, білімді ұрпақ болса, ол жердегі тұралап қалған салалар да қарыштап дамитыны анық.