ҚАҢТАРДА СУЫРЫЛЫП ШЫҚҚАН ЕҢ ҮЗДІК ДЕПУТАТ

 

 

Биылғы жылы ҚР Мәслихатының құрылғанына — 30жыл толып отыр. Орда бұзар отыз жастағы құрылым осы уақыт аралығында еліміз тағдырында шешуші рөл атқаратын  күре тамыр  биіктерге қол жеткізді. Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған қаншама игілікті істер атқарылды. Билік тармақтары арасында тепе-теңдік орнатып, ықпалды басқару жүйесін қалыптастырып отырған Парламенті, есеп беретін Үкіметі бар тұжырымға негізделген құрылымда билік пен халық, қоғам арасындағы алтын көпір — депутаттардың бүгінгі таңдағы рөлі қандай? Адамдар құқығын қорғау саласында  маңызды қадамдар жасауда, әділдік пен заң үстемдігін орнатуда халық қалаулыларының қосып отырған үлесі қандай? Депутаттық мандат иелері  мен бұқара халық арасындағы байланыс қандай деңгейде? Осы тұста мәслихат құрылымының жұмыс жүйесі, халық қалаулылары туралы қалам тербеудің де сәті түсіп тұрғандай. Осы орайда республикалық «Айқын» газетінде жарық көрген «Адалдық — адамдықтың белгісі» атты Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөрееваның адал адам туралы аналитикалық мақаласын оқып, сырттай сүйсінгенім есіме түсіп, өзінің де жаны адалдыққа тұнған тұлға туралы жазуға бел будым. Мені өзім сырттай бір көруге құмартып жүрген осы кейіпкер туралы жазуға жетелеген тағы бір себептердің бірі, елдігімізге сын болған «Қаңтар оқиғасы» кезінде бейбіт шеруге бет алған кентаулықтарды ортаға суырылып шығып парасатты сөзімен тоқтатқан ерлікке бергісіз өжет қадамы туралы ауыздан-ауызға тараған әңгіме де құлағымызға жеткен. Айта берсек, Қалыйма Жантөрееваның бойында өзгеге үлгі боларлық ерекше қасиеттер көп. Қиындыққа мойымайтын жігерлі жан 2013-ші жылдың 1-тамызы күні Шардараға іссапар кезінде жол-көлік апатына ұшырап, он төрт жерінен жарақат алып, тар төсекке таңылған ауыр сынақты да жеңіп шығып еді. Алла мұндай қайсар да қайратты мінезді сүйген пендесіне ғана берсе керек. Сондықтан да, бүгінгі күні Түркістан облыстық мәслихатының жетінші және сегізінші шақырылым депутаты, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Түркістан облысының Құрметті азаматы Қалыйма Жантөрееваға жолығып, сұхбаттасуды жөн көрдік. Жасыратыны жоқ, Қалыйма Жантөреева қоғамда «алмас қылыштай» өткірлігімен, тіліп айтар тік мінезімен, қоғамдағы жағдайға бей-жай қарай алмайтын белсенділігімен танылған тұлға. Бұл жолы да мәслихаттық құрылымның жаңа сипатына баға бере келе: «Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бүкілхалықтық референдум жасап, заңға өзгеріс енгізгені, можаритарлық жүйенің қалыптасқаны дұрыс болды» — деп білдірді көзқарасын депутат. — Біріншіден, бұл жүйе депутаттыққа өтіп алып, халықтың алдындағы жауапкершілікке салғырт қарайтындарға тосқауыл болады, мүмкіндік бермейді. Екіншіден, бұрын депутаттыққа тек партиялық тізім бойынша өтетін болса, қазіргі өзгерістерге сай партиялық тізіммен де, халықтық дауыспен де өтуге болады. Мысалы, аудандық депутаттар жүз пайыз халықтың сайлауалды дауыс беруі арқылы, яғни бір мандаттық жүйемен өтеді. Сондай-ақ, депутаттық құрамнан қазіргі таңда жастар мен әйелдерге, мүгедектерге отыз пайыздық квотаның берілуі де оң ықпалын тигізуде. Біз бұл квотаны армандағалы қашан? Мәселен, 2003-2006-шы жылдары жалғыз әйел депутат болса, квота енгеннен кейін әйелдердің үлес салмағы он бірге жетті. Қазір облыстық мәслихатта  Инара Намазбаева, Жанар Темірбекова, Күлшат Маликова, Динара Егамбердиева және мен, бес адам бармыз. Әйелдер қауымының мәслихатта болуы ана мен бала, отбасы, ұлттық тәрбие мәселелері талқыланғанда, тереңірек зерттеу жасауға оң әсерін тигізеді. Тағы бір қуаныштысы, қазір халықтың көзі ашылған.Өз хұқықтарын талап ете біледі. Бұрынғыдай «Әйтеуір өтер», — деп сайлауға күдікпен немесе немқұрайлы қарамайды. Тіпті, депутаттыққа үміткерлердің сайлауалды бағдарламаларының тармақтарымен танысып, ұсыныс-пікірлерін білдіріп отырады. Демек, бұл дегеніңіз, біздің халықпен қоян-қолтық, тығыз араласуымыздың белгісі. Халықтың біздерге сенім артқандығының белгісі. Бұл — сайлау мәдениетінің қалыптасып келе жатқандығының белгісі. Ал, жалпы, менің өмірден түйгенім, қоғамда екі түрлі белсенділік бар. Шынайы белсенділік және көзбояушылық белсенділік. Көзбояушылық белсенділіктің бояуы уақыт өте келе ағарып кетеді. Оның суреті (картинасы) көзге ұрып көрініп тұрады. Ал, шынайы белсенділіктің артында фактор бар. Цифрлар бар. Нақты шешілген мәселе тұрады. Міне, осы шынайы белсенділік, халық қалаулысы — депутаттың шынайылығы өз нәтижесін береді. Қырағы халық өз бағасын береді. Депутат — қоғамның белсендісі. Қоғамның белсенді мүшесі. Халыққа пайдасы тиеді. Билік пен қоғам арасындағы — алтын көпір, дәнекер! Мені, екінші рет, сегізінші шақырылымға сайлаған да, таңдаған да, жетінші шақырылымда атқарған еңбегімді, адалдығымды бағалаған, атыңнан айналайын , сүйікті халқым!» — деп ағынан жарылды халқының қанынан жаралған ұлтжанды қыз Қалыйма Жантөреева. Ары қарай  жаңа ашылған кітаптай жарқырап, ынтықтырған сыр-сұхбатымыздың тереңінен сыр тартайық! Сүйікті оқырман, келіңіз, бірге сырласайық!

 

 

ӘЖЕСІНІҢ «ОБКОМ ҚЫЗЫ»

Бәріміз де шыр етіп жерге түскенде өз өміріміз, өз тағдырымызбен түсеміз. Маңдайға жазған тағдыр-талайымыз бар. «Өмір» атты үлкен айдынның тереңіне батпай жүзу үшін де қажыр-қайрат, жігер керек. Қала берді, өскен орта, ұшқан ұя, отбасындағы тәрбие мен ұлттық құндылықтардың қосар үлесі бар. Біздің кейіпкеріміз балалық шағы, өскен ортасы, жанұялық тәрбие туралы әңгімелегенде, атамыз қазақтың көрегенділігіне, даналығына, дала философиясының қате кетпейтініне тәнті боласыз. «Болатын баланың бетінен қақпа, белін бу», «Баланы жілік ұстағанынан таны», «Ақылды тентек, есі кірген соң өзі-ақ қояды», —  деген пәлсапалар талай рет өзін ақтаған. Қалыйма да «Шаңқобыз үні» — деген эссесіне өзек еткен Рәзия әжесі туралы толғана әңгімеледі. Бәлкім, оқырман көкейінде «Депутат пен әженің не қатысы бар?» деген ой да қылаң берер. Қатысы бар. Өйткені, адам бойындағы барлық қасиет отбасынан басталады.

«Мені алғаш көрген адам мінезі өте қатал деп ойлайды. Кез келген адам бетіме ойларын айта алмайды. Тіксініп тұрады. Сұстым бар. Шешемнің әкесі өте үлкен би болған. Бір ауылды аштықтан аман алып қалған. Кейіннен Қырғызстанға қоныс аударғанда, сол жақта ол кісіге ескерткіш тұрғызылған. Кейіннен Рәзия әжемнің қолында өстім. Әжем шаңқобыз тартатын. Тартқанда да керемет бір сызылған үнмен тартушы еді. Өзі де ұзын бойлы, қараторының сұлуы еді. Әжем өмірден өткенше көзкөргендер «Би атаның үйіндегі апамыз» дейтін, — деп бастаған еді әңгімесін Қалыйма замандас.

Қалыйма бастауыш сыныпты сол кезде «Отрабатта» оқып, білімін Жаңақорғанда жалғастырған. Қарағанды қаласындағы кооператив, Алматы қаласындағы экономика институттарын, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ін бітіріп, үш бірдей жоғары білім алды. Шәуілдірдің «Культхозгалантерея» базасында тауартанушыдан бастап директорлыққа дейін өсті. Білімге өте құштар болды. Математика, экономика ілімдерін қиналмай игеретін. Шығынға батқан өндірісті банкроттықтан шығарып алған кездері де бар. Яғни, экономикалық білімінің өмірде көп жағдайда пайдасы тиіп келеді десе де болғандай. Одан ойламаған жерден сырттай дауыс беру арқылы партияға келді. Бұл орайда Қалыйманың сөзге шешендігі, көпшілікті соңынан ерте алатын ұйымдастырушылық қабілеті көзге түсті ме, сол кездегі «Отан» партиясының басшысы Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловтың таңдауы оттай жанып тұрған Жантөрееваға түссе керек. Сол кезден бастап Қалыйманың партия тынысымен өрілген қоғамдық өмірі басталып кетті. Кейде ой жіберіп қарасаңыз, өмірде ешбір нәрсе кездейсоқ болмайды екен. Бала күнінде өзі бауырында өскен сүйікті әжесі «Обком қызым» дейтін. Жарықтық әжесінің аузына құдай салды ма, әлде  «Ата-балаға сыншы» деген ежелден қалыптасқан тұжырымның шындыққа айналуы  ма? Осы жұмысқа шақырған кезде әжесінің сол сөзі есіне сап ете қалған: «Е, мынау, тағдыр ғой» деп  ойлаған. Шынында да, Қалыйма бала күнінің өзінде тыныштық таппайтын тынышсыз болып өсті. Өзгелер ойын ойнауға құмартса, жауқазын жас түске дейін мектептегі сабағын оқып, түстен кейін үйірмелерді жүргізуге баратын. Тіпті, Мереке атты математика пәнінің ұстазы үйге оқушылардың дәптерін тексеруге беретін. Қыза-қыза келе, өзінің сыныптастарына баға да қойып жіберіп, мұғалімнен ескерту алған кездері де бар. Үй шаруасына құлқы жоқ Қалыйманы көрген  жеңгесі әжесіне: «Апа, үйдің тірлігіне үйретсеңізші. Ертең барған жерінде қалай болады? Не мынау?» десе, әжесі: «Обком қызым жүре берсін!» — деуші еді. Бұрынғының адамдары не деген данышпан? Не деген көреген! Ешқандай институт бітірмей-ақ тәрбие мектебінің ғылымын игерген.

 

 

ҚАЛАМГЕРЛІК ҚАНЫНА БІТКЕН ҚАСИЕТ

Қалыйма Жантөреқызымен әңгімеміз «ә» дегеннен шығармашылық туралы өрбіді. Менің көз алдымда өмірге құштар, жаны да, барлық — болмыс-бітімі де ағып тұрған мөлдір бұлақтай, ішкі жан-дүниесінен ұлттық табиғатымыздың иісі аңқыған нағыз қазақ қызы отырды. Әңгімелескен сайын  оның жүрек түкпірінен халқына, туған жеріне деген сүйіспеншілігі, ұлттық өнерге, әдебиетіміз бен мәдениетімізге деген құштарлығы арнасынан асып-төгіліп тұрғандай еді. Олай болатын жөні де бар. Қалыйма Жантөреқызы шығармашылыққа бала күнінен құштар болса керек. Жазбаса отыра алмайды. Кейде өзі үшін. Кейде басылымдарға береді. Осы жолдардың авторы, мен өзім де Қалыйма Жантөреқызының, негізінен, өз өмірі, айналасында болып жатқан оқиғалар туралы жазған «Сыңар сырға», «Ақмоншақ», «Қошқар атадағы қыз», «Жалғыз бүршік», «Ауылдағы айтақыр», «Ыстық сорпа», т.б. эсселерін оқып, сырттай сүйсініп жүрген оқырмандардың бірі едім. Танып- білмесем де, ауыл келбетін, ұлттық болмысымызды төгілте жазған суреткерлігіне тәнті болғанмын. Әңгіме барысында қаламгер замандасымыздың қазірдің өзінде жүзге тарта шығармашылық еңбегі, отыздан аса шағын жинақ кітапшасы жарық көргендігінен хабардар болдық. Зорланған қыз жөніндегі қысқа метражды фильмге де авторлық етіпті. Біз жүздескен күні де жазушы Мархабат Байғұт ағамыздың туған жері Пістеліден оралып, тың әсерден  айыға алмай отырған беті екен.

Келесі жылы сексен жылдығын атап өткелі отырған жазушы, талантты тұлға Мархабат Байғұт осы кеңесті Қалыйманың басқарғанын қалап:

«Денсаулығым болмай жүр. Осы кеңесті сен басқарсаң деп едім» — деп қолқа салған болатын сол бір жылдары.  Негізі, Қалыйма Жантөреева «AMANAT» партиясының жанындағы білім мен денсаулық кеңесінің жұмысына жетекшілік жасайтын. Сондықтан да кезінде бұл өтініштен бас тартқан еді. Дегенмен, алысты анадайдан болжап білетін көреген Мархабат ағамыз бұл таңдауында да  қателеспепті.  Қалыйманың жан-дүниесінің әдебиетпен бірге екендігін қалай сезіп-білген десеңізші!

 

 

«Кешегі күні өмірімде көрмеген Пістеліге Мархабат ағамыздың арқасында барып, басына құран оқып қайттық. Мархабат ағамыздың бейітіне бардық. Бейіті — кітап. Ашылып тұрған кітап. Бір бетінде — суреті. Бір бетінде — оның тамаша сөздері жазылған. О дүниеге кетсе де, кітап болып ашылып қалған азамат. Жақсы адамның жан-дүниесі ашылған кітаппен тең. Ашылған кітап жабылмайды. Ол кісі халықтың алдында мықты жазушы ретінде, танымал жазушы ретінде жүрекке кіріп, бойыңды бойлап алатын шығармасымен елдің есінде қалды. Жаңа айтып өткенімдей, миығынан жымиып алып межесіне жеткен жан. Сөз межесіне жеткен. Бұл кісі өте әділ еді. Ешкімге жалпаңдап жүгірмейтін. Біреудің шәйына сатыла қоймайтын. Өте азулы кісі. Ішінде «мен» деген өзегі болатын. Ол жібермейтін, сынбайтын. Мен солай деп түсінемін ол кісіні. Алайда, оның ішінде орындалмаған бір арманы кетті. «Қорғансыздың күні» атты Шымкент қаласында қойылған драмалық шығармасының сол кезде жаңадан ашылған Түркістан музыкалық драма театрында қойылғанын қалап еді. Бірақ, ол үшін биліктегілердің есігін қаққысы келмеген асқақ мінезі кедергі болды» — дейді  Мархабат ағасының жан дүниесін жанымен сезінген жанашыр үзеңгілес қарындасы. Пістеліде өткен  басқосуға келген Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасы бастығының орынбасары Ержан Исатаевқа да осы мәселені аманаттап, көлденең тартты Қалыйма Жантөреева.

 

 

Әңгімеміз қайта айналып рухани тақырыпқа келе берді. Бәлкім, бұл менің кейіпкерімнің кәсіби қаламгер болмаса да, жазушылықты пір тұтқан жан-дүниесінен бе, әлде рухымызды,  ұлттық болмысымыз бен құндылықтарымызды ұрпақ бойына сіңірмей ұлтжанды азамат тәрбиелеудің мүмкін еместігін жеткізгісі келген ойдан туындады ма екен? Тағы да театр қойылымы тақырыбында әңгіме өрбіп кетті. Бұл мәселеде де тәрбиелік мәні зор, берері мол дүниелерге қаржы бөлу жағдайы жанына бататынын айта келіп: «Мысалы, кейбір жеңіл әзіл, сайқымазақ күлкіге негізделген қойылымдардан қандай тәрбие алуға болады? Ал, Бөртеде үлгі алатын нәрсе көп. Бөртенің жігерінің мықтылығы, сауаттылығы, оның ақылдылығы, парасаттылығы, ешкімге бағынбайтын азаматты ақылымен иілдіргені қазақ әйелінің даналығын көрсетеді. Қойылымға риза болғандығымыз сондай, туған інімнің қызы елу бес актёрге гүл шоғын дайындап ұсынды. Ізетке найза бойламайды. Сол арқылы ықыласымызды білдіргіміз келді. Біз де сол Бөрте анамыздай, халқымыздың қамын ойлап, соның бір шетінде жүрген шығармыз» — деп жымия күлгенінде, Қалыйма замандасымның қай нәрсені болсын әріден ойлап, мың толғап шешетін жан екендігін пайымдадым.

Бірде, ертеректе, елімізге танымал тұлға Қуаныш Айтаханов ағасы  Қалыймаға Сайрам ауданының Құрметті азаматы атағын алып тұрған сәтте: «Біртүрлі екенсің өзің» — деген екен. Онысы: «Жұмысты істеуін істейсің, бірақ ешқашанда өзіңді көрсетпейді екенсің. Негізі, атқарған ісіңді көрсету керек. Ел білу керек. Ол мақтаншылық емес. Ол танымалдылық. Жұрт соған қарап, саған баға береді. Кім екеніңді біледі» — дегені еді. Ол ештеңенің парқына мән бермейтін жас кезі. Бірақ, асыл ағаның жанашыр сөзі есінде қалып қойды. Араға уақыт салып, жылдар өте келе, өмірден түйгені мол ардақты ағаның қамқор көңілмен айтқан сол бір сөздері ойына сан мәрте оралған. Шынында да, көргісі, өскісі келген адамдар өзіне кімді идеал санайды? Бұл  соңыңнан ергендерге үлгі болады екен. Сол кезден бастап ойламаған жерден журналистикамен достасып кетті. Жалпы, өзі бала кезінен әдебиетке өте құштар болды. Еркін шығарма жазатын. Мектепте Әбдіхалық, Досболов Әбілқасым деген  ұстаздары шығармаға тақырыптар ұсынғанда, Қалыйма міндетті түрде еркін тақырыпты таңдап, шығарманың  бас жағына міндетті түрде мән-мағынасы келетін эпиграф ойлап-тауып жазатын. Әдебиетке қызығушылығы өте басым болды. Тіпті, бала көңілмен өлең де жазған кездері болды. Әлі де көңілдің кейбір сәттерін жеті-сегіз буынды өлеңдер жазып, мауқын басып алатыны да бар. Алайда, жүгі де, салмағы да ауыр поэзияның соңына шындап түспеді. Бірақ, қасиетті қалам оңашада сырласатын жан серігіне айналды.

 

 

«ДЕПУТАТ – ӨЗ ДАУЫСЫН ШЫҒАРА АЛУЫ ТИІС»

Ал, енді, бүгінгі негізгі тақырыбымыз, депутаттық мандат иесінің атқарған жұмысы, осы бағыттағы ой-пайымдары туралы көпшілікті хабардар етейік. «Депутат — кім?» дегенде, ең алдымен ойға оралатын тұжырым: «Депутат — халық жанашыры». Ең алдымен, оның адалдығы, елге ашықтығы маңызды. Мемлекетке сілтеме жасамай, қарапайым адамдармен көбірек қарым-қатынас жасап, азаматтардың, елді-мекендердің көкейтесті мәселелерін шешуге белсене араласуы қажет. Сонда ғана ол өз болашағын сеніп тапсырғандарға  шын көмектесе алады. Әркім өз дауысын шығара алса болды. Өзінің дауысын көрсете алса болды. Дауыс деген сөз — міндеттемені орындады деген сөз. Депутаттың дауысы шықты деген сөз, ол халықтың алдында, халық сенімін ақтады деген сөз. Сонда ол өз платформасында қандай мәселелерді алға тартты? Облыстың сайлауалды платформасын толық қорғауға қызметке енді кіріскен Алтынсары Үмбеталиев екеуміз апардық. Жайлы мектебі бар, жолдары бар, соның бәрін тиянақтап айтып  қорғап шыққан. Қазір соның бәрі орындалып жатыр. Сайлауалды бағдарламаның орындалуынан кейін қалып келе жатқан жоқпыз. Депутатқа, біріншіден, білім керек. Екіншіден, тәжірибе керек. Үшіншіден, мінез керек. Үшеуі де керек. Төртіншіден, шешендік керек. Кейбіреулер істеген тірлігін көзге көрсете алмайды, сөзбен жеткізе алмайды. Мен де бұрын сондай едім. Өзім тірлік істеп, айтпай жүре беретінмін. Жұрт біледі деп. Сөйтсем, олай емес екен. Сенің ақ тер, көк тер болып атқарған жұмысыңды өзге біреудің иемденіп, айта салатынын да көріп жүрміз. Қағаз ғана әділ сөйлейді. Депутат болып менің істеген ісім көрінді. Бұрын білінбейтін. Осы тірліктерді депутат болмай-ақ та осыларға жеткізіп істеп жүрген адам едім. Қоғамды біріктіруде рөлім өте жақсы болды. Бизнесмен болдым. Базаның директоры да болып қызмет істедім. Бірақ, менің жолым осы екен. Негізінде, мен қай өнерді де білуге ұмтылып тұрамын. Бұл бала кезімнен қалыптасқан қасиет. Тігінді де жақсы көремін. Яғни, киімнің дизайнын айта аламын. Эксклюзив киімдерді жақсы көремін. Ұлттық нақышта тігілген ешкімде жоқ киімдерді жақсы көремін. Суреттерін көзіммен жеткізіп саламын. Қызым бар кезде ол салатын. Сонан соң тігетін. Біздің отбасының кіріс көзі сол еді. Ұлттық бір кәсіп. Әйелдің кәсібі. Қазақ қыздары соны үйренсе деймін. Мен көп елде болдым. Әсіресе, Қытайдағы өнер мектебі маған ұнайды. Кез келген қыз инені түрте білу керек. Қазақта «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген даналық сөз бар. Тіпті болмағанда, ең жұмыс жоқ дегенде тігінші болу керек. Далада қалмайсыз. Мен гректермен жұмыс істедім. Солар айтады: «Сауданың институтын бітіріп, ақымақсыз ба? Кез келген шетелдік, әрбір екінші адам саудагер, сатушы. Оқыған да, оқымаған да. Оны оқудың керегі жоқ. Ақша болса, тілін білесің. Ақша ақшаны шақырады. Кете береді» — дейді. Ал, мына қызмет ету саласы ешқашан өшпейді екен. Шаштараз, киім тігу, дәрігерлік, ине егу сияқты ұсақ, майда болса да, ешқашан өшпейді. Оны халық  қашанда қажет етіп отырады. Яғни, тұрмыстық қызмет барлық уақытта керек. Олардың құны ешқашан түспейді. Соған біз баулуымыз керек. Соған біз кәсіптік бағдар беруіміз керек. Біз кәсіптік бағдар бере алмаймыз. Баяғыдағы агроном, ветеринар,зоотехник мамандықтарымыз қайда? Бұрын ең төмен оқитындардың өзі СПТУ-ді бітіріп, әртүрлі мамандық алып шығатын. Техниканың тілін білетін. Одан ешкім жаман болған жоқ. Олар деген озды ғой ең соңында. Техниканың тілін білген адам далада қалмайды. «Өнерді үйрен де жирен» — деген осы. Өте жақсы айтылған. Мысалы, жүн, терілерді өңдейтін орындар болса, қандай тамаша болар еді.

 

 

Қоғамда жүргесін осындай мәселенің бәрі толғандырады. Жеке өз басым, Парламенттегі, Мәжіліс, Мәслихаттардағы әйелдер рөлі ер-азаматтармен тең деп ойлаймын. Бірақ, бәрібір, біздің қазақи ұғымымыз бойынша ер-азаматтар әйелдерден бір иық биік. Бәрібір ер-азаматтың рөлі үйде де, түзде де жоғары тұру керек. Бала күнімізде әкеміз келмей, дастарханға отырмайтынбыз. Сол арқылы әкеміздің қадірін білетінбіз. Отбасында отағасының қадірі болуы керек. Европаға қаншалықты еліктесек те, біздің қазақи менталитетіміз сақталу керек. Бізді өзгеден өзгертіп тұрған осы әдет-ғұрпымыз, ұлттық болмысымыз. Бір сөзбен айтқанда, елдің елдігін, халықтың халықтығын сақтап қалатын қандай іс болса, соның басы-қасында жанашырлық танытатын біз болуымыз керек» — деп сыр бөлісті  Қалыйма Жантөреева. Халқын жан-жүрегімен сүйетін батыл қыз елді есеңгіреткен «Қаңтар оқиғасы» кезінде үйінде шыдап отыра алмай, түннің ішінде бейбіт шеруге шыққан Кентау қаласының тұрғындары алдында сөз сөйлеп, халықты сабырға шақырған жалғыз депутат. Кентау қаласының «ТЭЦ» жылу орталығына қаржы бөлдіріп, сақтап қалған да осы қайсар жан! Еліміздің басына күн туған су тасқыны кезінде Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы зардап шеккен ағайындарға өз отбасының атынан сегіз миллион теңгеге тұрмысқа қажетті заттар апарып, үлестіріп, ізгі ниетін білдірген. Қайырымдылық қанына біткен бе, өзім дегенге өзегін суырып беретін отбасындағы тәрбие ме, қашанда адамдарға қамқорлық жасағысы келіп тұрады. Кентау қаласындағы көпбалалы отыз отбасыға мектеп формасы мен оқу құралдарын, мүгедектерге бес қол арбасын, Кентау қаласындағы Оқушылар үйіне құны үш миллион жеті жүз мың теңгелік елу ұлттық киім, Кентау қалалық Мәдениет үйіне құны бес миллион теңгелік ұлттық киім, Отырар аудандық Мәдениет үйіне құны бес миллион екі жүз мың теңгелік құндыз жағалы ұлттық киімді өз отбасының атынан табыстады. Тағы басқа да партиялық акция аясында өткен қамқорлық шараларына белсене араласады. Қалай болғанда да, көмекке мұқтаж жанға көмек қолын созу табиғатына тән. Сондықтан да болар, «AMANAT» партиясының Орталық аппаратында арнайы депутаттар жұмысының аналитикалық талдауы бойынша рейтингіде республикалық үздіктер қатарында Түркістан облысы депутаттарының арасынан «Ең үздік депутат» рейтингісіне ие болды. Ал, ең үздік баға – өзін таңдаған сайлаушыларының кездесулерде беріп жатқан ақ  баталары мен ақжарма тілектері, жүздерінен төгіліп тұратын сүйіспеншіліктері.

 

 

P.S.

Өткен жолы ҚР Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Түркістанға сапары кезінде облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева өзін көптен бері толғандырып жүрген төмендегі мазмұндағы депутаттық сауалын жолдаған болатын:

«Түркістанды Түркістан етіп танытқан Ясауи рухы екенін барша жұрт мойындайды. Алайда, Түркістанның киелілігі Ұлы баба атымен, осында жерленген хандар мен билердің атымен шектелмеуі тиіс. Қазақ елі бодандықта жүргенде миллионнан суырылып шығып тәуелсіздіктің дәнін сепкен намысшыл Алаш арыстары, Түркістанды әлемге танытқан Мұстафа Шоқай сынды дара тұлғаларымызды әлемге таныту тәуелсіздіктің рахатын көріп отырған бәрімізге аманат, дәріптей алмасақ бағалаудың аздығы, ұлтқа сын. Мысалы Мағжанның саябағы Түркияда ақылдасу, кеңесу алаңына айналған. Өзге елде біздің Алаштықтардың қадірін біліп отырғанда біздің қарап отырғанымыз болмас.

Ұсынысым:

1.Қазақтан шыққан арыстарымыздың тізімін жасау үшін ғалымдарды жұмылдыра отырып, арнайы комиссия құру;

2.Арыстарымыздың бір уыс топырағын әкеліп белгі қою;

Мақсат: Түркістанның рухани астана ретінде мазмұнын ашу, ауқымын кеңейте отырып, танымалдылықты арттыру, ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеу.

Нәтиже: Жоба жүзеге асырылған жағдайда Түркістан Рухани Астанамыз түркі әлемінің үлкен символдық капиталы, әрі қаржы көздерінің бірі болатыны анық. Түркістан еліміздің ішкі туризмінің ең тартымды орындарының біріне айналып, ескіміз қайта жаңғырып, руханиятымыздың мызғымас діңгегіне айналатыны сөзсіз деген ұсынысымды жаздым. Мәулен Сағатханұлына бұл ұсыныстарым ұнады. Енді  шешімін күтеміз», — деді қоштаса тұрып Қалыйма Жантөреева. Осылайша оның қайсарлығы мен ізденуден танбайтынына, руханият шамшырағын сөндірмейтін қайратты жан екеніне көзіміз жетті.

Роза НАРЫМБЕТОВА,

Түркістан.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *