ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында негізінен тиімді, әділ, ашық, қоғамның сұраныстарына жедел ден қоятын, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты бойынша жұмыс істейтін мемлекеттік аппаратты қалыптастыру міндеті қойылған.
Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құрады… Ең бастысы, біз мемлекеттік аппарат өкілдерінің сана- сезімін өзгертуге баса мән беруіміз қажет. Олар туған-туыстарының арасында не болмаса қоғамда абырой-беделге ие болуды емес, ең алдымен, халыққа, елге адал қызмет етуді мақсат тұтуы тиіс. «Адал азамат» дегеніміз – осы» деп атап көрсетті.
Мемлекеттік қызмет қоғам өмірінің барлық саласын қамтитыны белгілі. Елімізде көрсетілетін мемлекеттік қызмет саны – 1323 болса, соның 400-ге жуығы облыстық деңгейде көрсетіліп отыр.
Ал, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын қадағалау, қызмет алушылардың бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды және қалпына келтіруді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және оның аумақтық департаменттері жүзеге асырады.
Өз кезегінде, агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаменті облыс көлемінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау және бақылау, халыққа сапалы қызмет көрсету, оған қолайлы жағдайлар жасау және қызмет көрсету рәсімдерін жетілдіру, қызмет алушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бағыттарында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Өткен жылы департаменттің қарауына мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша 157 арыз түскен. Оның басым бөлігі, яғни 42%-ы жер қатынастары, геодезия және картография салаларына тиесілі.
Мәселен, департамент жер учаскесін ақпараттық жүйеде келісуге қатысты 3 қызмет алушының шағымын қарады. Нәтижесінде, қызмет беруші ұйым аталған азаматтардың біреуіне
2 айға жуық жауап бермегені, ал, басқаларына қызмет көрсетудің мерзімдерін сақтамай жауап бергені анықталды.
Тексеру нәтижесінде қызмет алушылардың құқықтары қалпына келтірілді.
Лауазым иелерінің азаматтарға мемлекеттік қызметтерді сапасыз ұсынуы, негізсіз бас тартуы, әуре-сарсаңға салуы олардың мемлекеттік ұйымдар мен қызмет көрсетуші мекемелерге деген сенімсіздігін тудыруы мүмкін екенін ескеру қажет.
Дегенмен, мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде төрешілдік пен сөзбұйдаға салу көріністеріне жол бермеу қағидаларын ұстанбау деректері кездесіп қалып жатады. Мәселен, биылғы жылдың өзінде-ақ, департаментке мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша 30-дан аса шағым келіп түсіп, олардың ішінде 6 азаматтың құқықтары қалпына келтірілді.
Бұдан бөлек, департамент мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне сыртқы мониторинг жүргізу арқылы да азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған жұмыстарды жүргізуде. Жақында қашықтан жүргізілген мониторинг нәтижесінде мемлекеттік орган комиссия құрамының толық жиналмауын алға тартып, кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті бірқатар қызмет алушылардың жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден негізсіз бас тартқаны анықталды. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша аумақтық департамент көмегімен қызмет алушылардың құқықтары қалпына келтірілді.
Осы бағыттағы үздіксіз жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері 700-ден аса заң бұзушылық анықталып, 34 қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Жалпы, азаматтар мемлекеттік қызмет алу барысында мемлекеттік органдар мен қызметшілер тарапынан негізсіз бас тарту, әуре-сарсаңға салу, артық құжаттар сұрату, өтініштерді қабылдау, заңнамалармен көзделмеген талаптар қою сияқты, т.б. деректермен біздің департаментке өтінішпен жүгіне алады.
Осы тұста облыстың барлық ХҚКБ, Мамандандырылған ХҚКБ, Жер кадастры және тіркеу, Әлеуметтік сектор бөлімдеріне, аудан, қала, ауыл округтері әкімі аппараттарына, қызмет көрсетуші барлық ұйымдар ғимаратының көрнекі жерлеріне департаменттің сенім телефоны көрсетілген ақпараттық баннерлер орналастырылғанын айта кетейік. Осының арқасында күніне 5-10 азамат департаменттің сенім телефонына хабарласу арқылы өздерінің көкейде жүрген сұрақтарына жауап алуда. Сол сияқты, қызмет көрсету мәселелері бойынша арнайы телеграм каналы іске қосылып, оған барлық қызмет көрсетуші мекемелердің қызметшілері мен ерік білдірген қызмет алушылар қосылған.
Осы орайда, мемлекет тарапынан азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуы мен сеніміне ерекше басымдық берілгенін, мемлекеттік қызмет көрсету барысында бюрократияға жол берілмейтінін атап өткен жөн. Өңір тұрғындарының сапалы мемлекеттік қызмет алуы департамент қызметінің басымдықтарының бірі болып табылады.
Гүлнұр ЕДІЛҚЫЗЫ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы
бойынша департаменті мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының бас маманы.