ШАРДАРА АУДАНЫНА ҚАРАСТЫ ЖАУШЫҚҰМ ЕЛДІ МЕКЕНІНЕ ГАЗ БЕРІЛДІ

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы партиямыздың Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі өңірлік Жол картасына енген әрбір тармақтың орындалуын жіті бақылауында ұстап, белгіленген индикаторлық көрсеткіштерінің атқарушылық деңгейін жүйелі назарына алған. Соның ішінде облыс елді мекендерін газбен қамту мәселесі – партиялық құрылымдардың ерекше қадағалауына алынған.

Партия бекіткен Жол картасының нақтылы іске асырылуы шеңберінде Шардара ауданының Жаушықұм елді мекені орталықтандырылған табиғи газ жүйелеріне қосылды. Екі жарым мыңға жуық тұрғыны бар ауыл халқын игілікті істің аяқталуымен Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев құттықтады. Аудан басшысы Жаушықұм ауылдық округін газбен жабдықтау жұмыстары өткен жылы басталғанын хабарлап, құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген мерзімде аяқталғанын жеткізді.

Аудан әкімінің хабарлауынша, аудан тұрғындарының газбен қамтылу деңгейі жыл басындағы 94 пайыздан 97,1 пайызға жеткізілмек. Бұл бағытта Қауысбек Тұрысбеков ауылдық округінің Ақберді елді мекеніне газ жүйелерін тарту жұмыстары атқарылмақ. Тұрғындардың сұранысымен, облыстық және жергілікті атқарушы билік пен өкілді органдардың күш біріктіруімен, партияның үлес қосуымен атқарылып жатқан бұл жұмыстар ауылдардың инфрақұрылымын қалыптастырып, ауыл тұрғындарының өзекті деген мәселесін түбегейлі шешуге ықпал етеді.

Ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартып, тұрмысын түзеуге бағытталған іс-шараларды аманаттық өкілдер тұрақты назарына алып, жүйелі іске асырылуына алдағы уақытта да үлестерін қоса бермек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *