ҰЛТ ҰСТАЗЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Түркістан қаласында орналасқан  «Farab» ғылыми кітапханасында ҚР Халықтарының тілдері күніне орай «Ахмет Байтұрсынұлының тіл мұрасы» атты әдеби іс шара өтті.
Іс шараға қалалық ардагерлер ұйымы кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, Республикалық «Қарашаңырақ» қоғамдық бірлестігінің Түркістан аймақтық төрайымы Алима Пашанова, Түркістан облысы мәслихатының депутаты Инара Намазбаева, Түркістан қаласының әжелер алқасының төрағасы Балтагүл Оспанова, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Зікірия Жандарбек, Түркістан қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Мақсұт Атамбаев тағы да бірқатар қаламыздың құрметті азаматтары, қоғам және мәдениет қайраткерлері қатысып, кітапхана оқырмандарымен кездесті. Іс шараға келген қонақтар кітапхананың мол қорымен танысты.
Кешті бұқаралық көрмелік іс шаралар секторының меңгерушісі Пернекүл Нәлтаева жүргізді. Қала зиялылары өнегелі сөздерімен іс шараны ашып берді.
Кездесу барысында қала зиялылары мен қаламгерлер рухани көсемнің өмір жолы мен шығармашылық тағылымы тақырыбында әңгіме өрбітті. Ұлт ұстазының саналы ғұмырын ұлықтап, қазақ тілінің мәртебесін көтерудегі жанқиярлық ерлігін де еске алды. Қала жастарына өткен тарихымыздың терең қатпарында жатқан бабалар аманатын насихаттап, жастардың өн-бойындағы отаншылдық рухты оятты.
Шараға қатысқан оқушылар көркемсөз оқып келген қонақтарды тебірентсе, қаламыздың жас әншісі Ерасыл Қайратұлы патриоттық әнімен кеш сәнін кіргізді.
Сондай-ақ, қатысушылар, қаламыздың жас қаламгерлері Санжар Ғұлама мен Ақмарал Ғаниқызы тіл туралы өлеңдерін оқып, жырдан шашу шашты.
Шара соңында өнер көрсеткен жас дарындарды кітапхана директоры Жанат Шардарбекова арнайы алғыс хаттармен марапаттады.
Шараға жиналған қауым рухтанып, кештен алған ерекше әсерлерімен бөлісті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *