ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ТҮРКІСТАННАН ҚОСТАНАЙҒА ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен және «AMANAT» партиясы Түркістан өңірлік филиалының ұйымдастыруымен Қостанайда орын алған апатты жағдайға байланысты гуманитарлық көмек жіберілді. Атап айтсақ, Мақтаарал ауданы, Арыс және Түркістан қалаларында орналасқан қабылдау пункттерінде 72 тоннадан астам азық-түлік өнімдері мен ауыз су, жеке гигиеналық заттар мен төсек жабдықтары жиналған болатын. Облыстық партия филиалының Атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаевтың айтуынша, бүгін жолға шыққан жүк көліктері Қостанайдағы қиындыққа душар болған жандарға жәрдемдесуге үлес қоспақ. Сондай-ақ, бірлік пен берекені ту еткен түркістандық жұртшылықтың қостанайлықтарға алғашқылардың бірі боп көмек қолын созғанына құрметпен қарайтынын жеткізді.
– Қостанайдағы төтенше жағдай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында. Партия Төрағасы Ерлан Қошанов филиалдарға тапсырма жүктеп жедел әрекетке көшті. Облыстық партия филиалы жанынан ашылған қабылдау пункті 4 қыркүйектен бастап гуманитарлық көмектер қабылдауда. Алғашқы күннің өзінде қалалық мәслихат депутаттары, жергілікті жомарт азаматтар ең қажетті және жолға жарамды заттармен қамтып үлгерді. Бірнеше жыл бұрын өңірімізде орын алған төтенше жағдайда ел бірлігі мен нақты көмектерді көрдік. Жақсылыққа екі есе жақсылықпен қайыруға тырысатын халықпыз. Бір тәуліктің ішінде Мақтаарал ауданы, Арыс және Түркістан қалаларынан жалпы 4 жүк көлік гуманитарлық көмек жиналып, Қостанайға жолға шықты. Осы істерге атсалысқан азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Төтенше жағдай тұрақталғанға дейін гуманитарлық көмектерді ұйымдастыруды жалғастырамыз және барша түркістандықтарды игі бастаманы қолдауға шақырамын, – деді Б.Тәжібаев.
Сонымен қатар, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова бастаған ұстаздар тобы гуманитарлық көмек үшін 400 дана көрпе-төсек жеткізсе, білім ордасындағы 500 мұғалім 1 күндік жалақыларын “Biz birgemiz” қорына аударды. Бұдан бөлек облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері де киім-кешек, азық-түлік тауарларын қосса, қаламыздың бас имамы М.Ергешбайұлы бастаған имамдар мен мешіт жамағаттары жүк көліктерін жеке қолданысқа қажетті заттармен, киімдермен толықтырды. Айта кетейік, «Жастар Рухы» жастар қанаты аймақтық филиалының белсенділері өңір атынан жолға шыққан көмекті Қостанай облысына дейін жеткізуге және зардап шеккен жандарға көмек көрсетуге Қостанай қаласына аттанды. Сонымен қатар, «Түркістан» қалалық газетінің ұжымы да қостанайлықтарға арналған көмекке атсалысуда. Тілсіз жауды тізгіндеуге үлес қосқан жандарға алғыс білдіре отыра, елімізге тыныштық, жерімізге амандық тілейміз!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған