ТҮРКІСТАН: ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ ҚЫРКҮЙЕК АЙЫНАН БАСТАП ТОЛЫҚ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Мемлекетте іске асып жатқан саяси-экономикалық және әлеуметтік реформалар әділдік қағидаттарына негізделген тең мүмкіндіктер қоғамын қалыптастыруға, инклюзивтік орта құруға бағытталған. Мемлекет басшысы адам және оның өмірін еліміздің басты құндылығы ретінде атап көрсетіп, ұлт саулығын көтеру – қоғамның орнықты дамуының басты көрсеткіші деген болатын.

«AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі ретінде елімізде әлеуметтік әділеттілік принципін орнықтыруға жәрдемші болып отырған ең ықпалды саяси ұйымдардың бірі. Бұл бағытта партияның саяси тұғырнамасында әрбір азаматтың лайықты медициналық көмекпен және ыңғайлы әлеуметтік ортамен қамтылуын үйлестіру міндеті белгіленген. «AMANAT» партиясының 2023–2027 жылға дейінгі «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында денсаулық сақтау, медицина және халықты әлеуметтік қолдау саласындағы нақтылы индикаторлар белгіленіп, олардың іске асырылуы партия өкілдерінің тұрақты назарына алынған.

Партияның сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасының маңызды тармағы ретінде Сауран ауданы, Ораңғай елді мекеніндегі мүмкіндігі шектеулі ересек тұрғындарға арналған оңалту орталығының құрылысы енгізілген. Жоба бойынша мұнда бір мезетте 200 пациент қажетті ем процедураларын алып, оңалту шараларымен қамтылмақ. Айта кету керек, Түркістан қаласының іргесінде салынған бұл нысан тұрғындардың  сапалы арнаулы әлеуметтік қызмет алуына мүмкіндік жасап, олардың денсаулығын жақсартуға көмегін тигізеді. Бұл нысан, сондай-ақ, партиямыздың
бастамасымен іске асырылып жатқан «Кедергісіз келешек» жобасының тиімді іске асырылуының бір мысалы
болмақ.

Партиялық бақылауға алынып, құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталу сатысына жеткен нысанның дайындығын көруге «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев арнайы барды. Облыс тұрғындары үшін маңызды нысанның қазіргі жай-күйі және қажетті жабдықтармен қамтылуы, ғимаратты басқарманың жауапкершілігіне алу бағытындағы ұйымдастыру жұмыстарының барысы жөнінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров аумақтың қажетті инфрақұрылыммен қамтылуын баяндап, көркейту және абаттандыру жұмыстарының атқарылу барысын таныстырды.

Нысан құрылысын облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен «Шымкент Құрылыс» ЖШС-і жүргізді. Құрылыс жұмыстарының барысын осында қойылған партиялық бақылау бекеті қадағалауда ұстап, кездескен өзекті проблемалардың дер кезінде шешім табуына үлес қосты. Заманауи стандарттар бойынша бой көтерген ғимаратта жаттығу залы, бассейн, су процедураларын алу бөлмелері, асханалық кешен, фитотерапия алуға мүмкіндік беретін гүл өсіру кешені сынды оңалту шараларына қажетті блоктар бар. Қазір әр бөлмені қажетті құрал-жабдықтармен және жиһазбен толтыру жұмыстары атқарылуда. Орталық алғашқы пациенттерін қыркүйек айынан қабылдай бастайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *